Basty bet
Заңды тұлғалармен әскери есепті жүргізу тәртібі
Қазақстан Республикасындағы заңды тұлғалармен әскери есепті жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 24 қаңтардағы «Әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды әскери есепке алу қағидаларын бекіту туралы» № 28 бұйрығымен (әрі қарай – Бұйрық) бекітілген.
Бұйрықтың 5-тарауында заңды тұлғалардың әскери есепке алуды жүргізуі жазылған.
71 тармаққа сәйкес, заңды тұлғалар әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды әскери есепке алуды жеке крточкалар бойынша жүзеге асырады және де әскерге шақырылушыларға мерзімді әскери қызметке дайындауға тиісті азаматтардың тізімін жүргізеді делінген.
72 тармақта, заңды тұлғалардың әскери есепке алуды жүзеге асыруы үшін бірінші басшының бұйрығымен әскери есепке алуды жүргізуге жауапты адамдар тағайындалады, оларға:
жұмысқа (оқуға) қабылдау кезінде әскери міндеттілерде әскери билеттердің немесе уақытша куәліктердің, ал әскерге шақырылушыларда тіркеу туралы куәліктердің бар болуын тексеру. Көрсетілген құжаттарды алу қажет болған жағдайда азаматтарға қолхат беріледі;
жұмысқа (оқуға) қабылданатын азаматтардың әскери есепте тұруын айқындау. Әскери есепте тұрмаған әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушылар тұрғылықты жері бойынша әскери есепке тұрғаннан кейін жұмысқа (оқуға) қабылданады;
жұмыс істейтін (білім алатын) азаматтардың толық және сапалы әскери есепке тұруын қамтамасыз ету;
мемлекеттік органдарға және ұйымдарға әскери міндеттілерді броньға қоюды ресімдеу;
азаматтардың шақырту (шақырту қағазы) бойынша ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) ЖӘБО-сына уақтылы баруына мүмкіндік беру және де әскери міндеттілерді, әскерге шақырылушыларды әскери есепке алудың және броньға қоюдың жай-күйін тексеру журналын жүргізу жүктеледі деп көрсетілген.
Қазіргі таңда, Қорғаныс министрлігімен әскери есепті жүргізуді толықтай цифрландыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Әскери қызметтің тартымдылығын арттыру бойынша іске асырылатын іс-шаралар кешені шеңберінде бұрын әскери есепке алуды ұйымдастыру саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган болып табылатын Қорғаныс Министрлігі басқа күштік ведомстволармен бірлесіп әскери қызмет өткермеген азаматтарға (шақыру немесе келісімшарт бойынша) әскери билеттер бланкілерін беруден бас тарту туралы шешім қабылдады.
Әскери билет беру жоғарыда аталған бұйрықтың талаптарымен регламенттелген есепке алу-әскери құжат болып табылатынын атап өту қажет.
Бұдан басқа, тіркеу жылы 17 жасқа толатын ер азаматтарды шақыру учаскелеріне тіркеу процесін автоматтандыру шеңберінде әскерге шақырылушыларға шақыру учаскелеріне тіркеу туралы куәліктер беру қажеттілігі алынып тасталды («Әскерге шақырылушыларға шақыру учаскелеріне тіркеу туралы куәліктер және куәліктердің телнұсқаларын беру» мемлекеттік көрсетілетін қызметі).
Аталған шешімдер, оның ішінде көрсетілген мемлекеттік қызметтерді мемлекеттік қызметтер тізілімінен алып тастау түрінде көрініс тапты (ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2023 жылғы 09.06.№ 174/НҚ бұйрығы).
Қазіргі уақытта бұйрыққа тиісті өзгерістер мен толықтырулар әзірленді, барлық мүдделі мемлекеттік қызметтермен келісілді және Әділет министрлігінде орналасқан.
Сондай-ақ, азаматтың «Е-gov» және «М-gov» жеке кабинетінде әскери қызметке қатысты, оның ішінде әскери есептегі жай-күйі мен әскери қызметке қатынасы туралы ақпаратты көрсету техникалық тұрғыдан іске асырылды.
Яғни, жұмыс берушіге немесе білім беру ұйымына “электрондық үкіметтің” қосымшаларына жүгіну жолымен әскери есепте жай-күйін тексеруді жүзеге асыру мүмкіндігі берілді.
Бұл ретте, ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2020 жылғы 28.09. № 352/НҚ бұйрығымен бекітілген цифрлық құжаттар сервисінде электрондық құжаттарды көрсету және пайдалану қағидаларының 10-тармағына сәйкес цифрлық құжаттар сервисінде қолжетімді барлық электрондық құжаттар («электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектісі) көрсетуге және пайдалануға арналған ақпараттандыру объектілерінен алынған мәліметтер негізінде қалыптастырылған құжаттарды электрондық түрде пайдалану), қағаз тасымалдағыштағы құжаттарға тең және QR кодын немесе қысқа кодты тексеру арқылы тексеріледі.
Азаматтардың әскери есебіндегі жай-күйін тексеру үшін қосымша құрал ретінде Қорғаныс министрлігі Министрліктің ақпараттық жүйесінен деректерді беру бөлігінде «Е-Qyzmet» (Мемлекеттік қызмет істері агенттігі) және «ЕШЕАБЖ» (Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі) ақпараттық жүйелерімен интеграциялық өзара іс-қимылды ұйымдастыру бойынша жұмыс жүргізуде.
Осыған байланысты, мемлекеттік органдар мен заңды тұлғаларға елдің цифрлы трансформациясы шеңберінде ұйым персоналының әскери есебін жүргізудің тиімділігін қамтамасыз ету үшін «Е-Qyzmet» және «ЕШЕАБЖ» ақпараттық жүйелерінің мүмкіндіктерін пайдалана алады.
Дастан Аязбеков,
аудандық Қорғаныс істер жөніндегі бөлімінің адами және көлік ресурстарын
автоматтандырылған есепке алу
және мемлекеттік қызмет
көрсету қызметінің басшысы