Basty bet
Баспана – бақыт шамы, әлеуметтік игілік!
Б.Момышұлы ауылында 60 пәтерлі екі бірдей тұрғын үйдің құрылысы қарқынды жүргізілу үстінде
Кез келген мемлекетте тұрғын үй, азаматтарды баспанамен қамту мәселесі – негізгі мәселелердің бірі болып саналады. Олай болатыны, ел азаматтарының әлеуметтік игілігі мен тұрмысының жеңілдеуі олардың тұрғын үймен қамтылуына тікелей байланысты. Әділетті, Адал қоғам құрумен бірге, соңғы жылдары Қазақстанда тұрғын үй саласын дамытудың бірыңғай моделі әзірленіп, оның негізгі қағидаты әсіресе, әлеуметтік әлжуаз топтағы тұрғындар үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру болып отырғанын жақсы білеміз. Осы мақсатта елімізде тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыруға ықпал ететін жаңа тұрғын үй бағдарламалары кезең-кезеңімен енгізілуде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында отбасылық табыстың түрлі деңгейіне сай келетін бірыңғай тұрғын үй саясатын әзірлеуді Үкіметке тапсырғаны белгілі.
Осыған сәйкес, кезекте тұрған аз қамтылған көп балалы отбасыларға тұрғын үй беру мәселесін шешіп, ал тұрғын үй сатып алу үшін табысы жоқ азаматтарға әлеуметтік жалға беру жағдайында тұруға мүмкіндік берудің қажеттілігі зор.
Ал, Президенттің «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты 2025 жылғы халыққа Жолдауында да азаматтарды тұрғын үймен қамту мәселелеріне баса назар аударылған. «Қазіргі жағдайда мемлекет пен бизнес серіктестік орнатпаса, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мүмкін емес. Бұл – аксиома.
Кейбір тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы нысандарын әкімдіктердің қарамағында сақтап қалу қажет пе, жоқ па деген мәселені жаңаша зерделеген жөн. Жеке коммуналдық нысандарды мемлекет меншігіне алу – даулы мәселе. Оның бәрі ерте ме, кеш пе, қайтадан жекеге өтеді. Сондықтан мемлекет бұл саланы бақылап, реттеумен айналысуға тиіс. Ал оның инфрақұрылымын жаңғырту және жаңа технологияларды енгізу – жеке сектордың шаруасы» деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Өз үйім – өлең төсегім» десек те, ел өңірлерінде «үйі жоқтың – күйі жоқ» болып, баспанаға зәру азаматтардың қатары жыл санап көбеймесе, азайып отырған жоқ. Ал, әлеуметтік осал топтағы баспанаға мұқтаж отбасыларды мүмкіндігінше мемлекеттің есебінен тұрғын үймен қамтамасыз ету – күн тәртібінде тұрған маңызды мәселе. Бұл бағытта кезең-кезеңімен атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар да аз емес. Жуалы ауданында да баспанаға мұқтаж әлеуметтік осал топтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесіне тұрақты көңіл бөлініп келеді.
Бұл мақсатта 2023 жылы ауданның мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға – 36 арендалық пәтер сатып алу құқығынсыз берілгенін жақсы білеміз. Аудан басшылығының азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмыстарды қолға алуының нәтижесінде, бұл игі бастама өз жалғасын тауып, жыл өткен сайын көпқабатты тұрғын үйден пәтерге ие болып, қоныс тойын тойлап жатқан отбасылар қатарының артып келе жатқаны көңіл қуантады.
2024 жылы Жуалы ауданында «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның бюджеті есебінен қаржыландырылып, Б.Момышұлы ауылында 5 қабатты, 60 пәтерлі ірі панельді тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, 909,6 млн теңгеге сатып алынғаны белгілі. Тұрғын үйдің құрылыс-монтаж жұмыстарын танымал тараздық мердігер ұйым – «Бином» ЖШС жүргізіп, пайдалануға берді. Бұл жобаның мемлекеттік қолдау тетіктерінің негізінде тұрғын үй құрылысын дамытуға бағытталған жұмыстардың бір бөлігі ретінде жүзеге асырылғанын айта кеткен жөн. Алдағы кезеңде ауданда осыған ұқсас жобалар кезең-кезеңімен іске асырылады деп күтілуде.
Ресми мәліметке сәйкес, Жуалы ауданында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың жалпы саны – 1 959 азаматты құрайды. Атап өтерлігі, биыл ауданның орталығы Бауыржан Момышұлы ауылында 5 қабатты, 60 пәтерлі екі бірдей тұрғын үйдің құрылысы қарқынды жүргізілу үстінде. Құрылыс жұмыстарын тараздық құрылыс мекемесі «ТемірБетонҒимаратТараз» ЖШС өзінің жеке қаражаты есебінен жүзеге асырып жатыр. Нысандарды ағымдағы жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланғанын да айта кеткен жөн.
– Тұрғын үйге арнап салынып жатқан нысанның құрылыс-монтаж жұмыстарының орындалу көрсеткіші – 25 пайызды құрап отыр. Қазіргі таңда нысан құрылысының басында бірнеше бірлік арнайы техника және 70 жұмысшы тұрақты жұмыс атқару үстінде. Оның ішінде, 20 адам бетон құю жұмыстарында болса, 20 жұмысшы кірпіш қалау, екі адам дәнекерлеу, 15 адам ғимараттың ішкі әрлеу жұмыстарын атқарса, екі маман механик-оператор, екі адам аспаз, ал, алты адам әртүрлі құрылыс жұмыстарын атқаруда.
Сонымен қатар, 2026 жылы ауданның орталығы Бауыржан Момышұлы ауылындағы халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 1 қабатты, екі пәтерлі 10 тұрғын үйді сатып алуға республикалық бюджеттен – 141,2 миллион теңге және жергілікті бюджеттен – 42,0 миллион теңге қарастырылған. Қазіргі таңда «Көктөбе» жаңа тұрғын алабының аумағында жалпы ауданы – 1 260 шаршы метрді құрайтын 1 қабатты, екі пәтерден тұратын 10 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілу үстінде. Нысандарды ағымдағы жылдың шілде айында сатып алу жоспарланған. Мұнда құрылыс-монтаж жұмыстарының орындалуы – 97 пайызды құрайды,- дейді аудан әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі Тимур Қалдыбаев.
Баспана – бақыт шамы, әлеуметтік игіліктердің де дені дәл осы тұрғын үй-баспана мәселесімен тікелей байланысты екені бұрыннан белгілі. Отбасында жас ұрпақ өмірге келіп, өсіп-өніп, көбейгенде ғана көсегеміздің көгеретіні анық. Бұл маңызды мәселенің елдің демографиялық өсіміне де тікелей әсері бар екені жасырын емес. Сондықтан, ел өңірлерінде тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтарды мемлекеттік қолдауды жеделдетіп, азаматтарды баспанамен қамтуға мықтап көңіл бөлген абзал болмақ…
Ендігі кезекте ауданда баспанаға мұқтаж отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытында нақты атқарылып жатқан жұмыстарға келсек, Б.Момышұлы ауылында 5 қабатты, 60 пәтерден тұратын екі бірдей тұрғын үйдің құрылысы биыл сәуір айының орта тұсында басталып, қазір нысанның басында құрылыс-монтаж жұмыстары қарқынды жүргізілу үстінде. Құрылыс-монтаж жұмыстарын тараздық «ТемірБетонҒимаратТараз» ЖШС өзінің жеке қаражаты есебінен жүзеге асырып, нысанның уақтылы мерзімінде пайдалануға берілуіне барынша күш салуда.
Ауылдың төменгі бөлігінде қатар салынып жатқан екі тұрғын үйдің де құрылысы қарқынды жүргізіліп, бес қабатты ғимараттың іргетасымен қоса, қабырғаны ұстап тұруға арналған негізгі тірек-бөліктері ретінде бетоннан ригель, колонналары толық құйылып, ендігі кезекте қабырға кірпіштерін қалау жұмыстары атқарылып жатыр. Қабырға кірпіштерін қалаумен қатар, ішкі қабырғаларды сылау, бөлмелерді бөлу, онымен қоса, сантехникалық, басқа да қосалқы жұмыстар қатар жүргізіліп келеді.
Апта ортасында тұрғын үй құрылысының барысымен танысуға барып, өзіміз де сондағы қызу жұмыстың куәсі болдық. Нысанның басында бетон құюшы, кірпіш қалаушы, пәтерлердің ішін бөлу және ішкі әрлеу жұмыстарын атқаратын, сонымен қоса, инженерлік желілерді жүргізетін бірнеше арнайы бригада еңбек етіп жатыр. Басты мақсат – тұрғын үйдің құрылысын сапалы әрі уақтылы аяқтап, пайдалануға беру.
– Нысанның құрылысына негізінен отандық сапалы материалдар қолданылуда. Атап айтқанда, сапалы цемент елге белгілі зауыттардан тікелей жеткізіліп, одан құрылысқа қолданылатын сапалы бетон өндіріледі. Басқа да темір-бетон өнімдері (плита жабыны, т.б.), ұсақталған қиыршықтас пен құм «ТемірБетонҒимаратТараз» ЖШС-ның Тараз қаласындағы зауыттары мен карьерлерінде жеткілікті көлемде өндіріліп жатыр. Қабырға қалауға арналған кірпіш блоктары да облыс орталығында шығарылады. Нысанның құрылыс жұмыстары белгіленген мерзімде басталды. Ендігі кезекте оны белгіленген мерзімде сапалы аяқтап, тұрғын үй кезегінде тұрған отбасыларға пайдалануға беруге бар күш-жігерімізді саламыз. Өздеріңіз көргендей, жұмыс қарқыны жаман емес. Құрылысқа қажетті материалдың барлығы жеткілікті көлемде. Арнайы техникалар мен жұмысшы күшінен де әзірге ешқандай проблема жоқ,- дейді нысанның учаске басшысы Ахмет Жабықбаев.
Отандық құрылыс нарығында 30 жылдан бері тұрақты түрде жемісті жұмыс атқарып келе жатқан «ТемірБетонҒимаратТараз» ЖШС-ның бұл саладағы әлеуетін өте жоғары деп бағалауға болады. Олай дейтініміз, құрылысқа қажетті материалдардың барлығы дерлік серіктестіктің өз зауыттарында өндіріледі. Арнайы автотехникалары да жұмысқа сақадай сай дайындалып, құрылысты жеделдету үстінде. Қазір құрылыстың басында арнайы техникалардан – көпфункциялы жүктиегіш техникасы, жүккөтергіш кран, дайын бетон және темір-бетон өнімдерін тасымалдауға арналған ауыр жүк көлігі, басқа да қосалқы техникалар жұмысқа тиімді пайдаланылуда.
Ал, тұрғын үйге арнап салынып жатқан бес қабатты тұрғын үй ғимаратының сипаттамасына келсек, үйдің жалпы ұзындығы – 72, ал ені – 12 метрді құрайды. Сегіз кіреберістен тұратын нысанда құрылыстың негізгі жобалық-сметалық құжаттамасына сәйкес – 1,2,3 бөлмелі пәтерлер орналастырылған. Тұрғындардың күнделікті тұрмысына ыңғайлы болу үшін әр пәтерде балкон қарастырылған. Жылыту жүйелеріне арналған қабырға пештері де әр пәтердің ішінде жеке-жеке орналастырылмақ. Бұл өз кезегінде жылдың төрт мезгілінде де пәтерде жылу мен ыстық судың тұрақты болуын қамтамасыз етеді. Одан бөлек, ғимараттың шатыры метал профнастилмен жабылып, қасбеті де метал жабынымен қапталады. Айта кету керек, пәтер бөлмелері таза әрлеумен пайдалануға беріледі.
Баспана – бақыт мекені. Кез келген отбасы үшін тұрғын үйге қол жеткізу үлкен қуаныш болып саналады. Елімізде жыл санап ұрпақ көбейіп, демографиялық өсім ахуалының едәуір жақсарып келе жатқанын ескерсек, баспанаға мұқтаж азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібінен түспейтіні анық. Сәтін салып, аудан орталығында салынып жатқан 60 пәтерден тұратын екі бірдей тұрғын үйдің құрылысы сапалы атқарылуымен бірге белгіленген мерзімде толық аяқталса, тұрғын үй кезегіндегі мұқтаж отбасыларға қоныс тойын тойлайтын қуанышты күн де алыс емес деп сенеміз!
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»