Basty bet
Құтыру ауруының алдын алу
Соңғы жылдары ауданда ит қапқаннан зардап шеккен адам саны біртіндеп азаюда. Барлық зардап шеккен адамдарға ота бөлімінде, аудандық орталық ауруханада және аудандық орталық емханада құтыруға қарсы антирабикалық екпе жасалады.
Жедел вирусты аурулардың ең қатерлісінің бірі – құтыру ауруы. Егер дер кезінде ем алмаған жағдайда, ауырған адам ми қабынуынан қайтыс болады. Құтыру ауруы – ауырған жануарлар тістегенде, тырнағанда немесе терінің жарақаттанған жеріне сілекейі жағылуы арқылы адамға жұғады, (60-70%) инфекцияның көзі иттер болып табылады. Құтырманың табиғи ошақтары қасқырлар, түлкілер, шибөрілер және басқа да жануарлар болған жерде қолдау табады, олардан инфекция үй жануарларына және кезбе иттерге жұғады.
Аурудың бірінші белгісі ұстама, аяқ астынан, кез келген тітіркендіргіштер әсерінен басталады: судың аққан сылдырын естігенде, біреу қатты сөйлегенде, соққан жел мен тым жарқыраған жарық әсерінен, науқастың мазасы кетіп, қорқыныш, үрей пайда болады, дем алуы қиындайды. Бір екі күн өткен соң сілекей ағуы көбейіп азаптанады,ауру сілекейіп жұта алмайды, үнемі түкіріп отырады,немесе аузынан еріксіз сілекей ағады. Ауру жүрек не тыныс жұмысын басқаратын ми орталықтарының зақымдануынан 6-8 күн ішінде, өте сирек жағдайда 1-ші күні өледі. Құтыруды емдейтін арнаулы ем жоқ. Сондықтан жануар тістеген жағдайда, адамдарды аурудан арашалап қалатын жалғыз жол – құтыруға қарсы емдеу-профилактикалық егу шаралары. Жануарлар тістеген жағдайда, міндетті түрде дәрігерге қаралыңыз!
Өз өміріңіз – өз қолыңызда!
Назипа Азимбекова,
аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы