Basty bet
Темекіден бас тарту – денсаулықты сақтаудың маңызды қадамы
Қазіргі таңда жастарды жұмыспен қамту және олардың кәсіби тәжірибе жинақтауына мүмкіндік жасау – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының біріне айналып отыр. Бұл мақсатта елімізде тиімді жүзеге асырылып жатқан «Жастар практикасы» бағдарламасы жас буынның еңбек нарығына бейімделуіне, өз қабілеттерін шыңдауына және алғашқы жұмыс тәжірибесін қалыптастыруына оң ықпал етуде.
Осы мақсатта мен 2025 жылдың 15 шілдесі мен 15 тамызы аралығында 17 жасымда ауданның орталығы Бауыржан Момышұлы ауылы әкімі аппаратында Жастар практикасы бағдарламасымен бір ай уақыт жұмыс атқардым. Бұл – менің алғашқы жұмыс тәжірибем болды. Бір ай ішінде өзіме жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен атқарып, алғашқы еңбекақымды қолыма алып, мемлекеттік мекеменің жұмыс жасау жүйесімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алғанымды мақтанышпен жеткізгенді жөн көріп отырмын.
Практика барысында ауыл әкімі Рәтбек Қанатбекұлының басшылығымен және жауапты маманның жетекшілігімен жұмыс атқардым. Күнделікті кіріс және шығыс хаттарды тіркеп, оларды бас мамандарға беру, құжаттарды реттеу, іс қағаздарын дайындау, компьютерлік жұмыстарды орындау және мекеменің күнделікті қызметіне қатысты түрлі тапсырмаларды орындадым.
Сонымен қатар, тәжірибе барысында ауыл тұрғындарының есебін нақтылау мақсатында жүргізілген санақ жұмыстарына да қатысып, маңызды қоғамдық жұмыстардың бір бөлігіне атсалыстым. Бұл жұмыстың тұрғындармен қарым-қатынас жасауды, ұқыптылық пен жауапкершілікті талап ететініне көз жеткіздім. Ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысып, мемлекеттік жұмыстардың халық үшін қаншалықты маңызды екенін тереңірек түсінуге мүмкіндік мол болды.
Практика кезінде ауыл әкімшілігінің тәжірибелі аға буын мамандары маған әрбір тапсырманы мұқият түсіндіріп, өз тәжірибелерімен бөлісті. Әсіресе, ауыл әкімі Рәтбек Қанатбекұлы атқарған жұмысымды жоғары бағалап, жауапкершілікпен орындаған еңбегіме ризашылық білдіріп, менің жоғары білімді игеріп, болашақта еңбексүйгіш маман болып қалыптасуыма кеңес берді. Мұндай қолдау мен үшін үлкен мотивация болып, өзіме деген сенімділікті арттыра түскендей…
Бір айлық тәжірибе жұмысының барысында мемлекеттік қызметтің тәртіпті, жауапкершілікті және ұқыптылықты қажет ететін маңызды сала екенін анық түсіндім. Құжат айналымымен жұмыс істеуді, уақытты дұрыс жоспарлауды, адамдармен жақсы қарым-қатынас жасауды және ұжыммен бірлесе еңбек етуді де қоса үйрендім. Бұл тәжірибе менің ұйымдастырушылық қабілетімді шыңдап, кәсіби дағдыларымды дамытуға үлкен сеп болғанын айтқым келеді.
Мен үшін бұл бір айлық еңбек жолы ерекше тәжірибе мектебі болды. Алғашқы жұмыс орнымда жауапкершілікті анық сезініп, мемлекеттік мекеменің жұмысымен танысып, туған ауылымның дамуына аз да болса үлес қосуға мүмкіндік алдым.
Жанерке Орынбай,
М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің
журналистика мамандығының 1-курс студенті