Basty bet

Темір жонып, техниканың тілін меңгерген

тасбастаулық Әлімхан Жапарбеков токарьлық цехтың жұмысын тиімді жүргізуде

Мамандықтың жаманы жоқ. Тек қайсыбір мамандықты таңдасаңыз да, оның үдесінен шығып, жан-жақты үйрену арқылы елге пайдаңды тигізу – басты мақсат болуға тиісті. Мамандық туралы сөз қозғағанда, қазір ауыл шаруашылығы саласында білікті мамандардың тапшы екені бірден ойға оралады. Техниканың тілін меңгеру арқылы ауыл шаруашылығы техникаларын жүргізіп, бұзылған жағдайда оны жөндей беретін кәсіби мамандар өте тапшы. Бір сөзбен айтқанда, механизаторлар «қартайып» барады. Уақыт өтеді, заман алмасады. Қай салада болсын, алдыңғы буын мамандардың орнын басатын білікті жас мамандар бізге ауадай қажет-ақ…

Кәсіби-техникалық мамандықтардың бәсін арттырып, білікті кадрларды даярлау ісіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та баса назар аударып отырғаны белгілі. Президенттің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты биылғы жаңа Жолдауында бұл мәселе туралы: «Жоғары оқу орындары ғана емес, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері де білікті кадрлар даярлауы қажет. Үкімет колледжде жақсы оқыған түлектерді мамандығы бойынша мемлекеттік қызметке алу мүмкіндігін қарастыруға тиіс.
Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам. Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз» деп ерекше атап өтілуі де жайдан жай емес.
Қ.Тоқаев айтқандай, адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар біздің қоғамда қашанда құрметті, сыйлы. Президент ұсынған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатын жүзеге асыру ісіне және қоғамның дамуына өзінің адал еңбегі мен кәсіби біліктілігімен атсалып келе жатқан бірегей азаматты біз Жетітөбе ауылдық округінің Тасбастау ауылынан кездестіріп, әңгімелескен едік.
Ауыл шаруашылығы саласына ең қажетті саналатын токарь мамандығын жетік меңгерген Әлімхан Жапарбековты бар өмірін еңбекке арнаған жан деп айтуға болады. Ол екінің бірі игере алмайтын токарь мамандығын терең меңгеріп, қазір ауданның ауыл шаруашылығы техникаларына сапалы қызмет көрсету үстінде. Осыған дейін үй ауласындағы шағын бөлмеде қысылып-қымтырылып жұмыс істеп келген ол қызмет көрсету ісін кеңейтуді ойластырып, осыдан бес жыл бұрын үйіне жақын маңнан алған 15 соттық жер теліміне токарьлық цех ашу үшін шағын ғимарат салады. Бұл іске келіншегі де атсалысып, оған жеңілдетілген несие қаражатын алуға қол ұшын бергенін айтады.
-Ұмытпасам, 2019-2020 жылдары Б.Момышұлы ауылындағы аудандық кәсіпкерлер палатасында «Бизнес Бастау» кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курсында оқып, соның нәтижесінде жалпы сомасы – 5 млн теңге несие қаражатына қол жеткіздім. Цех ашатын орынды алдын ала дайындап қойғанбыз. Несие қаражатына төрт бірдей токарьлық станок сатып алып, оны осында әкеліп орнаттық. Токарьлық, бұрғылау-фрезерлік цехында ауыл шаруашылығы техникаларына қызмет көрсетіп жатқанымызға бірнеше жылдың жүзі болды. Бұйыртса, келер жылы несие қаражатының қарызынан толық құтыламыз,- дейді шебер азаматтың жұбайы Ақжайқын Момынова.
Бұл отбасылық кәсіп болғандықтан, токарьлық және бұрғылау-фрезерлік цехтың ашылуына отанасы несие қаражатымен қолдау көрсетсе, оның жұмысын негізінен отағасы Әлімхан Жапарбеков жүргізеді. Мұнда негізінен ауыл шаруашылығы техникаларына қызмет көрсетіледі. Жер өңдеуге арналған доңғалақты трактор, К-700, К-701, астық дәнін жинайтын комбайн, шөп оруға арналған техникалар, ауыл шаруашылығына арналған тіркемелердің сынған бөлшектері, сондай-ақ, жай адам жөндей алмайтын істен шыққан қиын бөлшектер осындағы станоктарда жонылып, қайта қалпына келтіріледі. Бұл әрине, сөзбен айтуға ғана оңай болғанымен, шын мәнінде сынған, майысқан ауыр темір бөлшектерді қиюластырып, оны жону арқылы қалпына келтіру токарь маманнан ептілікті, шеберлік пен өте дәлдікті талап етеді. Кеңес Одағы тұсында бұрынғы М.Горький атындағы ұжымшарда ауыл шаруашылығы техникаларын жөндеу-монтаждау кешенінде (МТМ) жұмыс істеп, мол тәжірибе жинаған кейіпкерімізге істен шыққан бөлшектерді қалпына келтіру, жөндеу аса қиындық тудырмаса керек. Тек істің көзін тауып, ерінбесең болғаны…
-Токарьлық – менің таңдап алған сүйікті мамандығым. Токарьлықпен қоса, дәнекерлеу, т.б. жұмыстарды да қиналмай қоса атқара беремін. Одақ тұсында Шымкент қаласындағы кәсіби-техникалық училищеде осы мамандықпен оқып білім алып, кейіннен колхозда токарь болып еңбек ете жүріп, іс-тәжірибе жүзінде көп нәрсені үйреніп, оны жұмыс барысында жан-жақты жетілдірдім. Өмірде көз жеткізгенім, токарь мамандығын игеру – екі адамның бірінің қолынан келе бермейді. Оны мың адамның біреуі ғана үйрене алады десем, қателесе қоймаймын. Токарь бұл – өте қиын да күрделі мамандық. Менің алдыма осы мамандықты үйренуге қаншама адам келді. Оның ішінде жастар да бар. Оның 90 проценті токарьлықты үйрене алған жоқ. Бұл мамандықты игеретін адамның бойында туабітті дарын мен талант немесе аса шыдамдылық, қолдың ептілігі мен сезгіштігі, көз бен құлақтың байқампаздығы өте қажет. Үйренем деген талай жігітке тәлімгер болдым. Бірақ нәтиже ойдағыдай болған жоқ. Қазір мен Жамбыл ауданының Аса ауылында тұратын Азамат деген жігітті токарь мамандығының қыр-сырына үйретіп жатырмын. Болашақта одан білікті маман шығады деген үмітім бар,- дейді білікті маман Әлімхан Әбдуатұлы.
Айтса айтқандай, токарь мамандығын игеруді оңай деп айта алмасақ керек. Оны жан-жақты меңгерген біздің кейіпкеріміз осы істен жан рақатын табатынын айтады. Кейіпкеріміздің өз ісіне берілгені соншалық, жұмысқа таң қараңғысынан аттанатын ол үйге кеш бата түннің ортасында бір-ақ оралады. Өйткені, көктемгі, күзгі дала жұмыстары және жаздағы егін, шөп орағы науқаны кездерінде өңір шаруашылықтарында, әсіресе алқап басында бұзылып, сынған ауыр техникаларға сол жерден қызмет көрсетіледі.
Бұзылған күрделі бөлшектер негізінен цехта қалпына келтіріледі екен. Ол үшін шебердің токарьлық, бұрғылау-фрезерлік цехында күнделікті жұмысқа қажетті төрт бірдей станок тұрақты жұмыс істейді. Оның екеуі темір бөлшектерді жонуға арналса, қалғандары бұрғылау (тесу) және фрезерлік жұмыстарды атқаруға арналған. Шебердің цехы жұмысқа қажетті басқа да құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілген. Қай кезде де өз ісін сүйіп атқарып, қиындықтан қорықпайтын кейіпкеріміз Үкіметтен қаржылай көмек-қолдау болса, цехтың жұмысын кеңейтіп, оның жанынан дәнекерлеу цехын және темір ұстаханасын ашсам деген ойы бар екенін жеткізді.
Айта кетсек, мамандығын мақтаныш тұтатын шебер, өз ісінің нағыз майталманы Әлімхан Әбдуатұлы Семей полигонының қатысушысы, ІІІ топтағы мүгедек. Отбасында жұбайы Ақжайқын Момынова екеуі жеті бала тәрбиелеп өсірген үлгілі ата-ана. Екі ұлы да техникаға жақын. Шебер өз сөзінде, екінші ұлы Әлиден көп үміт күтетінін айтады. Ол қазір колледжде токарь мамандығымен білім алуда.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close