Basty bet

“Үздік мұғалім болуды армандадым”

Ауданда «Диломмен – ауылға!» бағдарламасымен келіп, жұмысқа тұрып, баспана алып жатқан жастардың саны көп. Бұл, бір шетінен, ауылдық округтерде маман тапшылығы мәселесін шешеді.
Сондай мамандардың бірі – №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда жұмыс істейтін математика пәнінің мұғалімі, жас маман – Қуаныш Тілепберді.

Ол осы ауданның тумасы. 2013 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіне “радиотехника, электроника және телекоммуникация” мамандығына оқуға түсіп, оны 2017 жылы аяқтайды.
Қазіргі таңда 6,7 және 8 сынып оқушыларына сабақ береді.
– Математика өзім сүйіп оқитын пәнім еді. Сондықтан білімімді дамытып, болашақ ұрпаққа алған білімімді үйретуім керек деген мақсат қойдым. Қазір еңбектенудемін.
– Математика пәнінен сабақ бергенде ең бірінші миға шабуыл әдісін пайдаланамыз. Баланың көңіл-күйіне назар аударамыз. Мүмкін отбасында бір жағдай болып қалған шығар. Бұның барлығын ескереміз. Арнайы логикалық сұрақтар да қойылады. Жаңа тақырыпты түсіндірмей тұрып, ескі тақырыпты бір қайталап аламыз. Себебі, тақырыптар бір-бірімен байланысты,- дейді ұстаз.
Қуаныш Жұматұлының оқушылары да ұстазын жақсы көреді. Себебі, мектептегі сабағынан бөлек оқушылары математика пәнінен түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындар да иеленген.
Кейіпкеріміздің өмірлік ұстанымы – алға қойған армандарын іске асыру.
Ол – ерекше ұстаз. Әр баланың сабақты түсініп, дұрыс білім алғанына ерекше мән береді.
Сондай-ақ, мемлекетіміз Қуаныш Тілепберді секілді жас, білікті мамандарға жақсы мүмкіндіктер беруде. Ол “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасымен баспана алған.
– Бұл – жастар үшін жақсы мүмкіндік деп ойлаймын, – дейді ол.
Қуаныш Жұматұлы отбасында үш қыздың сүйікті әкесі, жарының қамқоршысы. Сөзімізді қорыта келе, қалада оқуын бітірген жастарға ауылға келіп, жұмыс істеуге кеңес береміз. Мемлекет тарапынан жұмыс та, көтерме ақысы мен баспана алуына да мүмкіншілігі бар. Себебі, ауылдар мен аудандардың тұрмыс-тіршілігін арттыруда бәсекеге қабілетті, жаңаша ойлай білетін жастардың орны жоғары, қажет десек те болады. Білікті педагогтарымыз көп болсын.

Үміт Мадиярбек,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close