Basty bet
11 қарашадан бастап жаңа Stadler пойыздары жолға шығады
Олар Астанадан Алматы мен Семей бағытында қатынайды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Атап айтқанда, №3/4 «Нұрлы жол – Алматы-2» пойызы алғашқы сапарына 11 қарашада, ал №153/154 «Нұрлы жол – Семей» пойызы 13 қарашада аттанады. Билеттерді ресми сайттан немесе теміржол вокзалдарының кассаларынан сатып алуға болады.
Жаңа вагондар Мемлекет басшысының жолаушылар пойызы паркін жаңарту жөніндегі тапсырмасы аясында іске қосылып отыр. Келісімшартқа сәйкес, 2030 жылға дейін Stadler Kazakhstan зауытында өндірілген 557 вагон кезең-кезеңімен жеткізіледі.
Заманауи вагондар елдің климаттық ерекшеліктері мен жолаушыларға қойылатын талаптарды ескере отырып жасалған. Купе вагондары 40 адамға, ал плацкарт вагондары 56 жолаушыға арналған.
Вагондар климат-бақылау жүйесімен, жеке жарықтандыру құралдарымен, 220 В розеткаларымен, USB және USB-C порттарымен, сондай-ақ бейнебақылау жүйесімен жабдықталған. Бұдан бөлек, мүмкіндігі шектеулі жолаушылардың жайлы сапар шегуіне жағдай жасалған.
Пойыз құрамында ыстық тағамдар, сусындар мен жеңіл тағамдар ұсынатын буфет вагондары да болады.
Жаңа вагондарды пайдалануға беру жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсартып, теміржол қатынасындағы жайлылықты арттыруға бағытталған.