Basty bet

Аурудың алдын алу шараларына мұқият болуымыз керек

Сібір жарасы – жедел жұқпалы ауру. Ол дене қызуының көтерілуімен, лимфа жүйесінің зақымдалуымен және ағзаның ауыр түрде улануымен сипатталады. Сібір жарасы терілік, сирек жағдайда ішектік және сепсистік формада өтуі мүмкін.
Сібір жарасы адамға негізінен үй жануарларынан жұғады. Яғни, малды сойғанда, бактерияның спораларымен ластанған тағамдар мен ауызсуды ішіп-жеуде, ластанған топырақты егістікті қолдануда жұғуы мүмкін.
Аурудың белгілері мен алдын алу шаралары туралы аудандық басылым бетінде дәрігер мамандардың бірнеше рет мақалалары жарияланды. Бүгін біз бүкіл адамзатты емдейтін маңызды сала ветеринария бөлімінің, нақтысын айтқанда, аудандық ветеринария станциясының басшысы Ғабитбек Кеббевпен сібір жарасына қатыысты аудандағы эпизоотиялық жағдай туралы сұхбаттасқан едік.

-Ғабитбек Ақылбекұлы, сібір жарасы ауруы – қауіпті жұқпалы аурулардың бірі. Ауданда аталған аурумен ауырған малдар тіркеліп, біраз мал шығыны болғанынан хабардармыз. Тіпті онымен адамдар да ауырды. Осы мәселеге қатысты болған жағдайды ашып айтып берсеңіз.
-Иә, Жетітөбе ауылдық округінде 14-15 бас мал өлді. Соның ішінде, үш малдан нақты сібір жарасының бактериясы анықталды.
Жалпы сібір жарасымен ауырып өлген малда қан ұю болмайды. Яғни, құлақ, мұрын, басқа да жерлерінен қан сыртқа ағады, денесі сіресіп қатып қалмайды және көкбауыры үлкейіп кетеді. Ал, бұл округте өлген малдарда мұндай белгілер мүлдем болған жоқ. Сондықтан біз оларды сібір жарасымен ауырды деп күдіктенген жоқпыз. Биологиялық әдіспен зерттегенде, яғни тәжірибемізге сүйеніп, малды сойып көргенімізде көкбауыры үлкеймеген, қан ұйыған, денесі сіресіп тұр. Тек ішегі сәл қызарған. Сосын біз оны уланған болуы мүмкін деп ойладық. Алайда Алматыдағы Ветеринария ұлттық референттік орталығына өлген малдардың тиісті ішқұрылыстарын сынама ретінде жібердік. Референттік орталықтағы мамандар сынамадағы бактерияны тышқандарға салып көргенде, олардың бірі төрт күнде, бірі сегіз күнде өлген. Референттік орталыққа жіберген үш малдың диагнозы сібір жарасы деген қорытындымен келгенде, біз оған таңғалдық. Ғалымдар да сібір жарасы бактериясының мутацияға ұшырағанына, оның жедел өткеніне таңғалуда. Яғни, жедел өткені соншалық, таңертең сап-сау жайылымға кеткен мал кешкісін организміне түскен бактериядан тараған удан өліп отыр.
-Аурудың шығу себеп-салдары туралы айтып берсеңіз. Жалпы себеп-салдарын анықтауда қандай жұмыстар атқарылды?
-Жалпы ауданда сібір жарасының 45 ошағы бар. Біз оларды үнемі бақылауда ұстап, дезинфекциялық жұмыстарды атқарамыз.
Аурудың себеп-салдарын анықтауда жан-жақты қарадық. Ауылдағы ағайынның әңгімесіне де мән бердік. Онсыз болмайды.
2005-2006 жылдар ветеринария саласы тарап, аудандық аумақтық инспекциясына қосып, мал дәрігерлері лицензиямен жұмыс істеп жүрген уақыт. Ол деген ешқандай мекеме нақты жауапты емес деген сөз. Сол жылдары осы ауылдық округте малдар сібір жарасымен ауырып өліп, малдардың өлексесін тұрғындар ауыл шетіне алып барып көмген екен. Тұрғындар шамалап айтқан жерлерден Алматыдағы Қазақ ғылыми-зерттеу институтының мамандары келіп, топырақтан конверттік әдіспен сынама алды.
Сібір жарасының бактериясы топыраққа түскенде сыртын қаптап спора түзеп алып, жүздеген жылдар бойы жата береді. Институт мамандары алған сынамадан сібір жарасы анықталды. Демек бактерия бұрыннан жатқан. Биылғы жылы қуаңшылық болуына байланысты ол топырақтың бетіне шыққан. Дәл сол уақыттарда жауын жауып, бактерия ағын сумен ауылға ағып келген деген болжам бар. Себебі, Тасбастау ауылында сібір жарасымен ауырған адамдар көшенің бір шетінде тұратын тұрғындар болып отыр. Яғни, әлгі инфекция табылған топырақты жерден келетін су көшенің бір шетіндегі үйлердің қақпасының ішінен ағады да, келесі шетіндегі үйлердің бау-бақшасының аяқ жағынан өтеді. Қақпаның ішінен, үйдің жанынан өтетін жағындағы адамдарға судан жұққан деген болжам бар. Адамдар сумен қолын жуа салады. Міне, осындай жағдайларда ауру жұғуы әбден мүмкін. Яғни, ауру адамға малдан ғана емес, топырақтан, судан, жәндіктерден де жұғуы мүмкін. Себебі, ауырған тоғыз адамның көбі малмен байланысы жоқ.
Басқа ауылдық округтерде ауырған адамдар негізінен қасапшылар мен малшылар.
-Аурудың әрі қарай тарамауы үшін қандай шаралар қолдандыңыздар?
-Ауылдық округ 15 күнге карантинге жабылды. Малдарға қайта екпе салынды, дезинфекция жұмыстары жүргізілді.
Ауру қайта қайталанбай, эпизоотиялық жағдай тұрақталған соң, карантин талаптары алынды.
Сонымен бірге сібір жарасының бактериясы табылған жерлерді Алматыдағы Қазақ ғылыми-зерттеу институтының мамандары өздері ойлап тапқан дизенфекциялық сұйықтықпен залалсыздандырды.
-Аурудың алдын алу бойынша тәжірибелі маман ретінде аудан тұрғындарына қандай кеңестер айтар едіңіз?
-Қазақстан Республикасының “Ветеринария туралы” Заңының 25-бабында мал иелерінің міндеті нақты жазылған. Осы заң талаптарына орай малдарын уақтылы бірдейлендіріп, уақтылы екпесін салдырып, ауырған жағдайда мал дәрігеріне хабарласып, емдетіп, мал қозғалысын реттеп отыруға міндетті. Мәселен, сібір жарасымен өлген жылқы малын иесі жаңадан сатып алған, вакцина салынбаған, уақтылы тіркетпеген. Сондықтан малды сату, сатып алу ісіне үлкен жауапкершілікпен қарау керек. Ол – өз отбасының, жалпы адамдардың денсаулығы үшін маңызды.
Қазір малға ешқандай салық жоқ. Сондықтан малды жасыруға негіз де жоқ. Тұрғындар малдарын бірдейлендіріп, санын нақты айтса, біз екпеге тапсырысты да дұрыс жасайтын боламыз. Жалпы реестерге енген жұқпалы ауруларға епке тегін салынады. Басқа аурулар мал иесінің есебінен емделеді.
Тұрғындарға астын сызып айтарым – аурудың алдын алу үшін жеке бас гигиенасын сақтап, мал союда резина қолғап кию керек. Малды сойып базарға өткізуде де лабораториядан тексертіп барып сатуы тиіс.
Біз аудандық ауруханаға 800 адамға сібір жарасына қарсы екпе салдыруды ұсындық. Олар – малмен, етпен жұмыс жасайтын ветеринарлар, ет сатушылар, малшылар, қасапшылар, т.б.
Малды бақылай алмай жатуымыздың негізгі себебі, мал қозғалысының көптігі. Ауданда малды алып-сатумен айналысатындар көп.
Қазір “Төрт түлік” деген бағдарлама шықты. Бүгінгі таңда өзіміздің мамандар бағдарламаны үйреніп, онымен жұмыс жасауда. Одан кейін ауыл тұрғындарына үйрететін болады. Бағдарламаның артықшылығы сол, тұрғындар малды тіркеу, оның қозғалысын реттеу, анықтама алу сияқты малға қатысты қызмет түрлерін өздері қолындағы смарт телефоны арқылы жасай алады.
Қазіргі таңда біздің мекеменің тарапынан тұрғындарға аурудың белгілері, алдын алу жолдары туралы ақпараттық парақтар, чаттарға видеороликтер жасап тарату, яғни түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Себебі, әр адам жауапкершілікті сезінбей, ауруды да жеңу қиынға соғады.
-Мекемеде қанша маман жұмыс істейді? Жалпы маман тапшылығы мәселесі бар ма?
-Мекемеде 82 кісі жұмыс істейді. Оның ішінде, он шақты маман әкімшілік қызметтерді атқарса, қалғаны ветеринарлар. Ветеринарлардың ішінде 10 шақтысы жас мамандар, 25-тен аса мамандар орта жастан асқан, қалғаны 35-45 жас аралығындағылар.
Мен бұл салаға қызметке келгенде 120 маман жұмыс істейтін. Қазіргі таңда маман тапшылығы бар. Бүгінде ортамызда зейнет жасына жақындаған мамандар да жеткілікті. Сондықтан бұл салаға жастар көбірек келсе дейміз. Сонымен бірге болашақ мал дәрігері мамандары әр ауылдан болса, сонда тұрғындарға да қиындық болмас еді.
Мал дәрігері мамандығы маңызды, қай уақытта да сұранысқа ие мамандық. Алдағы уақытта маман иелерінің жалақысы да көтеріледі. Сондықтан білімді мамандардың көп болғаны дұрыс.
-Әңгімеңізге рақмет!
Жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз!

Сұхбаттасқан
Перизат Шымыртайқызы,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close