Basty bet

ЕЛІН СҮЙГЕН ҚАҺАРМАН, ЕР БАУЫРЖАН!

Биыл Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңіске – 80 жыл! Биыл қазақ халқының қаһарман перзенті, даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының туғанына – 115 жыл толады. Осынау екі атаулы дата, айтулы мерейтойға орай Қазақстанның барлық өңірінде дерлік тағылымды іс-шаралар өткізілу үстінде. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы және Б.Момышұлының туғанына 115 жыл толуына орай іс-шаралар Жуалы ауданында да ұйымдастырылады. Олай болатыны, Ұлы Отан соғысында Отанды қорғап, майданда жасындай жарқылдаған ірі тарихи тұлға, қаһарман қолбасшы Бауыржан Момышұлының кіндік қаны қасиетті Жуалы ауданында тамған. Батыр Баукең туған өлкенің қадір-қасиеті осыдан-ақ анық байқалса керек…
Бауыржан Момышұлының кім болғанын оның жүріп өткен жолы мен өнегелі өмірінің өзі-ақ дәлелдейді емес пе?! Батыр көзінің тірісінде аңызға айналып, ол туралы талай-талай шығармалар жазылды. Бауыржан Момышұлының Батыр атағы мен ержүректілігін танытқан ол – өзінің бірегей келбеті мен ешкімге ұқсамайтын дара тұлғасы мен өр мінезі екені анық. Бауыржан Момышұлын ерлік істері мен өнегелі өмірі – жас ұрпаққа молынан үлгі болып қала беретіні даусыз. Ендігі кезекте Батырдың өмір жолына үңіліп көрсек, Б.Момышұлы 1910 жылдың 24 желтоқсанында Жуалы ауданының бұрынғы Орақ-Балға ауылында туып, 1982 жылы дүние салған. Ол Кеңес Одағының Батыры, жазушы, Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, әскери қолбасшы, стратег және тактик.
Әкесі Момыш өз бетімен ескіше сауат ашқан, кирил алфавитімен оқуды меңгерген сол кезеңдегі көзі қарақты адамдардың бірі болған. Ел арасында ағаш ұстасы және етікші, зергерлігімен танымал болатын. Анасы Рәзия дүниеден ерте өтіп, Бауыржан 3 жасынан бастап Қызтумас әжесінің қолында өседі. 1921 жылы бастауыш мектепті Аса интернатына түседі. 1924 жылдан бастап жетіжылдық мектепті Шымкент қаласында оқиды.
Отандық мәлімет көздеріне қарағанда, Бауыржан Момышұлы Батыс майданындағы 16-армияның 316 (1941 жылдың қарашасынан бастап 8-гвардиялық Қызылту атқыштар дивизиясы 1073-атқыштар полкінің (1941 жылдың қарашасынан 19-гвардия полкі) және батальон командирі. Ұлы Отан соғысына генерал-майор И.В. Панфилов басқарған әйгілі дивизиясының құрамында 1941 жылдың қыркүйек айынан бастап қатысты. Батальон командирі ретінде аға лейтенант Бауыржан Момышұлы Москва үшін шайқаста 207 рет ұрысқа қатысты. 1941 жылдың 16-18 қараша күндері вермахтың Мәскеу бағытында екінші мәрте жасаған жорығы кезінде аға лейтенант Момышұлы басқарған батальон дивизиядан қашықта, Матронино деревнясының жанында Волоколам тасжолында асқан ерлікпен ұрыс жүргізді. Білікті комбаттың басшылығы арқасында үш күн бойы фашистер шабуылын тойтарып, батальон үлкен шығынсыз, ұрысқа қабілетті жағдайда қоршаудан шығады.
Атағы мен даңқы айдай әлемге жайылған Бауыржан Момышұлының жастық шағына қайта оралсақ, ол 1928-1930 жылдары бастауыш мектепте ұстаздық етеді. Біраз уақыт аудандық атқару комитетінің жауапты хатшысы болып қызмет атқарады. Кейбір деректерде аудандық милицияда және прокуратурада жұмыс істеді делінген. Ол 1932-1934 жылдар аралығында Қызыл Армия қатарына қызмет етеді. 1933 жылы полк мектебін бітіреді. Атқару комитетіндегі қызметімен көзге түскен Бауыржан Шымкент өнеркәсіп банкінің экономисі болады. Осы қызметте жүрген уақытта 1936 жылы Республикалық банктің меңгерушісі Б.М.Барханның жолдамасымен Ленинградтағы Финанс академиясының жанындағы бір жылдық курсты бітіреді. Біліктілігін бағалаған басшылық оны КСРО өнеркәсіп банкінің республикалық басқармасына аға консультант ретінде тағайындайды. 1936 жылы жаңадан құрылып жатқан бөлімге взвод командирлігіне шақырылады. Бұл кезде Бауыржан рота командирі, полк штабы бастығының көмекшісі болады.
1946-1948 жылдары Ворошилов атындағы әскери академияның тыңдаушысы болады. 1948-1950 жылдары 49-атқыштар бригадысы командирінің орынбасары қызметін атқарады. 1952 жылы Кеңес Армиясы Бас Штабының жанындағы Жоғары әскери академияны тамамдайды. 1953 жылы академик Ван-Чон-Худың басқаруымен келген Қытай делегациясымен кездеседі. Соғыстан кейін 1950-1955 жылдары Совет Армиясы әскери академиясында сабақ береді. 1956 жылы полковник атағымен отставкаға шыққан cоң, елге оралады. Батыр енді толықтай шығармашылықпен айналысады. Ол қазақ және орыс тілдерінде бірдей жазып, өз өміріндегі көрген-білгендерін шығармаларына арқау етеді. Оның қаламынан туған, өмір шындығының негізіндегі тамаша романы мен әңгіме, повестері қалың оқушының іздеп оқитын сүйікті шығармаларына айналады. Олар бірнеше қайтара басылып шығарылды. Бауыржан соғыс уақытында өлеңдер жазған. 1952-1956 жылы «Офицердің күнделігі», «Бір түннің тарихы» және «Біздің семья» атты алғашқы кітаптары жарық көрді.
Елін сүйген қаһарман, ер Бауыржан Момышұлының есімі мен ерлік істері аз насихатталып жатқан жоқ. Ердің есімін – елдің есінде мәңгілік қалдыру мақсатында ел өңірлерінде Бауыржан Момышұлының атында әскери оқу орындары, жалпы білім беретін орта мектептер, мәдениет үйлері мен көшелер, т.б. бар. Қазір Жуалы ауданының орталығы Батыр Бауыржан Момышұлының есімімен аталады. Ауданда оның атында бір мектеп және өңірге қарасты ауылдарда көшелер бар. Батырдың өмірі мен шығармашылығын кеңінен насихаттау мақсатында Ақсай ауылдық округінің Қайрат ауылында Батырдың мемориалдық музейі бар. Онда Баукеңнің көзі тірісінде тұтынған жеке заттары, кітаптары мен фотосуреттері, соғыс қарулары, Батыр туралы жазылған шығармалар мен сыйлықтар құнды жәдігер ретінде қойылған. Бауыржан мұраларын жастар мен қалың жұртшылық арасында кеңінен насихаттау бағытында даңқты қолбасшының туған жерінде аз жұмыс атқарылып жатқан жоқ.
«Қадірін білмеппіз ғой тірі кезде»
Деп жылар сорлы қазақ мен өлгенде.
Ұрпақ атар сексен мен жүздігімді,
Тарихтың түкпірінен сөз келгенде» деп Батырдың өзі жырлағандай, туған халқының жадында қаһармандығымен сақталып қалған Бауыржан Момышұлының туғанына биыл 115 жыл толады. Бұл атаулы жылы Батыр мұраларын кеңінен насихаттау – басты парыз! Бұл ең біріншіден болашаққа керекті дүние деген сенімдеміз!

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close