Basty bet
Шу ауданында жоғары технологиялық өндіріс: «Jibek joly» АЭА-да дрон шығаратын зауыт салынады
Жамбыл облысының Шу ауданындағы «Jibek joly» арнайы экономикалық аймағында (АЭА) ұшқышсыз ұшу аппараттарын (БПЛА) өндіретін ірі инвестициялық жобаны іске асыру пысықталуда. Жоба ТОО «AY.RAIC» базасында жүзеге асырылмақ, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Жалпы құны 10,4 миллиард теңгені құрайтын бастама өңірде заманауи өнеркәсіпті дамытуға, озық технологияларды енгізуге және өндірістік әлеуетті арттыруға бағытталған. Кәсіпорынды арнайы экономикалық аймақ аумағында орналастыру инфрақұрылымдық және салықтық жеңілдіктерді тиімді пайдалануға мүмкіндік беріп, жобаның тұрақты іске асуына қолайлы жағдай жасайды.
Шу ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Жеңіс Нұрғалиевтің айтуынша, бұл жоба аудан экономикасы үшін стратегиялық маңызға ие.
– Ұшқышсыз ұшу аппараттарын өндіру жобасы – өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырудағы маңызды қадам. Біз бұл бастаманы тек инвестиция ретінде ғана емес, жаңа жұмыс орындарын ашатын, заманауи технологиялар мен құзыреттерді қалыптастыратын жоба ретінде қарастырамыз. Мұндай өндірістер өңірдің инвестициялық тартымдылығын күшейтіп, жоғары технологиялық бағытқа көшуіне негіз болады, – деді ол.
Жоспарға сәйкес, кәсіпорын әртүрлі салаларда қолданылатын қашықтан және автоматты басқарылатын дрондарды шығаруға маманданады. Атап айтқанда, өнімдер ауыл шаруашылығында (егістікті қорғау, бүрку, тұқым себу), өрт қауіпсіздігі саласында, сондай-ақ инспекциялық және мониторингтік бақылауда пайдаланылмақ.
Өндірістік желіге аграрлық секторға арналған дрондар, өрт сөндіруге арналған БПЛА және барлау, бақылау жұмыстарын жүргізетін инспекциялық құрылғылар енеді. Сонымен қатар, қосымша жабдықтар – аккумуляторлар, зарядтау станциялары, ангарлар және басқа да техникалық шешімдер шығару көзделген.
Заманауи навигациялық жүйелермен және арнайы техникалық жабдықтармен қамтылатын дрондар өндірісте де, төтенше жағдайлар кезінде де тиімді қолдануға мүмкіндік береді.
Жоба аясында автокөлік және рефрижераторлық жабдықтарға арналған аккумуляторлар өндірісін жолға қою да жоспарланған. Бұл кәсіпорынның қызмет аясын кеңейтіп, қосымша қосылған құн тізбектерін қалыптастыруға ықпал етеді.
Кадр даярлау мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Шу қаласындағы теміржол колледжінде дрондарды құрастыру және қызмет көрсету бойынша арнайы оқу бөлімін ашу жоспарланған. Бұл бастама жастарға сұранысқа ие техникалық білім алып, жаңа өндірісте жұмысқа орналасуына жол ашады.
Жалпы алғанда, жобаны іске асыру Шу ауданы экономикасын әртараптандыруға, инновациялық өнеркәсіпті дамытуға және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға елеулі үлес қоспақ.