Basty bet
Тазалық пен тәртіп – мәдениеттіліктің өлшемі
өңірде республикалық «Таза Қазақстан» акциясының аясында жұмыстар атқарылу үстінде
Алатау мен Қаратаудың түйіскен тұсындағы әсем мүйісте орын тепкен қасиетті өңір Жуалыдай жазиралы өлкенің табиғат сұлулығына тамсанбайтындар кемде-кем шығар, сірә?! Қаймағы бұзылмаған қазақи дәстүр-салттың, өзара тату тірлік пен береке-бірліктің бесігі – Жуалы өңірінде республикалық «Таза Қазақстан» акциясының аясындағы экологиялық іс-шаралар қызу басталып кетті.
Аталған акцияның бастау алар тұсында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қалалар мен ауылдардың сәулетті, саябақтар мен ауланың таза болуы, ең алдымен, басқа біреуге емес, өзімізге керек. Азаматтарымыз қоғамдық орындар мен қоршаған ортаға жанашыр көзбен қарауға тиіс» деп атап өткен болатын.
Акцияны өткізудегі басты мақсат-міндеттерге тоқталатын болсақ, ағымдағы жылдың 8 сәуір күні елдің бірнеше өңірінде бастау алған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының ел өміріндегі және табиғатты қорғаудағы мән-маңызы ерекше деп айтуға болады. Аталған науқандық іс-шара бес аптаға созылады деп жоспарланған. Әр аптаның өзіндік тақырыбы мен нақты мақсаты болмақ.
Науқанның алғашқы күнінен 13 сәуірге дейін созылатын бірінші апта «Таза өлке» деген атауға ие. Бастапқы жеті күннің ішінде елді мекен тұрғындары, қоғам белсенділері және ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері іргелес аумақтар мен белгіленген аулаларды тазалауға міндетті.
Тазалық пен тәртіп – кез келген аймақтың табысты дамуының кепілі ғана емес, өңір тұрғындарының да мәдениеттілігінің өлшемі. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының аясындағы іс-шаралар аудан көлемінде де басталып, осыған сәйкес, қасиетті өңірде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Сәрсенбінің сәтінде аудан әкімі Жалғас Мұртазаның Үндеуінен бастау алған маңызды экологиялық шара республикалық мәндегі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомобиль жолының (аудан аумағын кесіп өтіп жатқан көлік дәлізі) бойындағы, нақтырақ айтқанда, автобанның 557-560 шақырымдарының аралығында жалғасты.
Тазалық жұмыстарына өңірдегі «Жасыл ел» еңбек жасақтары мен белсенді жастар, онымен қоса, ауданға қарасты – Нұрлыкент, Қызыларық, Ақтөбе және Көкбастау ауылдық округтері әкімшіліктерінің мамандары мен тұрғындары және «Жуалы ауданы ормандарды және жануарларды дүниесін қорғау жөніндегі» мекемесінің мамандары белсене атсалысты.
Айта кету керек, іс-шараға қатысқан азаматтар үлкен жолдың бойындағы ағаш екпелерінің арасындағы қураған, сынғандарын алып, ондағы қоқыстарды да тазартып шықты. Шараға жалпы 100-ден аса адам және қоқыс тасылмалдауға арналған жүк көліктері жұмылдырылды.
Республикалық мәндегі автомобиль жолының Шымкент бағытындағы оң жақ жол бойындағы қыстағы жел мен қатты дауылдың әсерінен құлаған ағаштарды шығару және санитарлық тазалық жұмыстары қоса жүргізілді. Жол бойында атқарылған тазалық шараларының барысын Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек және аудан әкімі Жалғас Мұртаза қадағалап, өздері де тазалық жұмыстарына атсалысты. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өзінің заңды жалғасын табады.
***
Кез келген өңірдің таза болып, көз тартарлықтай болып жайнап тұруы – ең алдымен сондағы тұрғындардың экологиялық белсенділігіне тікелей байланысты. Осы мақсатта қасиетті Жуалы өңірінің аумағын абаттандыру, көгалдандыру мақсатында 10 сәуір күні ауданға қарасты Ақсай ауылдық округінің Қайрат ауылында орналасқан даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры, қазақтың қаһарман перзенті Бауыржан Момышұлы мемориалдық музейінің ауласындағы саябақта кезекті сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды. Сенбілік аясында ағаш отырғызуға облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Қайшыбекұлы және аудан басшысы Жалғас Әлижанұлы, аудан және ауыл ардагерлері, зиялы қауым өкілдерімен қоса, аталған ауылдық округтің тұрғындары және көгалдандыру жұмыстарына жауапты мердігер мекеме, өңір жастары және волонтерлік ұйымдардың өкілдері белсене қатысып, акцияның жүзеге асырылуына өз үлестерін қосты.
Сенбілік барысында жалпы 100-ге жуық қылқан жапырақты ағаш көшеті отырғызылды. Оның ішінде, қарағай, қайың және жеміс ағаштары да бар. Мұндағы сенбілік жұмыстарына 50-ге жуық адaм және екі техника қатысты.
***
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясының ел өміріндегі және табиғатты қорғаудағы мән-маңызын ерекше атап өткеніміздей, аталған іс-шараның аясында «Таза ауыл», «Таза көше» және «Таза аула» аталатын байқаулардың негізінде өңірдегі үлгілі ауыл-аймақтардың да тазалығына, онымен қоса, ондағы тұрғындардың экологиялық мәдениетіне де баса назар аударылады. Осыған сәйкес, ауданға қарасты Б.Момышұлы және Қарасаз ең үлгілі ауылдардың бірі ретінде таңдап алынып отыр.
Өңірге қарасты таулы аймақтағы ауылдық округтерді аудан орталығымен жалғайтын Қарасаз ауылы өңірдегі үлгілі елді мекендердің бірі. 485 ауладан тұратын және 2 мыңнан астам тұрғыны бар бұл ауылда наурыз айынан бері жаппай тазалық жұмыстары жүргізілген. Оны ауыл-аймақтағы көшелер мен аулалардың тазалығынан байқауға болады. Ауылдағы үлгілі әрі таза көшелердің бірі – 30 шақты ауладан тұратын Абай көшесі. Мұндағы тазалық жұмыстары күн жылынып, көктемнің иісі біліне бастағаннан-ақ басталып, көше жыл бойы тұрақты тазаланып отырады.
Көше тұрғындарын ортақ іске, тазалық жұмыстарына жұмылдыруда белсенді азамат, ардагер ұстаз Есімхан Сеңгірбаевтың еңбегі мен өнегесін ерекше атап өтуге тұрарлық. Абай көшесі №18 үйде тұратын ерлі-зайыпты Есімхан мен Айымхан Сеңгірбаевтар ауылдағы №6 А.Пушкин атындағы орта мектепте 40 жылдан астам ұстаздық етіп, шәкірт тәрбиелеген ұлағатты жандар. Қазір зейнет демалысындағы қос қария әлі де еңбектен қол үзген емес. Олар үй іргесіндегі 10 соттық жеріне жыл сайын бау-бақша баптап, есік алдына гүл өсіргенді әдетке айналдырған.
«Тазалық – табалдырықтан басталады» демекші, ауланың тазалығы үйдің кіреберісінен-ақ байқалады. Есіктің алды мұнтаздай таза. Әрбір зат өз орнында тұр. Отағасы Есімхан аға бізді шарбаққа бастап алып жүрді. Шарбақтың бір шетінде қатар тізілген сарымсақ және құлпынайды байқадық. Ал шарбақтың батыс бөлігі алма бау. Мұнда 40-қа жуық алма, алмұрт және басқа да жас жеміс ағаштары жайқалып-ақ тұр.
-Бау-бақшаны баптау, алма ағаштарын қарау – менің жақсы көретін ісім. Мектепте еңбектен қол үзбей жүріп, үйдің бар тірлігін ретке келтіруге де уақыт таптық. Онымен қоса, жыл сайын үйдің ауласына гүлдің бірнеше түрін егіп, оны баптаймыз. Гүлдің көптігі сонша, кейде оны егетін жер таппай қалатынымыз бар,- дейді зейнеткер қария ойымен бөлісіп.
Бір сөзбен айтқанда, Қарасаз ауылындағы Абай көшесін үлгілі әрі таза көшелердің бірі деп айтуға толық негіз бар. Тұрғындардың өтінішіне сәйкес, ұзындығы бір шақырымға жуық көшенің жолы бұрнағы жылы орта жөндеуден өткен болатын.
«Таза ауыл», «Таза көше» және «Таза аула» байқауларының аясындағы жұмыстар ауданның орталығы Б.Момышұлы ауылында да жүргізілу үстінде. Мұнда барлығы 83 көшеде 3 069 аула орналасқан. Қазіргі таңда көшелердің дені тазаланып, көше бойларындағы қураған ағаштар кесілу үстінде.
Тазалық – баршаға ортақ. Тазалықпен қоса, тәртіпті сақтау – қоғам мәдениетінің өлшемі екенін естен шығармайық, ардақты ағайын!
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»