Basty bet
Бір белгісіз қоңыраудың соңы қауіп-қатерге ұласуы мүмкін
Интернет алаяқтығынан сақтану бағытындағы профилактикалық шаралар тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Бұл ретте құқық қорғау органдарының атқарып отырған жұмысы да маңызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Ақордада өткен құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтықтың алдын алу мәселесіне арнайы тоқталып, тиісті органдарға бұл бағытта батыл әрі жүйелі шаралар қабылдауды тапсырған болатын.
Президент аталған жиында бұл қылмыс түрінің әлемнің көптеген елінде кең таралғанын атап өтті.
“Қылмыстың бұл түрі бүкіл әлемде белең алды. Көбіне мұндай іске тыңғылықты ұйымдасқан қылмыстық топтар барады. Олар шетелден әрекет ететіндіктен, тергеу амалдарын қиындатады. Сондықтан бұл ретте алдын алу шараларының мәні зор. Өткен жылы Ұлттық банк жанынан заманауи антифрод-орталық ашылды. Олар күмән тудырған операцияларды анықтап, бұғаттап отырады. Сонымен қатар өздеріне тиесілі инфрақұрылымды пайдалана отырып жасалған алаяқтық үшін банктер мен ұялы байланыс операторларына да жауапкершілік белгілеп жатырмыз. Азаматтарымыздың жеке мәліметтерінің сенімді жерде сақталуын қамтамасыз ету өте маңызды. Халықтың қаржылық сауатын арттырып, қоғамда алаяқтардың әрекеттеріне иммунитет қалыптастыру үшін барлық деңгейдегі депутаттармен бірлескен жұмысты күшейткен жөн.
Алаяқтар ақшаны жылыстататын немесе сыртқа шығаратын құйтырқы айлаларына адамдарды алдап түсіреді. Бұл да үлкен проблемаға айналды. Азаматтарымыз пайдаға кенелеміз деп оларға банк есепшоттарын беріп қояды. Бірақ бұл әрекеттерінің салдары қандай ауыр болатынын ойлай бермейді. Соңғы бір жарым жылда 50 мыңнан астам адам осындай жағдайға душар болды. Өкінішке қарай, олардың басым бөлігі – жастар. Бұл мәселеге қатысты шұғыл шара қабылдау керек. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктермен бірге осындай шоттарды алдын ала анықтап, бұғаттайтын тиімді жүйені жолға қойғаны жөн. Аталған мәселенің бір ұшы бақылаусыз сим-карта айналымына келіп тіреледі. Тек биылдың өзінде сим-карталарды басқа біреудің атына рәсімдеген 100 мыңға жуық факті анықталды. Нөмірлерді түрлі қылмыстық мақсатқа пайдаланады” деп Үкіметке уәкілетті органдармен бірлесіп, сим-карталарды сату тәртібін реттеу және оларды заңсыз таратқаны үшін мобильді операторлардың жауапкершілігін күшейту жөнінде тапсырма берілді.
Интернет арқылы жасалатын қылмыстардың жолын кесу бағытында Жуалы аудандық полиция бөлімі де жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Интернет алаяқтығының алдын алу, қылмыстарды дер кезінде анықтау және тергеп-тексеру тиімділігін арттыру мақсатында құзырлы органдардың қатысуымен мекемеаралық кездесулер мен түрлі форматтағы жиындар ұйымдастырылуда.
Аудандық полиция бөлімінің мәліметінше, тұрғындарға киберқауіпсіздік талаптарын түсіндіру мақсатында «Zhualy-rop» ресми парақшасы ашылған. Онда интернет алаяқтығынан сақтануға арналған бейнероликтер мен ескертулер тұрақты түрде жарияланып отырады.
Интернет алаяқтығының тағы бір қауіпті тұсы – қылмыскерлерге көмектесетін дропперлердің пайда болуы. Дропперлер – қылмыстық жолмен алынған қаражатты өз есепшоттары арқылы өткізуге, шешіп алуға көмектесетін немесе банк шоттарын басқа адамдардың пайдалануына беретін азаматтар.
Аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Ринатхан Заппаровтың айтуынша, дропперлердің жауапкершілігі күшейтілген. 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне жаңа 232-1-бап енгізілді. Аталған нормада банк шотына, төлем немесе сәйкестендіру құралына қолжетімділікті заңсыз ұсыну, беру және алу, сондай-ақ төлемдер мен ақша аударымдарын заңсыз жүзеге асыру үшін жауапкершілік қарастырылған.
Қылмыстың ауырлығына, сипатына және алынған пайда мөлшеріне қарай мүлікті тәркілей отырып, жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Сонымен қатар заңда аталған қылмыстық құқықбұзушылықты алғаш рет жасаған, бұл туралы өз еркімен хабарлап, оны ашуға немесе жолын кесуге белсенді ықпал еткен адамды, егер оның әрекетінде өзге қылмыстық құқықбұзушылықтың құрамы болмаса, қылмыстық жауаптылықтан босату мүмкіндігі қарастырылған.
Аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Ринатхан Заппаровтың сөзінше, егер тергеу барысында дроппердің алаяқтардың қылмыстық әрекетін білгені дәлелденсе, ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 28-бабының 5-бөлігіне сәйкес қылмыс жасауға көмектесуші ретінде жауапқа тартылады. Ал интернет алаяқтығынан зардап шеккен азаматтар өз құқықтарын қорғауға құқылы. Тергеу барысында анықталған дропперлерге қатысты жәбірленушілер Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 953-бабының 1-бөлігіне сәйкес негізсіз баюға қатысты талап қойып, келтірілген шығынды өндіріп алуды сұрай алады.
Бұған қоса, 2025 жылғы 30 қыркүйектен бастап Қазақстанда тұтынушылық кепілсіз онлайн қарыздар беру кезінде міндетті «салқындату» кезеңі енгізілген. Оның негізгі мақсаты – қарыз алушыға шешім қабылдауға уақыт беру, осылайша қарыз шартын асығыс жасау немесе алаяқтық схемаға тартылу ықтималдығын азайту.
Аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасарының мәліметінше, өткен жылғы талдау интернет алаяқтарының азаматтарды алдауда бірнеше әдісті жиі қолданатынын көрсеткен. Мәселен, 156 жағдайда қылмыскерлер өздерін банк, құқық қорғау органы, ұялы байланыс операторы, «Қазпошта» немесе коммуналдық мекеме қызметкері ретінде таныстырған. Сондай-ақ, 184 азамат Instagram желісі арқылы тауарға тапсырыс беру немесе жұмысқа орналасу үшін ақы төлеу кезінде алданған. Instagram, Telegram және WhatsApp арқылы «ақшаңызды еселеп береміз» деген жалған ұсыныстарға сенген 60 адам зардап шеккен. Ал 119 жағдайда қылмыскерлер азаматтарды алдап, жеке мәліметтерін иемдену арқылы олардың атына онлайн несие рәсімдеген.
Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін ең алдымен жеке және қаржылық мәліметтердің құпиялығын сақтау қажет. Банк картасының нөмірін, жарамдылық мерзімін, артқы жағындағы CVV кодын, SMS арқылы келетін растау кодтарын бөгде адамға айтуға болмайды. Мессенджерлер арқылы жолданған күмәнді сілтемелерге де өтпеген жөн. Мәселен, «байқауда дауыс беріңіз», «сыйлық ұтып алдыңыз», «жұмысқа орналасу үшін төлем жасаңыз» деген сипаттағы ұсыныстардың артында алаяқтық схема тұруы мүмкін. «Тез ақша табу», «қаражатты қысқа мерзімде еселеу», «үлкен ұтысқа ие болу» секілді уәделерге де сақтықпен қараған абзал. Күмәнді жағдайда ақпаратты сол мекеменің ресми байланыс арналары арқылы тексерген дұрыс.
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында, сондай-ақ Ішкі істер министрлігі жариялаған «Профилактика жылы» шеңберінде полиция қызметкерлері тұрғындардың құқықтық және қаржылық сауатын арттыруға бағытталған профилактикалық жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп келеді. Облыс көлемінде бұқаралық ақпарат құралдарында 102 материал жарияланып, олар телеарналар мен ақпараттық ресурстар арқылы тұрғындарға жеткізілді. Әлеуметтік желілерде Instagram, Facebook және YouTube платформаларында 677 жарияланым орналастырылған. Халық көп шоғырланатын орындарда профилактикалық бейнероликтер көрсететін 8 LED экран жұмыс істейді. Сонымен бірге 6 билбордқа ескерту материалдары орналастырылып, 34 700 дана арнайы брошюра таратылған. Медиатұлғалар, блогерлер және елге танымал спортшылардың қатысуымен үндеулер әзірленіп, профилактикалық бейнероликтер дайындалуда. Олар WhatsApp топтары арқылы да тұрақты түрде таратылуда.
Жуалы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері тұрғындардың құқықтық әрі қаржылық сауатын арттыруға бағытталған түсіндіру жұмыстарын үздіксіз жүргізуде. Сақтық шаралары туралы аудиожазбалар қоғамдық орындарда, сауда үйлері мен супермаркеттерде, қоғамдық көліктерде, базарларда және қызметтік көліктердің дауыс зорайтқыштары арқылы хабарлануда. Адамдар көп жиналатын орындарға, банкоматтар мен терминалдардың маңына, сауда орталықтары мен супермаркеттерге және басқа да нысандарға ескертпе материалдар орналастырылған.
Аудандық полиция бөлімінде қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға да басымдық берілуде. Осы бағытқа жауапты тергеушілер мен жедел-іздестіру қызметкерлері оқытылып, олардың жұмысына тұрақты түрде талдау жасалуда. Интернет қылмыстарымен күреске маманданған «Cyberpol» тобы да өз жұмысын жалғастырып келеді.
Цифрландыру адам өмірін жеңілдеткенімен, оның мүмкіндіктерін қылмыстық мақсатта пайдаланатындардың да көбейгені жасырын емес. Сондықтан интернет алаяқтығына қарсы күрес тек құқық қорғау органдарының міндеті емес, қоғам болып атсалысуды қажет ететін ортақ мәселе. Алаяқтың арбауына түспеудің ең қарапайым жолы – асықпау, ақпаратты тексеру және жеке мәліметтерді қорғау. Бейтаныс адамның сөзіне бірден сенбей, кез келген күмәнді ақпаратты анықтап алған жөн. Өйткені, цифрлық дәуірде сақтық таныту – қаржы мен жеке деректерді қорғаудың ең тиімді жолдарының бірі.
Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”