Basty bet

Баға тұрақтылығы – басты назарда

әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасы тұрақты бақылауда болуы тиіс

Елімізде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халықты қолжетімді бағадағы өнімдермен қамту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы тұрақты бақылауға алынып, нарықтағы бағаның негізсіз өсуін тежеуге бағытталған жүйелі шаралар іске асырылуда.

2026 жылдың 4 қаңтарынан бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының уақытша кеңейтілген тізбесі қолданысқа енгізілді. Бұрын бұл тізім 19 өнімді қамтыса, қазіргі таңда 31 негізгі азық-түлік тауары енгізілген. Жаңартылған тізімге қияр, қызанақ, алма сияқты көкөніс пен жеміс-жидек өнімдері мен шай, қаймақ, балық, сиыр, қой, жылқы және тауық еті және қатты ірімшік қосылып, күнделікті тұтынуға қажетті өнімдер толық қамтылды.
Жыл басынан аталған тауарлардың бағасын өсіруге шектеу қойылып, баға тұрақты бақылауға алынған. Яғни, әлеуметтік маңызды өнімдердің бағасына 15 пайыздан аса сауда үстемесі қосылған жағдайда сатушыға алдымен ескерту жасалады, ал одан кейін бұл жағдай тағы да қайталанса, заң аясында айыппұл салынады.
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсімі небәрі 0,2 пайызды құрап, нарықта айтарлықтай баға құбылуы тіркелген жоқ. Кеңейтілген тізімге енгізілген бірқатар жаңа өнімдер бойынша бағаның 0,1-0,5 пайыз аралығында төмендегені байқалады. Атап айтқанда, алма бағасы 0,5%-ға, қияр мен қызанақ 0,4%-ға, қара шай 0,2%-ға арзандаған. Бакалея өнімдері және жартылай қатты ірімшік бағасының 0,3%-ға төмендегені байқалады.
Ет өнімдері бойынша базардағы орташа бағаға сәйкес, сиыр және жылқы еті – 3 400 теңге, қой еті – 3 800 және тауық еті – 2 200 теңге. Балық өнімдерінің бағасы 1 500-2 000 теңгенің аралығында саудалануда. Сондай-ақ, сүт өнімдерінің ішінде тек қаймақ бағасының 0,1%-ға төмендегені тіркелген.
Аудан аумағындағы әлеуметтік дүкенде, базарларда және Korzinka сауда үйіндегі баға айырмашылығы айтарлықтай байқалады. Әлеуметтік дүкен сөрелерінде бір бөлке нанның бағасы – 90 теңге, жоғары сұрыпты ұнның келісі – 415 теңге аралығында сатылуда. Ал, қарақұмықтың бір келісі – 265 теңге, күріш – 295, макарон – 330, қант – 365, картоп – 130, пияз – 75, қырыққабат – 155, сәбіз – 150, тауық еті – 2 000, күнбағыс майы (5 л) – 3 750 және тауық жұмыртқасының бір данасы – 50 теңге деңгейінде сатылуда.
Ал, орталық базардағы қалыптасқан бағаны әлеуметтік дүкенмен салыстырғанда біршама жоғары деп айтуға болады. Атап айтқанда, базар аймағында орналасқан азық-түлік дүкендерінде бірінші сұрыпты ұнның келісі – 369 теңге, бөлкен нанның бір данасы – 170, макарон – 380, қарақұмық – 325, күріш – 395, қант – 385, күнбағыс майы (1 литр) – 900 теңгеден сатылып жатыр.
Мұнда көкөніс пен жеміс-жидек бағалары да біршама жоғары. Атап айтқанда, картоптың бір келісі – 300 теңге, пияз – 150, қырыққабат – 200, сәбіз – 200-300 теңге аралығында, ал қияр – 800-900, қызанақ – 900 теңге және алма – 350-700 теңге аралығында сатылуда.
Орталық базар аймағында орналасқан Korzinka сауда үйіндегі қалыптасқан баға әлеуметтік дүкен мен базар арасындағы орташа деңгейде қалыптасқан. Мұнда нан – 140 теңге, ұнның екі келісі – 895 теңге, макарон – 340 теңге, қарақұмық – 325 теңге, күріш – 395 теңге, қант – 385 теңге, ас тұзы – 110 теңге және күнбағыс майы (1 л) – 1 055 теңге. Көкөніс пен жеміс-жидек бағаларына келсек, картоп – 253 теңге, пияз – 95 теңге, қырыққабат – 239 теңге, сәбіз – 215 теңге, қияр – 779 теңге, қызанақ – 869 теңге және алма – 500-700 теңге аралығында сатылуда.
Бүгінгі таңда халықтың күнделікті тұтынатын негізгі азық-түлік өнімдерімен толық қамтамасыз ету қоғамдағы ерекше маңызға ие мәселе болып отыр. Осыған сәйкес, азық-түлік нарығындағы жағдай тұрақты бақылауда болып, қабылданған шаралар өз нәтижесін беріп отырғаны да анық. Дегенмен, кейбір өнімдер бағасының өсімі тұрғындардың наразылығын тудырып отырғандықтан, мониторинг пен бақылау жұмыстары тұрақты жалғасын табуы қажет. Мұндай шаралар халықтың күнделікті тұтынатын тауарларға қолжетімділігін қамтамасыз етуде аса маңызды рөл атқарады…

Аяжан ҚАзыбек,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close