7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мерекесі. Ежелден Азаттық аңсап, Тәуелсіздікті тұмар тұтқан халқымыз үшін бұл мерекенің орны ерек, жөні бөлек. Олай болатыны, ғасырлар бойы ел мен жердің тұтастығы, Отан іргесінің бүтін, ұрпақ болашағының жарқын болуы жолында сан ғасырлар бойы күрес жүргізген бейбітсүйгіш халқымыз киелі Тәуелсіздік және Азаттық ұғымдарын аса жоғары бағалайды. Елдің тұтастығы – халықтың амандығы, елдің жарқын келешегі. Биыл Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 33 жыл толып отыр. Осы уақыттың аралығында елдің қорғаныс қабілеті артып, армияның айбыны асқақтады. Қазір қарулы күштер жоғары деңгейде қалыптасты деп айтуға толық негіз бар. Бұл – ел Тәуелсіздігі мен халық амандығының және жас ұрпақ болашағының жарқын кепілі.
Қарулы Күштердің тарихына аз-кем тоқталатын болсақ, 1991 жылы 25 қазанда Қазақстан Президентінің Жарлығымен Қазақ ССР Мемлекеттік қорғаныс комитеті жасақталды. Кейін ол Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды.
1992 жылдың 7 мамырында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің арнайы Жарлығы шыққан еді. Осы Жарлыққа сәйкес, республика аумағындағы КСРО Қарулы Күштерінің құрамындағы мекемелер, бөлімдер мен құрамалар Қазақстан Республикасының құзыретіне берілді. Жоғарғы Бас Қолбасшы ретінде Қарулы Күштерді басқаруды Президент өз мойнына алды. Президенттен басқа қорғаныс ісімен тікелей шұғылданатын алғашқы Қорғаныс министрі қызметіне генерал-полковник Сағадат Нұрмағамбетов тағайындалды. Кейіннен Қарулы Күштердің қалыптасу кезеңі халықтың көз алдында. Әскер әлеуетінің артуы барлығымыз үшін өте маңызды.
Қазақ халқында: «Ер – елдің қорғаны» деген даналық сөз бар. Ер азамат тұтас елдің қорғаны мен қамалы. 7 мамыр – Отан қорғаушы күні мерекесіне орай аудандық «Достық» мәдениет үйінде салтанатты жиын өтті. Мерекелік жиынға ауданның мекеме басшыларымен, аудандық мәслихаттың депутаттары, ардагерлер, жастар, сонымен қатар, әскерилер мен жас сарбаздар шақырылды.
Жиын басталмас бұрын сахна төріне еліміздің Мемлекеттік Туы салтанатты жағдайда әкелініп, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні шырқалды. Салтанатты жиында аудан әкімі Жалғас Мұртаза құттықтау сөз сөйлеп, жиналған көпшілікті 7 мамырдағы Отан қорғаушы күні мерекесімен құттықтады. Жалғас Әлижанұлы өз сөзінде, Отан қорғаушылар күні бейбіт елдің тыныштығын әуеде, құрлықта және теңізде қорғап, өз тағдырын ел тағдырымен байланыстыра отырып, Отанға адал қызмет атқарып жүрген әрбір әскери қызметші үшін, тұтастай алғанда, еліміз үшін ерекше маңызы бар атаулы күн екенін ерекше атап өтті.
-Құрметті Отан қорғаушылар! Қымбатты жерлестер!
Сіздерді ерлік пен қайсарлықтың мерекесі 7 мамыр–Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Қазақстан Қарулы Күштерінің «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты Жуалы ауданындағы 91678 әскери бөлімі, «Ақсуат» және «Бауыржан Момышұлы» атындағы шекара бөлімшелері елдің тыныштығын, мемлекет тұрақтылығын басты назарға алып, қоғам құндылықтарын құрметтеуде өздеріне тиесілі міндеттерді адал атқарып келеді.
Биыл республика көлемінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығы және даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры, қазақтың қаһарман перзенті Бауыржан Момышұлының 115 жылдық мерейтойы атап өтілуде. Күні кеше ғана аудандық прокуратураның ғимаратынан Батырға арналған мемориалды тақтаның ашылуы Бауыржан Момышұлына деген шексіз құрметтің белгісі. Әлбетте, мұндай тағылымды істер жас ұрпаққа үлгі.
Құрметті жуалылықтар!
Бүгінде қасиетті Жуалыны «Батырлар мен генералдар елі» деп атайды. Биыл Отан қорғаушылар күні қарсаңында жуалылық генералдардың қатары тағы да бір жерлесімізбен толығып отыр.
Биыл 7 мамыр күні Астана қаласында Жеңістің 80 жылдығы мен Отан қорғаушы күніне арналған әскери шеру өтеді. Бұл – ел өміріндегі айтулы оқиға екені анық. Аға ұрпақ пен жас буынның қасиетті Отанды қорғап, әскери қызметке айтулы үлес қосқанын біз әрқашан мақтан тұтамыз.
Баршаңызды Отан қорғаушылар күнімен және Жеңіс мерекесімен шын жүректен құттықтай отырып, Тәуелсіз еліміздің өркендеуі жолында атқарып жатқан игі қызметтеріңізге табыс, әрбір отбасына амандық, денге саулық, мол бақыт және бейбіт ғұмыр тілеймін,- деді өз сөзінде Жалғас Әлижанұлы.
Отанды қорғау – перзенттік парыз әрі мәртебелі міндет. Тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұтастығы мен тыныштығын, сонымен қатар, қасиетті өңірде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып жүрген әскерилер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне және әр салада қасиетті өңірдің дамуына үлес қосып келе жатқан үлгілі қызметкерлердің бірқатарына аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғысхаттары табыс етілді. Марапаттарды аудан әкімі Жалғас Мұртаза салтанатты жағдайда табыстады.
Салтанатты жиын ары қарай аудан көркемөнерпаздары арнайы дайындаған мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»