Basty bet
Жуалы ауданы – тарих толқынында
Жамбыл облысының құрамындағы қасиетті Жуалы ауданы табиғат тарту еткен көрікті жерлерге өте бай. Оларға – Көксай, Ақсай секілді тау шатқалдары, қызғалдақтар отанына айналған әйгілі Берікқара шатқалы жатады. Жуалы тек табиғатының сұлулығымен ғана ерекшеленбейді, Алатау бөктерін жағалай орналасқан аудан облыстағы ең қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі болып табылады. Ауданда есімі ел тарихына алтын әріппен кестеленіп жазылған көрнекті тұлғалардың бірнеше буыны өсіп-жетілгенін жақсы білеміз. Біз өзімізді аты аңызға айналған қазақ халқының қаһарман перзенті, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы мен шығармаларында туған топырағын шынайы суреттей білген Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның жерлестеріміз деп мақтанамыз.
Ауданда өңірдің инфрақұрылымы мен экономикасының дамуына, өсіп-өркендеуіне қомақты үлес қосқан адамдар көптеп саналады. Ауданның экономикасы негізінен аграрлық бағытқа ие болғанымен, өнеркәсіп өнімдерінің өсу үрдісі де байқалады. Экономиканың негізгі салалары – тәлімі және суғармалы егін шаруашылығы, ет-сүт өндірісі. Өңірде негізінен дәнді және мал азығы дақылдары, сондай-ақ көкөніс, картоп, бақша өнімдері бапталады. Мүйізді ірі қара, қой-ешкі мен жылқы көптеп өсіріледі.
Аудан аумағы жан-жағынан таулармен қоршалған. Теріскей тұсынан – Қаратау жоталары, батысында – Боралдай таулары, түстік жағында – Талас Алатауы жоталары, шығысында – Қырғыз Алатауы орналасқан, ауа райы күрт құбылмалы.
Жуалы – бұл табиғаты ерекше сұлу, Қазақстанға елдің дамуына сүбелі үлес қосқан ондаған тұлғаларды сыйлаған өлке. Өңірді «Мың бұлақтар мен батырлар өлкесі» деп те атайды. Мұнда Ұлы Отан соғысындағы даңқты қолбасшы, жазушы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы дүниеге келген. Берекелі жерінің қойнауынан таза бұлақтардың суы атқылап шығып жатыр.
Ел тағдыры қашанда онда өмір кешкен адамдардың тағдырымен сабақтас, тамырлас келеді. Ортақ Отан ортақ тарихты жасайды. ХХ ғасырдың басында мұнда Ресейдің ішкі аймақтарынан орыстар, немістер мен басқа ұлт өкілдерінен құралған алғашқы қоныс аударушылар келе бастады. Ауданда алғашқы көпұлтты ұжым өткен ғасырдың 20-жылдары құрала бастады. Бұл кезде көшпенділер мен көршілес ауылдардың тұрғындары Түрксіб темір жолының Жуалы бөлімшесінің құрылысын салуға жұмылған еді. Ауданның әр түкпірінен келген жартылай жалаңаш, аш құрсақ адамдар темір жолдағы негізгі жұмыстарды қолмен атқарды, олар қиындыққа қарамастан бір отбасындай өмір сүріп, еңбек етті.
Сол тұста елдімекен атауына байланысты ел арасында тарап кеткен бір аңыз Түрксіб темір жолымен байланысты. Аңызда айтылғандай, темір жолдың құрылысы аяқталғаннан кейін оны қабылдауға Мәскеу мен Алматыдан республика темір жолының бас инженері Мұхамеджан Тынышпаев бір топ жолдастарымен келген. Комиссия жолды айналып, тексеріп жүргенде желдің қатты екпіні Мәскеуден келген комиссия төрағасының бас киімін ұшырып кетіпті. Ол Мұхамеджан Тынышпаевқа қарап тұрып: «Бұл жердің бораны қандай күшті еді» деп таңданған екен. Аудан орталығының «Бурное» деген атауы, станцияның қазіргі «Боранды» атауы осыдан келіп шыққанға ұқсайды.
Темір жол құрылысы жүргізілгеннен бері бір ғасырдан астам уақыт өтті. 1920-жылдардың өзінде Жуалы уезі «Бурно-Ивановск» болыстығы аталды. 1924 жылы ол «Бурно-Октябрьск» деп өзгертіліп, орталығы Бурно-Октябрьск селосы болды. Тас жолдың негізгі желісі Бурно-Октябрьск ауылынан Әулиеатаға Күйік асуы арқылы өтіп жатты. Ол кезде қазіргі Теріс-Ащыбұлақ көлі болмаған, өзенді жағалай су диірмені тұратын.
Аудан халқының саны біртіндеп өсе берді. 1950 жылға дейін аудан орталығы Бурно-Октябрьск селосы болды. Тұрғындардың денін немістер мен орыстар құрады. Жергілікті ұлт өкілдерінен аздаған адам болды, ауылда қарым-қатынас негізінен орыс тілінде жүргізілді. Аудандағы жалғыз аурухана Бурно-Октябрьск ауылында болды. Оған бас дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты Дмитрий Дмитриевич басшылық етті.
Ауыр науқас адамдар мен жүкті әйелдерді ауруханаға ат арбамен жеткізетін. Ауруханада Америкада шығарылған «Студер Бекер» машинасы болды. Ол аурухана жанында әрі жедел жәрдем әрі шаруашылық көлігі болды. Машина соғыс аяқталғаннан кейін әскери резервтен берілген еді. 1930 жылдың қазанында Бурно-Октябрьск селосында №2 «Каучукпромхоз» құрылған болатын.
1933 жылы ауданға аштықты бастан өткізген 1 600 адам келді. 1937 жылы көптеген жуалылықтар саяси қуғын-сүргіннің құрбандарына айналды. Көнекөз тұрғындардың естеліктеріне қарағанда, тек бір түннің өзінде 30-дан астам адам тұтқындалып, лагерлерге айдалған. Оның 17-сі – Қызыларық ауылынан, алтауы – Талаптыдан, сегізі – Орақ-Балғадан. Оның барлығы дерлік үйлеріне оралмаған.
Соғыс өрті бұрқ ете қалғанда, тылдағы ауыр еңбек әйелдердің мойнына түсті. Олар комбайндар мен тракторлардың штурвалына отырып, майдан шебін азық-түлікпен, киіммен қамтамасыз ету үшін егіс алқаптары мен зауыт-фабриктерде күні-түні аянбай еңбек етті. Ұрыс даласына кеткен әкелерінен, бауырлары мен күйеулерінен кем жұмыс істемеді.
Егер соғыс жылдарын еске түсірсек, онда біздің майдангерлерді де еске түсірген жөн болады. Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, бүгінде ауданда үш мыңнан астам майдангердің ұрпағы тұрады. Соғыстан оралған майдангерлер түрлі салаларда бел шешпей еңбек етті. Барлық майдангерлердің есімі Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласындағы «Ерлік» мемориалдық кешенінің стеллаларындағы мәрмәрде қашалып жазылды. Біз ел жүрегі – Мәскеу қаласын қорғауда өзін батыл офицер, сауатты қолбасшы ретінде көрсеткен Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының ерлігімен мақтанамыз.
Жуалы өңірі ауданнан шыққан Кеңес Одағының Батырларын мақтан тұтады. Дмитрий Пахомов фашистермен қиян-кескі шайқаста ондаған неміс танкісін жойып, ұрыс даласында ерлікпен қаза тапты. Генерал-лейтенант Дмитрий Ковешников, Владимир Вишневецкий, Федор Кердань майданда ерліктің өшпес үлгісін көрсетсе, ержүрек жерлесіміз Тайыр Тастандиев туған жеріне «Даңқ» орденінің толық кавалері болып оралды. Майданға шақырылған үш мыңға тарта жуалылықтың тең жартысына жуығы ұрыс даласында көрсеткен ерлігі үшін мемлекеттік наградаларға ие болды. Олардың арасында А.Момынқұлов, А.Попов, И.Исаенко, М.Бердібаев, С.Әбдірайымов, А.Молдакәрімов, Т.Сейтаевтар болды. Төрен Сейтаев Мәскеуде өткен Жеңіс парадына қатысты.
Жұрымбай Медетов соғыстан кейінгі жылдары таулы аймақтағы Қошқарата (бұрынғы Кантемировка) ауылындағы ұжымшардың төрағасы болып еңбек етті. 1962 жылы Жамбыл облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаровпен бірге КОКП-ның XXIV съезінің делегаты болып сайланды. Ш.Ақжолов, Н.Лебединский және басқа да көптеген майдангердің есімі бүгінгі ұрпақтың мәңгі есінде.
Биыл елімізде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы лайықты аталып өтті. Сондықтан да жанқиярлық ерлігімен Жеңісті жақындатқан майдангерлер мен тыл ардагерлерін еске алып, бейбіт аспан мен жарқын келешек үшін олардың алдында тағзым етсек, нұр үстіне нұр болады.
Егемен Қазақ елі күні кеше ғана Республика күні ұлттық мерекесін кең көлемде атап өтті. Бұл – алты Алашқа батыр бабалар аңсап өткен азаттықтың ақ таңы алғаш паш етілген күн! Ата-бабалар аңсаған азаттықтың, Ел Тәуелсіздігінің бастауы болған Егемендік Декларациясының қабылданғанына биыл – 35 жыл толып отыр. Бұл – ел өміріндегі айрықша атаулы дата.
Ендеше, қасиетті Отанның іргесі берік, ел аман, жұрт тыныш, осынау мерейлі мереке құтты болсын, қадірлі жерлестер!
Шәкіржан МАМАДЖАНОВ,
еңбек ардагері, Жуалы ауданының Құрметті азаматы.
Жамбыл облысы мен Жуалы ауданының Құрметті ардагері,
«Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері.
Б.Момышұлы ауылы