Basty bet
Жұмыстағы күйзеліс: бұл қалыпты жағдай ма әлде заң бұзушылық па?!
28 сәуірде Қазақстан Республикасында Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні атап өтіледі. 2026 жылдың басты тақырыбы – «Қолайлы психоәлеуметтік жұмыс ортасы» деп аталады. Қарапайым тілмен айтқанда, әрбір жұмыс орнында қысымсыз, тыныш әрі қауіпсіз орта қалыптастыру. Бірақ өмірде бәрі басқаша болып жатады…
«Төз» деген талап заңға сай ма?
Көп адамға таныс жағдайлар бар: жұмыстан кейін қалып қою, түнде басшылықтан хабарлама алу, көпшілік алдында ұрыс есту немесе үнемі қысым көру. Мысалы: басшы қызметкерлерді жұрттың көзінше жиі сынайды немесе бір адамға бірнеше адамның жұмысын жүктейді. Нәтижесінде, шаршау, күйзеліс, жұмыстан кету орын алады. Көп жағдайда адамдар мұны «жұмыстың бір бөлігі» деп қабылдайды. Бірақ, бұл әрдайым дұрыс емес.
Бұл жөнінде Заң не дейді?
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі бойынша:
• жұмыс беруші қауіпсіз еңбек жағдайын жасауға міндетті (182-бап);
• қызметкерді кемсітуге және қорлауға болмайды (6-бап);
• егер жұмыс денсаулыққа қауіпті болса, қызметкер одан бас тарта алады (48-бап).
Мұнда «денсаулық» тек дене емес, адамның психологиялық жағдайын да қамтиды.
Яғни, тұрақты күйзеліс, қорқыныш, қысым – бұл да маңызды мәселе.
Қандай мәселелер жиі кездеседі?
Халықаралық еңбек ұйымы атап өткендей, қазіргі кезде ең жиі кездесетін проблемалар:
• ұжымдағы қысым (моббинг);
• шамадан тыс жұмыс;
• демалыс уақытының болмауы;
• басшылықтан қорқу.
Мысалы, қызметкер демалыс күні де жұмыс істеуге мәжбүр болады немесе «жоқ» деуге қорқады.
Бұл неге маңызды?
Егер жұмыс орнында үнемі стресс болса:
• адамдар жиі жұмыстан кетеді;
• жұмыс сапасы төмендейді;
• жанжал көбейеді.
Бұл тек қызметкерге емес, жұмыс берушіге де тиімсіз.
Не өзгеруі керек?
Жағдайды жақсарту үшін көп нәрсе қажет емес:
• жұмыс пен демалыс уақытын сақтау;
• қызметкерлерге құрметпен қарау;
• артық қысым жасамау;
• ашық сөйлесу.
Осындай қарапайым қадамдар үлкен өзгеріс әкеледі.
Қорытынды: Бұрын «күйзеліс – қалыпты нәрсе» деп есептелетін.
Қазір жағдай мүлдем өзгеріп келеді. Халықаралық еңбек ұйымы ұсынып отырған жаңа талаптарға сәйкес, жұмыс орны тек қауіпсіз ғана емес, жайлы болуы да керек. Сондықтан, жұмыс орнындағы құрмет пен тыныштық – бұл артықшылық қана емес, қалыпты жағдайға айналуы тиіс!
Бахытжан КУРАМЕТЕТОВ,
Жамбыл облысы бойынша
мемлекеттік еңбек инспекторы