Basty bet

Жас ұрпақты отансүйгіштікке баулу – жауапты міндет

№16 С.Сейфуллин атындағы орта мектептің оқушылары ардагерлермен кездесті

Биыл елімізде 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 81 жылдығы атап өтілгені белгілі. Бұл Кеңес халқы фашистік басқыншыларды ойсырата жеңген ең қанды және жойқын соғыс ретінде тарихта таңбаланып қалды…
Ұлы Жеңіс! Бұл – қайсар рухтың, батырлық пен жанқиярлықтың жарқын символы. Осынау құндылықтарды жоғары бағалап, оны келер ұрпаққа жеткізу – қасиетті міндет!
Ұлы Отан соғысы туралы сөз қозғағанда, даңқты қолбасшы, қаһарман жерлесіміз Бауыржан Момышұлының: «Біз майданда болдық. Белуардан қан кештік. Тылда жүріп көз жасымызды көл еттік. Күн, түн демей еңбек етіп, жеңіс үшін тер төктік. Осының бәрін біз тарих алдында, Отан алдында, адамгершілік, намыс алдында ақ ниетпен азаматтық борышымызды өтеу үшін істедік. Сөйтіп оны абыроймен ақтадық. Бұл жеңіс бізге арзанға түскен жоқ. Ел дегенде еңіреген ерлеріміздің қан майданда құрбан болғандары аз емес. Қол-аяғын беріп, мүгедек болып қайтқан ерлеріміз де аз емес.
Ұлы Отан – туған елім, туған жерім. Ұлы Отан соғысының жалынына шарпылмаған біздің елде бір де бір семья жоқ. Соғыс қайғысы, соғыс мұңы әрқайсымыздың басымыздан өтті. Солдаттың сағынышы, ата-ананың қайғысы, жардың мұңы, жетім-жесірдің көз жасы әрқайсымыздың көз алдымызда.
Мен өзім қырық жыл қырғында тірі қалған жандардың бірімін. Сол сұрапыл қырғын соғыста еліміздің талай саңлақ батырларының, ақылды ерлерінің қаза тапқанын мен өз көзіммен қан майданда көргем. Менен артық, менен батыр, менен ақылды жігіттер өліп кеткенін көзіммен көрдім. Олардың иманы жолдас болсын. Олар Ұлы Отанымыздың тәуелсіздігі үшін жан аямастан соғысты, тәуелсіздік үшін жан тәсілім етті. Имандары жолдас болсын!» деп толғана айтқан рухты сөздері еріксіз ойға оралады.
Биыл Ұлы Жеңістің 81 жылдығына орай оқушыларға орта білім беретін мектептерде жас ұрпақ тағылым аларлықтай әрі оларға әскери-патриоттық тәрбие беру мақсатында іс-шаралар көптеп ұйымдастырылу үстінде. Өткен жолы дәл осындай тағылымды іс-шараның бірі Көкбастау ауылдық округіне қарасты Теріс ауылындағы №16 С.Сейфуллин атындағы орта мектепте ұйымдастырылды. «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды!» тақырыбындағы іс-шара Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 81 жылдығына арналды.
Патриоттық жиынға «Германиядағы Кеңес әскерінің тобы мен Варшава келісімшарты әскерінің тобы» РҚБ-ның Жамбыл облыстық филиалының Жуалы аудандық бөлімінің ардагерлері құрметпен шақырылды. Сонымен бірге, іс-шараға мектептің мұғалімдері мен оқушылар қатысты. Мектептің акт залы тақырыпқа сай безендіріліп, Ұлы Отан соғысының отты жылдарынан хабар беретін суреттер мен көрнекі ақпараттар және бұйымдар қойылған. Жиын мектеп оқушылары дайындаған сахналық көрініспен ашылды.
Іс-шараның алғашқы сөзі мектептің директоры Жорабек Қадырбековке беріліп, ол өз сөзінде, Ұлы Отан соғысында майдан даласында ел қорғап, асқақ рух пен қайсарлықтың ерен үлгісін танытқан аға буын ардагерлердің еңбегін ерекше атап өтті.
– Құрметті ардагерлер, ұстаздар және оқушылар!
Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің орнағанына 81 жыл толып отыр. Бұл маңызды күні әскери тарих пен батыр бабалардың жауынгерлік жолын еске алып қана қоймай, өскелең жас ұрпақтың соғыссыз бейбіт заманда еркін өмір сүруін тілейміз. Біз бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудың маңызын түсіндіріп, жастарды қасиетті Отанға адал қызмет етуге және елдің бүгінгідей береке-бірлігін қастерлеуге шақырамыз. Бұл маңызды іс-шара әскери тарихты ұлықтап, ардагерлердің ерен еңбегіне құрмет көрсетудің және жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің жарқын үлгісі болады деп сенемін.
Іс-шараға шақырылған Германиядағы Кеңес әскерінің тобы сол тұста Кеңес Одағын ғана емес, Еуропа елдерінің де тыныштығын күзеткені белгілі. Варшава келісімі мен Германиядағы Кеңес әскерлері тобының ардагерлері Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдары Батыс елдерінде әскери борышын өтегенін ерекше атап өткім келеді. Бүгінгі кездесудің мақсаты – Ұлы Отан соғысындағы батыр аталардың асқақ рухын ардақтап, сол арқылы өскелең ұрпаққа патриоттық тәлім-тәрбие беру. Біз бұл мақсатта мектепте тиісті тәрбие-ағарту жұмыстарын да қоса атқарып келеміз.
Оқушыларға әскери-патриоттық тәрбие беру – Отанды сүюге, жауапкершілікке және батылдыққа баулып, ұлттық мүддені қорғайтын рухы биік азаматтар қалыптастырудың негізі. Ал, жастардың Отан алдындағы борышын терең түсінуіне және әскери мамандықтарға деген қызығушылығының артуы да өте маңызды рөл атқарады.
9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні мерекесіне орай ұймдастырылған патриоттық іс-шараға шақырылған ардагерлерге амандық, зор денсаулық, Тәуелсіз елемізге бейбіт өмір, тыныштық, ал оқушыларға Отанды шексіз сүйіп, болашақта елді қорғайтын патриот азаматтар болып қалыптасуына шын жүректен тілек білдіремін,- деді Жорабек Мамырұлы.
Патриоттық іс-шараның барысында ардагерлер мектеп оқушыларына әскери-патриоттық тәрбие беру арқылы әскери қызметтің маңыздылығы, Отан алдындағы азаматтық борышты өтеу, сондай-ақ, әскери мамандықтардың маңыздылығы мен ерекшелігі туралы кеңінен қызықты мағлұмат берумен бірге, өз тәжірибелерімен де бөлісті. Олар Тәуелсіз Қазақстанның қорғаныс қабілетін нығайту жолындағы жауапкершілікке, тәртіп пен патриотизмге тәрбиелеудің маңызын түсіндіріп, жиналғандарға игі тілегін білдірді. Атап айтқанда, ардагерлер – Нұртаза Омаров, Доқтырбек Бақыбеков, Нұрсейіт Мырзахметов, т.б. сөз сөйлеп, батыр аталардың Ұлы Отан соғысында ел қорғау жолындағы ерлік істері жас ұрпаққа жарқын үлгі-өнеге, қазақ халқына тән қайтпас қайсар рухтың символы екенін баса айтып, ендігі кезекте өскелең ұрпақ заманауи біліммен қаруланып, жан-жақты жетілу арқылы елдің болашаққа бет түзеген көшінің жарқын болуына ынта-ықыласпен атсалысуы маңызды қадам екенін жеткізді.
Отанды қорғау, туған елге адал қызмет ету – ел дамуы жолындағы жарқын істердің бірі екенін жақсы білеміз. Осы тұрғыдан алып қарағанда, жас ұрпақтың жан-жақты жетілген елжанды азаматтар болып қалыптасуы өте маңызды. Мектепте ұйымдастырылған патриоттық іс-шараның барысында да біз осындай құндылықтарды байқадық. Оқушылар «Соғыстан қайтқан солдаттар» тақырыбындағы сахналық көрінісін көрсетіп, одан бөлек, туған жер, Отан тақырыбындағы рухты әндерді орындап, қонақтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Одан бөлек, жоғарғы сыныптың оқушылары автоматты шашып, жинаудың әдіс-тәсілін көрсетті.
Бауыржан Амангелді,
№2 Мыңбұлақ орта мектебінің
11 сынып оқушысы

Таңдаулы материалдар

Close