Basty bet

Бір ғасырдың белесіндегі іргелі білім ошағы

Аудандық «Достық» мәдениет үйінде №1 Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназияның 100 жылдық мерейтойына арналған «Самғатқан сан қыранды алтын ұям» атты мерекелік шара өтті. Шараға аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев, ардагер ұстаздар, мектеп түлектерімен ата-аналар және оқушылар қатысты.

Мерекелік шараның шымылдығын мектептің өнерлі оқушылары «Учат в школе» әнімен ашуы көпшілікті мектеп қабырғасындағы есті естеліктерін, балалық шағын еске түсіргені анық. Мектептің тарихы, білім ошағын басқарған басшылар мен онда еңбек еткен ұстаздар жайлы LED экраннан слайдтар арқылы көрсетілуі де аудандағы іргелі білім ошағы тарихының тереңде жатқанынан хабардар етті.
Шарада алғашқы сөз мектеп директоры Эльмира Абишеваға беріліп, ол білім ошағының тарихы туралы кеңінен баяндады.
Жалпы, білім ошағының тарихына тоқталар болсақ, мектеп ғимаратының іргетасын қалау идеясы 1924 жылы 27 қаңтарда Ленинді еске алу үшін өткен митингіде көтеріліп, Бурно-вокзальный ауылында мектеп ашылу бойынша шешім қабылданады. Осы жылы ұйымдастырылған мектеп уақытша вокзал ғимаратының бөлмесіне орналастырылады. Сондықтан ұжым содан бері әр жыл сайын 27 қаңтарды мектептің туған күні ретінде атап өтіп келеді. Мектептің алғашқы меңгерушісі Олейникова Анна Дмитриевна болып, ол уақытта тек бір ғана бірінші сынып ашылады. Ал, 1926 жылы оқушы саны 42-ге жетеді.
Оқушылардың санының айтарлықтай өсуі 1929-1930 оқу жылынан басталады. Бурное ауылы аудан орталығына айналып, 1927-1928 оқу жылында мектептің алғашқы 4-сынып шығарылымы болады. 1930 жылдан бастап білім ошағы жеті жылдық болып қайта құрылып, 1934 жылы мектептің 7 сыныбының алғашқы шығарылымында алғашқы түлектердің қатарында КСРО-ның болашақ батыры Дмитрий Ковешников болады.
Алғашқы 10 жылда ауданда бір орта мектепте 192 оқушы аяқтайды. Тек 1936 жылы мектеп орта деңгейіне көтеріледі. Аудандағы алғашқы орта мектептің бірінші директоры болып Мария Савельева тағайындалады. Бұл уақытта мектепте мұғалімдер саны 12-ге, оқушылар саны 464-ке жетеді.
Осылайша аудандағы алғашқы орта мектеп бірте-бірте кеңейіп, 1966 жылы үш қабатты мектеп ғимараты соғылса, Тәуелсіздік алған соң, 2005 жылы тағы екі қабатты ғимарат салынады. Бүгінгі күнде мектепті жыл сайын 60-70 түлек аяқтап, үлкен өмірге жолдама алады. 2023-2024 оқу жылында жалпы 1566 оқушы, оның ішінде, 1-11 сынып аралығында 1443 оқушы, мектепалды даярлық тобында 123 бала білім алуда. 169 мұғалім балаларға білім мен тәрбие беруде. Сонымен қатар, мектепте 48 техникалық қызметкер жұмыс істеуде.
Соңғы оқу жылдарында облыстық пән олимпиадасында және облыстық, республикалық ғылыми жобалар байқауында мектептің оқушылары жүлделі орындарды иеленуде. Жыл сайын мектеп түлектері Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағынан жоғары балл жинап, «Алтын белгі» иегері атанып, «Үздік аттестатпен» аяқтауда. Бұл – педагогикалық ұжымның кәсібилігі мен адалдығы, ата-аналар тарапынан қолдау мен өзара түсіністік, оқушылардың білім беру және тәрбие процесіне тартылуы – мектептің жетістігін айқындайды.
Сонымен қатар, кеште ғасырлық мерейтойын атап өтіп жатқан білім ошағының ұжымын аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова құттықтады.
-Аудан орталығындағы №1 Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназия бағындырған белестерімен көпшілікке кеңінен таныс білім ордасы. Бұл мектепте аудан тұрғындары өз балаларын оқытқысы келеді. Неге? Себебі, аудандағы іргелі білім ошағының беделі биік, абыройы асқақ. Осында құрметті ардагер ұстаздар отыр. Жыл санап әрбір абыройдың артқанына, мектеп мәртебесінің өскеніне, мерейінің биіктеуіне әрбіріңіздің қосқан үлесіңіз өлшеусіз.
2022 жылы ұлт руханиятының абызы атанған Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойының қарсаңында аудандағы аталған білім ордасына қайта атау берілді. Сол жылы аудан орталығындағы №1 мектеп-гимназия Шерхан Мұртазаның есімін иеленді. Үстіміздегі жылдың сәуір айында аталған мектептің 100 жылдық мерейтойын аудан көлемінде атап өту жоспарлануда.
Балаларға бірінші кезекте дұрыс тәрбие берілуі керек. Ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» деген екен. Бұл сөздің растығын өмір тәжірибесі талай мәрте дәлелдегені белгілі – деген Анар Садыққызы мектеп ұжымына аудан әкімінің атынан естелік сыйлық тартау етті.
Мерекелік шарада ерекше толқыныспен ортаға шыққан ардагер ұстаз Нелли Гнедова да жүрекжарды тілегін білдірді.
Мерекелік кешке мектеп түлектерінің бірі, жеке кәсіпкер Лечи Оздамиров және №1 балалар өнер мектебінің директоры Қанат Мұратаев тағы басқа да азаматтар қатысып, олар өз естеліктерімен бөлісті. Қылқалам шебері, өнерлі азамат Қанат Жарасұлы білім ошағында ілулі тұрған жазушы Шерхан Мұртаза портретінің авторы екенін де айта кеткен жөн. Ал, жеке кәсіпкер Лечи Оздамиров өзі білім алған алтын ұя мектебіне үнемі демеушілік жасап, қайырымдылық істердің басы-қасынан табылатын түлектердің бірі. Шара барысында да ол мектептің қорына деп қаржылай сыйлық тарту етті.
Сонымен қатар, ата-аналар комитетінің төрайымы Жұпар Бибасарова да сөз алып, ізгі тілегін жеткізді.
Кеште жас маман Арман Әбдіжапар арнау оқыса, өнерлі оқушылар патриоттық әндер шырқап, домбырашылар күй шертті. Мәнерлеп оқу оқып, мың бұралған қыздар биден шашу шашты.
Шара балалардың орындауындағы «Мектебім» әнімен қорытындыланды.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close