Basty bet
Бағдарламалар мен жобалардың игілігін ел көреді
Жуалы ауданының географиялық орналасуы инвесторларды тартуға, кәсіпкерлікті дамытуға ыңғайлы өңірдің бірі болып саналады. Өйткені «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автомобиль жолы бойында, қала берді Қырғыз Республикасымен және Түркістан облысымен шектесетін аймақ болғандықтан ел және шетел инвесторларын қатты қызықтыратыны белгілі. Дегенмен, бүгінгі таңда ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің жоғарылауына, халықтың әлеуметтік тұрмыс сапасының жақсаруына елімізде жүзеге асырылып жатқан тың жобалар мен бағдарламалардың үлесі зор.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауының да басты бағытының бір саласы ауыл тұрғындарының жағдайын, өмір сүру сапасын жақсартып, өндіріспен қатар ауыл шаруашылығын дамыту болып табылады.
Сонымен қатар Президентіміздің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасында азаматтардың мұң-мұқтажына, талап-тілегіне назар аударып қана қоймай, олардың түйткілді әрі өзекті мәселелерін шешу көзделген. Тұжырымдама азаматтармен сындарлы қоғамдық диалог жүргізуге негізделген. Президенттің түрлі деңгейдегі шенеуніктерге қойған талабы – осы. Өйткені, мемлекетіміз үшін әрбір азаматтың ой-пікірі маңызды. Біздің өңірде де Жолдау жүктеген міндеттер сәтімен жүзеге асырылып келеді.
Ал енді ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішіне тоқталар болсам, өткен сегіз ай қорытындысымен өңірде оң динамика қалыптасты. Бұл кезеңде өнеркәсіп саласында өндірілген өнім 10809,5 миллион теңгені құрады. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы өнімі де жоғары қалыптасып отыр.
Ауданда жалпы құны 6,3 миллиард теңгені құрайтын төрт инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Атап айтсақ, «Көксай» каналының бойынан қуаттылығы 18 мегаватты құрайтын кіші су электр стансасын салу. Оның жобалық құны 5,2 миллиард теңге, нысанды биыл тапсыру жоспарланған. Инвесторы «ҚазГидроОперейтинг» ЖШС болып табылады. Екінші жобаны «Ахмет» шаруа қожалығы жүзеге асыруда. Қожалық 400 бас мүйізді ірі қараға арналған сүт тауарлы фермасының құрылысын жүргізуде.
Келесі жоба Жетітөбе ауылдық округінде жүзеге асырылуда. Ондағы «Жамбыл Агромилк» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі жобалық қуаттылығы жеті тоннаны құрайтын сүт цехын іске қосуда. Қазір бес адамды тұрақты жұмыспен қамтып, 50 миллион теңгенің құрал-жабдықтарын орнатып, сүт өндеу жұмыстарын жаңадан бастап кетті. Бүгінгі таңда тәулігіне екі тонна сүт қабылдауда. Өнім түрін көбейту үшін кәсіпкер қосымша қондырғыларға тапсырыс берген, жалпы жоба құны 70 миллион теңгені құрайды. Соңғы жобаны Күреңбел ауылдық округіндегі «Асылжан» жеке кәсіпкерлігі жүзеге асыруда. Бұл да сүт өнімдерін өңдеуге арналған. Кәсіпкер соған ыңғайлы ғимарат сатып алып, құрылыс жұмыстарын бастап кеткен. Оны жыл соңына дейін іске қоспақ ниетте.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Жобаларды индустрияландыру картасына және өңірлер кәсіпкерлігін қолдау картасы аясында іске асырылатын 4 жоба бар. Оның жалпы құны – 680 миллион теңге. Бұл жобаларды Сұрым ауылында «МОЛ ДАМУ» АШӨК сүт, Жетітөбеде «IMC Group» ЖШС мақсары майын өңдеу, Шақпақатада «Япоша» ЖШС нан өнімі цехтарын жыл соңына дейін құрылыс жұмыстарын аяқтап, іске қоспақ ниетте. Бұдан бөлек, Жамбыл облысының кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілген «ШақпақДорСервис» ЖШС «Битум зауытын қайта жаңғырту» жобасы бойынша «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында инфрақұрылым (газ жүйесін) жүргізу үшін тиісті құжаттарын жинақтап, рәсімдеуде.
Туризмін саласы бойынша ауданда үш жоба жүзеге асырылып жатыр.
Оның біріншісі – «Қаралма» тау-шаңғы базасының құрылысы. Инвесторы – «Таразстрой-2004» ЖШС. Бұл жоба «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында өндірістік инфрақұрылым жүргізу мақсатында құжаттары толығымен жинақталып, өңірлік үйлестіру кеңесінде қаралып, оң шешімін алды. Бұл жоба іске қосылса 120 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Екінші жоба – «Көксай» этно-туристік демалыс аймағы. Онда қонақтарға арналған коттедждер, арқан жолы, тамашалау алаңы, киіз үйлер, моншалар, спорт кешендері, қонақүйлер, бассейндер салу жоспарлануда. Бүгінгі таңда тапшандар мен киіз үйлер және тамақтану мен қызмет көрсету нысандарының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жобаның құны 4,5 миллиард теңгені құрайды, Жоба толықтай іске асырылу барысында 100 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарланған. Үшінші жоба – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолы бойынан «Жол сервисі» кешенін салу. Бұл жобаны жүзеге асыруға 16 жеке кәсіпкер ынталы.
Ауданның негізгі саласы – ауыл шаруашылығы. Бүгінгі таңда аудандағы ауыл шаруашылығы жері 216306 гектар алқапты құрайды. Оның 95449 гектары егістік, арасында 8460 гектар суармалы алқап бар. Қалғаны шабындық, жайылым, көп жылдық екпелер мен басқа да жерлерден тұрады. Ағымдағы жылдың өнімі үшін аудан шаруашылықтары бидайды – 9730, арпаны – 29149, майлы дақылдарды – 22140, картопты – 2708,1, көкөністі – 729,2, дәндік жүгеріні – 326, бақшаны – 11 гектар алқапқа орналастырып, жинап алды.
Көп жылдық шөп 31640 гектарға орналастырылған. Оның жаңа жоңышқасы 3815 гектар. Мал азығы осы алқаптардан дайындалуда. Биыл мал азығы үшін 155 335 тонна пішен, 12520 тонна пішендеме, 41 925 тонна сабан және 4920 тонна сүрлем дайындалған.
Биыл масақты дәнді дақылдардан 73 481 тонна өнім жиналды. Оның ішінде бидайдан 19092, арпадан 54 363 тонна өнім жиналып, әрбір гектардан орташа өнім 18 бен 19 центнерден айналды.
Қазіргі таңда майлы дақылдар жиналуда. Одан 18920 тонна өнім жиналып, әрбір гектарынан алынған өнің 8,8 центнерді құрауда. Бүгінде картоптың 1540 гектары жиналып, орташа өнімділігі гектарына 250 центнерді құрап отыр. Түсімі 38500 тонна. Көкөністен 14014, дәндік жүгеріден 980, соядан 103, бақшадан 270 тонна өнім жиналған. Жиын-терін жұмыстары жалғасуда.
Аудандық агроқұрылымдар мен шаруашылықтарда 634 трактор, 158 комбайн, 790 ауыл шаруашылығы тіркемесі бар. Ауданда мал азығын дайындауға барлық трактор жұмылдырылса, шөп оруға 51 комбайн, 60 шөп тайлағыш, 193 жүк автомобиль, 192 ауыл шаруашылығы тіркемелері қатысты. Бүгінгі таңда барлық ауылдық округтерде мал азығын дайындау жұмыстары атқарылуда.
Үстіміздегі жылы 174 жаңа техника алу жоспарланған, алынғаны 111 жаңа техника. Техниканың жаңару пайызы 7 пайызды құрады. Бұл бағытта жұмыстар жалғасуда.
Күзгі дала жұмыстарына қажетті жанар-жағармай барлық ауылдық округтерден жинақталып, ауыл шаруашылығы басқармасына 2015 тоннаға тапсырыс берілді, 1 литр жанар-жағармай бағасы 205 теңге болып белгілен. Шілде, тамыз, қыркүйек айларына бөлінген жанар-жағармайдың қаржысы аударылып, таратылды. Қазан айына 455 тонна дизель отынын тарату жоспарланған.
Жақсы өнім алу үшін минералды тыңайтқыштың көмегі зор. Биыл жоспар 4 879,5 тонна болып белгіленді. Бүгінгі таңда 303 шаруа қожалық 5449,1 тонна тыңайтқыш алуға келісім-шартқа тұрған. Алынғаны 4 885,2 тонна.
Мал басы да артуда. Атап айтсақ, мүйізді ірі қара 53647, қой-ешкі 268153, жылқы 14987, шошқа 41, құстар 129756 басты құрап отыр. Ауыл шаруашылығы саласына тартылған инвестиция тоғыз айда 612,761 миллион теңгеге орындалады. Ал ауданның негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері 9 айда 28 618,4 милион теңгені құрап, 100,2 пайызға орындалуы күтілуде.
Суғармалы алқаптарды және коммуналдық теңгерімдегі каналдарды қалпына келтіру бойынша 16 канал ұсынылды. Бүгінгі таңда Билікөл және Шақпақ ауылдық округіндегі Дарбаза және Текеқамал ішкі шаруашылық каналдарының жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда. Сонымен қатар Көкбастау ауылдық округіндегі Көктөбе-1 және Көктөбе-2 шағын тоғандары «Жамбыл су қоймалары» мекемесі тарапынан қалпына келтіру жұмыстары атқарылуда.
Су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша, ағымдағы жылы «Абзал», «Күнекей», «Төлеген», «Әділет» «Жазира», «Шолақ бастау» шаруа қожалықтары бір данадан, «Гамбург» ЖШС 250 гектарға жаңбырлатып суғару қондырғысын алды. Барлығы 450 гектарға жаңбырлатып суғару қондырғысы орналастырылды.
«Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» қанатқақты жобасына былтыр Ақсай ауылдық округі енді. Кері қайтарылған қаражат есебінен қаржы бөлініп, 84 азамат жобаға қатысуда. Олар 535,660 миллион теңге несие рәсімдеді. Бұл қаражатқа 1254 бас мал сатып алынды. Оған қатысқан түтін саны 77. Бұдан бөлек, кооперативке 3 трактор мен 18 ауыл шаруашылығы техникасы алынды. Жеке кәсібін ашу бойынша 6 жоба, атап айтсақ, техникалық қызмет көрсету орталығы, бал арасын өсіру, кілем тоқу және сүт өңдеу цехтары ашылды.
Алдағы жылы бұл қанатқақты жобаның екінші кезеңінде қаржыландыру бойынша, зерделеу жұмыстарының нәтижесінде Жетітөбе ауылдық округі нақтыланып, ауыл шаруашылығы басқармасына ұсынылды. Қай сала болмасын, алдыға ілгерілеу бар. Әрбір істе Президенттің Жолдауын басшылыққа алып, мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың тындырымды жүзеге асырылуына барынша көңіл бөлінуде.
Рақымғазы ҚҰНИЯЗОВ,
аудан әкімінің орынбасары