Basty bet

Ұрпақтар сабақтастығы жалғасын тапты

Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы. Ата-ана – шаңырақтың іргетасы. Сондықтан, бала өмірінде саламатты өмір салтын қалыптастыруда әке мен ананың рөлі орасан зор.
Осы ретте, жақында аудандық “Ауған соғысы ардагерлері” ұйымының ұйытқы болуымен Шақпақата ауылындағы №4 Қ.Сағындықов атындағы орта мектепте «Саламатты отбасы: Әке, ана, ұл-қызы» атты «Толағай» отбасылар сайысы өтті.
Сайыс отбасылық тәрбие мен саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.
Сегіз кезең бойынша өткен сайысқа округ бойынша белсенді, спортқа жақын ата-аналар мен балалары қатысты. Әр команданың өз аты, таңбасы, ұраны және бір түсті спорттық киімі болды.
Іс-шара шымылдығын аудандық “Ауған соғысы ардагерлері” ұйымының төрағасы Мақсатбек Әбдібеков ашып берді.
-“Мемлекетіміздің басты байлығы – ұрпақ саулығы” демекші, халықтың денсаулығы басты қазынамыз екендігі рас. Халық даналығындағы “Тәні мықтының, рухы мықты”, “Дені саудың, жаны сау”, “Денсаулық – басты байлық”, “Спорт – денсаулық кепілі” деген сөздердің мәні тереңде жатыр. Сондықтан саламатты өмір салтын ұстана отырып, отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған бүгінгі сайыстың маңызы зор, – деп М.Әбдібеков қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жарысқа Бекен Байдалиев және Рауан Сазанбаев төрелік етті.
Спортпен үнемі айналысып, ұрпағының қамын ойлаған адам ғана қоғамның толыққанды белсенді мүшесі болмақ. Бұл тұжырымға тартысты өткен сайыс барысында толық көз жеткізілді. Себебі, сегіз бөлімнен тұратын сайыстың алғашқы кезеңдерінен бастап жеңіске деген жігері мен үлкен дайындықтарын көрсете білген командалар көрермендердің қошеметіне бөленді.
Саламатты өмір салтын ұстанған жас отбасылар арасындағы сайыста жеңіске жетіп, ептілік танытқан «Көк тарландары» отбасылық командасы жүлделі ІІІ орынды иеленсе, ІІ орын «Дружба» командасына, І орын «Сұңқар» командасына бұйырды. Жеңімпаздарға аудандық “Ауған соғысы ардагерлері” ұйымының атынан бағалы сыйлықтар мен арнайы дипломдар табыс етілді. Ал, «Қыран» тобы мен «Бірлік» тобына ынталандыру сыйлықтары берілді.
Сайыс соңында Ауған соғысының ардагерлері Жұмабай Оразбаев, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Мейрамбек Ерімбетов, Елжан Пернешов, Қосмұрат Имахаев сөз алып, өз ойларымен бөлісті. Отбасы құндылықтары мен ұрпақтар сабақтастығы, ұлтаралық татулық пен ынтымақ жайында ғибратты әңгімелерін айтып, кеңестерін берді.
Жарыс соңында ардагерлер сайысқа қатысушылармен естелік суретке түсіп, тарқасты.

Ақжан Ілиясұлы,
Шақпақ ауылдық округі

Таңдаулы материалдар

Close