Basty bet
Әр басқан қадамы – қайсарлықтың көрінісі
Әр адамның өмір жолы әрқилы. Біреуге тағдыр кең мүмкіндіктер сыйласа, енді біріне өмірдің әр белесін үлкен күшпен бағындыруға тура келеді. Бірақ адамның бақыты денінің саулығымен ғана өлшенбейді. Өмірге деген құштарлық, алға қойған мақсат пен қайсарлық бар жерде алынбайтын асу жоқ. Ақсай ауылдық округіне қарасты Диқан ауылында тұратын Досымжан Құрмансейттің өмір жолы – соның бір айқын дәлелі. Туғаннан бері ІІ топ мүгедектігі бар азамат тағдырдың тосқауылдарына қарамастан, қоғамнан шет қалмай, еңбек етіп келеді.
2004 жылы дүниеге келген Досымжан бала кезінен үйде білім алған. Соған қарамастан, елмен етене араласуға, өз қатарынан қалмауға ұмтылды. Қазір аудан тұрғындарына такси қызметін көрсетіп, «Алға» такси қызметінің құрамында еңбек етеді. Таңнан кешке дейін рөлде отырып, нәпақасын адал еңбектен тауып жүрген оның көлік жүргізуіне қолдағы балдақ та кедергі емес.
Досымжанның спортқа деген қызығушылығы да ерекше. Бала күнінен аудандық спорт кешеніне барып, жаттықтырушылардан тәлім алған. Әсіресе, қол күресіне деген ынтасы жоғары. Осы спорт түрінен түрлі ауқымды жарыстарға қатысып, жүлделі І және ІІ орындарды иеленген.
– Мен өмірге келгеніме қуанамын. Әрбір күнімді бақыт деп санаймын. Осы өмірде бар болғанымызға шүкір деймін. Өз жағдайыма қарап, біреуге масыл болғым келмейді. Еңбек етіп, қоғамға бейімделіп өмір сүруді қалаймын, – дейді Досымжан.
Оның жанындағы ең үлкен тірегі – отбасы. Анасы Меруерт Кемелова да ІІІ топтағы мүгедектігі бар жан. Қолында балдағы болғанына қарамастан, ол да бір ғана зейнетақыға қарап отырмайды. Күнделікті нан жауып, ауыл тұрғындарына ұсынып, өз еңбегімен нәпақасын тауып келеді. Әкесі Әділет Сейітқұлов та ауылда әртүрлі жұмыстар істейді. Ал, інісі Данияр №16 Жуалы колледжінде электрик мамандығында білім алуда. Ол да ІІ топтағы мүгедектігі бар. Дегенмен Досымжан інісінің оқуына жауапкершілікпен қарап, сабаққа уақтылы барып-қайтуына көмектеседі. Ақбастау ауылына апарып, алып келеді. Осылайша өзі қиындық көріп жүрсе де, жақындарына сүйеу болуға тырысады.
Досымжанның ауылда досы да, танысы да көп. Мінезі ашық, адамдармен тез тіл табысады. Өзінің айтар ойы, қоғамға деген өз көзқарасы бар. Ол кейде кез келген істің қаражатқа келіп тірелетініне қынжылады. Соған қарамастан, қол қусырып отыруды жөн көрмейді. Өткен жылы «Мансап» орталығы арқылы қайтарымсыз грант иеленіп, кәсіп бастауға талпынды. Алған қаржысына қой сатып алып, мал шаруашылығымен айналысып көрді. Алайда кәсіпкерліктің қыр-сырын, құжат жүргізу мен есеп тапсыру тәртібін толық білмегендіктен, бірқатар қиындықтарға тап болды.
Денсаулығына байланысты қыс мезгілі де Досымжан үшін оңай емес. Балдақпен жүретіндіктен, суық күндері аяқтарына салмақ түсіп, сыртқа шығуы қиындайды. Осыған байланысты кәсіпкерлік жұмысының есебін уақтылы тапсыруда да қиындықтар туындаған.
– Мүмкіндігі шектеулі жандарға кәсіп бастауға мүмкіндік беріліп жатқаны жақсы. Бірақ сол істі ары қарай дұрыс жүргізу үшін құжат, есеп мәселесінде түсіндіру, бағыт-бағдар қажет. Осындай кезде «Мансап» орталығының мамандары бізге қолдау көрсетсе екен, – дейді ол.
Досымжанның арманы да көп. Оның ең басты тілегі – денінің сау болуы. Ал, спортқа деген сүйіспеншілігі оны үлкен мақсаттарға жетелейді.
– Армансыз адам болмайды. Бұл өмірге келген соң арман да таусылмайды. Әр адамның жүрегінде өзі ойлаған, армандаған дүниесі бар. Бірінші кезекте – денсаулық. Одан кейін өмірге қажетті басқа дүниелер келеді. Менің спортқа деген құлшынысым жоғары. Паралимпиадаға қатысып, қол күресінен өзімді сынағым келеді. Әрине, оған да қаражат керек. Бұдан бөлек, тұрақты жұмысым болса деймін. Такси қызметінде күнделікті жүргеніммен, тұрақты жұмысқа жете қоймайды. Бала кезімнен жылқы малын күтіп-баптауға қызығамын. Армандарымның бірі – жылқы ұстап, атакәсіппен айналысу, – дейді Досымжан.
Бүгінде ол күнделікті тіршіліктің тауқыметіне қарамастан, өз жолын өзі қалыптастырып келеді. Еңбек етіп, отбасына қамқорлық танытып жүрген жас азаматтың өмірге деген құштарлығы мен қайсарлығы көпке үлгі. Тағдырдың салған сынағына мойымай, әр күнінен қуаныш таба білу – үлкен күш. Досымжанның өмір жолы да адам мүмкіндігінің шегі денсаулық жағдайымен емес, адамның өзіне деген сенімі мен талпынысымен өлшенетінін көрсетеді. Ал, осындай еңбекқор, өмірге құштар азаматқа жан-жақты қолдау көрсетіліп, бастамаларына бағыт-бағдар берілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені, Досымжанға аяушылықтан гөрі, өз мүмкіндігін толық жүзеге асыруына жол ашатын нақты қолдау қажет. Оның еңбек етуге деген ынтасы мен талпынысы бар. Ендеше, сол жігерін еселеп, арманына қанат бітірер мүмкіндік берілсе, қоғамға пайдасын тигізер азамат ретінде әлі талай биікті бағындырары сөзсіз…
Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”
