Basty bet
Ана мен баланың денсаулығына кері әсері жоқ
Қауіпті індеттен құттылудың бірден-бірі жолы – вакцина алу. Осылай ғана бұл дауасыз дертті тоқтата аламыз. Дертті вакцина ғана тоқтата алатыны, бұдан басқа жол жоқ екенін түсінетін кезіміз жетті. Өйткені, аты жаман індеттің бірнеше қауіпті түрлері пайда болып, оны жұқтырғандар қатары да артуда.
Дегенмен әлі күнге дейін көпшілік арасында екпе жайлы түрлі алып қашпа әңгімелер мен қауесеттер тарауда. Әсіресе, “Пфайзер” компаниясының өндірген “Комирнати” вакцинасының жүкті әйелдер мен балаларға әсері жайында көп айтылуда. Яғни, вакцина кері әсер беріп, бала үшін қауіпті деген сөздер бар. Осы сұрақтардың жауабын алу үшін аудандық орталық аурухананың иммунолог дәрігері Қалбике Сәрсеновамен әңгімелескен едік.
Дәрігердің айтуынша, аудан жұртшылығы өз денсаулығына немқұрайдылықпен қарамай, екпе қабылдауда. Соның нәтижесінде ауданымыз облыс көлемінде вакцина қабылдаудан ІІ орынды иеленіп отыр. Ал, бүгінгі күнге дейін аудандық орталық аурухананың мәліметінше, Пфайзер” компаниясының өндірген “Комирнати” вакцинасының І компонетін 4601 адам, оның ішінде 12-17 жас аралығындағы 4034 бала, 16-37 апта аралығындағы 185 жүкті әйел, 382 емізулі ана салдырған. Ал, екпенің ІІ компонентін 12-17 жас аралығындағы 1090 бала және 236 емізулі ана және 97 жүкті әйел алған.
-Өткен жылдан бастап “Комирнати” вакцинасын балаларға және жүкті, емізулі аналарға салдыру туралы үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде. Екпенің әсері, балаға қанша рет салынатындығы, ата-анасы рұқсат бермей екпе салынбайтындығы ата-аналарға түсіндірілді.
Біздің ауданда да балаларға екпе салдырмаймыз деген ата-аналар бар. Әркім әрқалай қабылдауда. Екпе қабылдаған соң ауруға қарсы тұратын иммунитет бірден қалыптаспайды. Ауруға қарсы иммуноглобиндер үш айдың ішінде қалыптасады. Сол себепті, жалпы аурушаңдыққа байланысты екпені уақтылы, ертерек алған дұрыс.
Бүгінде коронавирус инфекциясы мутацияға ұшырап, оның бірнеше түрлері пайда болуда. Бірінен-бірі қауіпті. Таралуы да жылдам.
Балаларға вакцина мектептерде және аудандық емханада салынуда. Ешбір балаға ата-анасы рұқсат бермей, баласының қасында болмай, екпе салынбайды. Осы уақытқа дейін ауруханаға екпе алған балалардың ішінде дене қызуы көтеріліп келгені, болмаса өзге де кері әсері болған жағдайлар орын алған жоқ. Тек екпе салынған орны ғана ауырсынуы мүмкін.
Иә, балалар коронавирус індетін жұқтырып, оны жеңіп шыққан жағдайлар болды. Тіпті, індет салдарынан баланың ішкі организмдеріне зақым келген жағдайда орын алған еді.
Бір мысал келтіре кетейін, бұрындары аналар өмірге 18-20 балаға дейін әкелген. Соның ішінде бір-екі ғана баласы тірі қалған. Неге? Себебі, ол кезде анасының құрсағынан шыққан бала қоршаған ортадағы түрлі факторлармен бетпе-бет келеді. Ауада түрлі инфекциялар мен вирустар бар. Сонымен қатар, балалар арасында түрлі жұқпалы аурулар да кездеседі. Осылармен баланың ағзасы күресу үшін екпе ойлап табылды.
Бала туыла салысымен ауруханада бірінші екпесін қабылдайды. Осындай қауіпті ауруларды тек екпенің арқасында жеңіп, балалар аман қалған. Барлық екпенің өз заңдылықтары бар. Бұл жолы да коронавирус індетінің балалар арасында таралғанын ескеріп, вакцина ойлап табылды. “Комирнати” вакцинасы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан бірінші болып сертификатын алды, – дейді иммунолог дәрігер Қалбике Әлиқызы.
Дәрігердің айтуынша, екпе қабылдаған жүкті әйелдердің арасында да вакцина алған соң баласы шетінеу жағдайлары, әйелдің денсаулығының нашарлауы да орын алмаған.
-Ананың құрсағына біткен бала үшін ең қауіпті кезең 7 аптаға дейінгі уақыт. Ал, 16-17 аптада құрсақтағы баланың ағзасы түгелімен қалыптасып қояды. Негізінен екпе 36 аптаға дейін салынады. Жүкті әйелдердің құрсақтағы баласына екпенің ешқандай кері әсері болмайды. Өткен жылдары вакцина алмаған жүкті әйелдердің арасында босану барысында сәбилерінің іште жатып жүректері тоқтап қалған жағдай тіркелді. Сонымен қатар, вакцина алмаған әйелдер коронавирус індетін жұқтырып, бір, бір жарым ай ауруханада жатып емделген оқиға да болды. Жалпы, пневмониямен ауырған адам 7-8 күнде емделіп шығады, ал, вирусты пневмонияны емдеу уақыты ұзақ. Өмір үшін күресу қажет болады. Сондықтан шындыққа жанаспайтын әңгімелерге сенбей, мамандардың кеңесіне құлақ түруге шақырамын, – дейді дәрігер.
Сұхбат барысында иммунолог дәрігер Қалбике Әлиқызы адам иммунитетін түсірмеу үшін пайдалы, дұрыс ас ішіп, ағзаға көп жүктеме түсірмеу керектігін, ұйқының дұрыс болуын, жақсы демалу керектігін түсіндірді. Індеттен қорғану үшін, оны жеңу үшін екпе қабылдау қажет екенін де баса айтты.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»