Basty bet
Атқарылатын іс-шаралар күнтізбелік жоспарға сәйкес жүзеге асырылады
Жуалы аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Н.Алтыбаевамен сұхбат
2026 жылдың 23 тамызына тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындық бойынша бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылуда.
Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауына барлығы – 7 саяси партиядан – 546 кандидаттың ұсынылғанын хабарлады. Ендігі кезекте олардың заң талаптарына сәйкестігі тексеріліп, партиялық тізімдерді тіркеу 23 шілдеге дейін жалғасады.
Сайлауға қатысуға 7 саяси партиядан ұсынылған барлық партиялық тізімдерде әйелдер, жастар және мүгедектігі бар азаматтар үшін қарастырылған кемінде 30 пайыздық квота сақталғаны туралы белгілі болды.
Партиялар ұсынған кандидаттар саны мынадай:
• «Әділет» партиясы – 186 кандидат;
• Respublica партиясы – 76 кандидат;
• Қазақстан халық партиясы – 72 кандидат;
• «Ауыл» партиясы – 69 кандидат;
• «Ақ жол» демократиялық партиясы – 63 кандидат;
• «Байтақ» жасылдар партиясы – 47 кандидат;
• Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы – 33 кандидат.
• Осылайша, партиялық тізімдерге барлығы – 546 кандидат енгізілген.
Қазіргі уақытта кандидаттардың құжаттары Конституциялық заң талаптарына сәйкестігін тексеру үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға жолданған. Партиялық тізімді тіркеу 23 шілде күні сағат 18:00-ге дейін жалғасады.
– Нүрзия Бақторазқызы, аудандық деңгейдегі тиісті іс-шараларға сәйкес, 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындық жұмыстары қалай атқарылып жатыр?
– Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2026 жылғы 1 шілдедегі №26/41 қаулысымен бекітілген 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауды дайындау мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарының 1-ші, 2-ші және 3-ші тармақтарына сәйкес, аумақтық сайлау комиссиясының құрамы, оның орналасқан жері, сайлау учаскелерінің шекаралары және сайлау комиссияларының орналасқан жерлері, учаскелік сайлау комиссияларының құрамы туралы хабарламалар аудандық газеттің кезекті санында жарияланып, аудандық аумақтық сайлау комиссиясының интернет-парақшасына орналастырылды. Сонымен қатар, 2026 жылғы 23 шілдеге дейін аталған күнтізбелік жоспардың – 15 және 17-ші тармақтарына сәйкес, Жуалы ауданы әкімдігінің 2026 жылғы 2 маусымдағы №130 қаулысының және Жуалы ауданының әкімдігінің 2024 жылғы 19 маусымдағы №161 қаулысының негізінде белгіленген үгіттік баспа материалдарын орналастыру үшін орындарды және кандидаттарға сайлаушылармен кездесу үшін бөлінген үй-жайларда сайлаушылармен кездесулер кестесі тиісті бұқаралық ақпарат құралдарына жариялау жоспарлануда.
Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясының 2026 жылғы шілде-тамызға бекіткен Қазақстан Республикасы Құрылтай депутаттарының сайлауын ақпараттық сүйемелдеу медиа-жоспарына сәйкес, Жуалы аудандық «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетіне Орталық сайлау комиссиясының үндеуі, күнтізбелік жоспары, Құрылтай депутаттарының сайлауын дайындау және өткізу жөніндегі Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының бірінші кеңейтілген отырысы, Қазақстан Республикасы құрылтай депутаттарының сайлау туралы, азаматтарды сайлаушылар тізіміне енгізу, дауыс беру құқығына есептен шығару куәлігі туралы жалпы – 6 материал жарияланды. Одан бөлек, сайлау тақырыбына қатысты фейсбук-парақшасына – 31, интернет-парақшасына – 25 материал орналастырылып, аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімі арқылы 5 аудио және 6 бейнеролик әзірленіп, әлеуметтік нысан ғимараттарында көрсетілуде.
– 2026 жылғы 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауына жеті саяси партия кандидаттар тізімін ұсынғаны белгілі. Ендігі кезекте саяси партиялардың сенiм бiлдiрген адамдары есебінде кімдер тіркеле алады және тіркеу жұмыстары қалай ұйымдастырылады?
– «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 31-бабы, 1,2,3,4,5-ші тармақтарына сәйкес:
1. Партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партиялардың өздерiне сайлау науқанын жүргiзуге көмектесетiн, сайлау алдындағы үгiттi жүргізетін, кандидаттар, саяси партиялар мүдделерiн білдіретін сенiм бiлдiрiлген адамдары болуына құқылы.
2. Партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партиялар сенiм бiлдiрiлген адамдарын өздерінің қалаулары бойынша тиісті сайлау округiндегi әр сайлау учаскесіне үш адамнан аспайтын санда анықтайды және оларды тiркеу үшiн тиiстi сайлау комиссиясына хабарлайды. Саяси партия сенiм бiлдiрiлген адамдар ретiнде ұсынған адамдар тиiстi сайлау комиссиясына өзiнiң сенiм бiлдiрiлген адам болуға келiскенi туралы өз өтінішін табыс етедi.
3. Сайлау комиссиясы сенiм бiлдiрiлген адамдарды тiркегеннен кейiн оларға тиiстi куәлiк бередi.
4. Сенiм білдiрiлген адам Қазақстан Республикасының он сегіз жасқа толған азаматы болуға тиiс, ол Құрылтай депутаттығына кандидат, қандай да бiр сайлау комиссиясының мүшесi, саяси мемлекеттiк қызметшi лауазымындағы адам болмауы керек.
5. Сенім білдірілген адамдар Қазақстан Республикасының саяси партиялары, өзге де қоғамдық бірлестіктері, коммерциялық емес ұйымдары байқаушыларының құқықтарын иеленеді, міндеттеріне ие болады және партиялық тізімін ұсынған саяси партияның өздеріне жазбаша нысанда берген өкілеттігі шегінде әрекет етеді.
– 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтай депутаттарының сайлауына сайлау учаскелерінің дайындық жұмыстары қашан басталады?
– Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2026 жылғы 1 шілдедегі №26/41 қаулысымен бекітілген 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауды дайындау мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарының 18-ші тармағына сәйкес, дауыс беру басталардан жиырма күн бұрын, яғни 2026 жылғы 2 тамызда, әрбір сайлау учаскесі бойынша әкім қол қойған сайлаушылардың тізімі акт бойынша учаскелік сайлау комиссияларына ұсынылады.
Атап айтқанда, сайлау учаскелерінің жұмысы 2026 жылғы 2 тамызда басталып, дауыс беру күніне дейін жалғасады. 2026 жылғы 2 тамызға дейін сайлау комиссиялары жергілікті атқарушы органдарымен бірлесе отырып, Қазақстан Республикасы орталық сайлау комиссиясының 2012 жылғы 23 қазандағы №21/183 қаулысымен бекітілген «Сайлау учаскесінде дауыс беруге арналған үй-жайды, дауыс беру пунктін жарақтандыру жөніндегі нұсқаулыққа» сәйкес сайлау учаскелерді жабдықтау жұмыстарын атқаратын болады. Бұл ретте мүгедектігі бар азаматтар үшін дауыс беруге арналған үй-жайларды жарақтандыру ерекшеліктеріне мән берілетіні туралы атап өткен жөн деп есептеймін!
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»
