Basty bet

“Басты мақсат – жұмысты жүйелеу, тәртіп пен талапты күшейту”

Сәрсенбі күні “Достық” мәдениет үйінде аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің 2022 жылы атқарған жұмыстарының қорытындысы мен 2023 жылға арналған жоспарларын пысықтауға арналған жиын өтті.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова жүргізді.
Есеп беру жиынына бөлімге қарасты аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы, орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің және тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері қатысты.

Алдымен мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ғазиза Естаева есепті баяндама жасады.
Баяндамашының айтуынша, Жуалы ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінде бүгінгі күні нақты 289 қызметкер жұмыс атқарады. Оның ішінде бөлімде алты адам, халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығында 188, орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде 84, өлкетану мұражайында 11 адам.
Халықтың мәдени-рухани сұранысын қанағаттандыру бағытында ауданда 22 мәдениет үйлері мен клубтар тұрғындарға мәдени-көпшілік қызмет көрсетуде. Аталған мәдени мекемелерінің 22-і типтік ғимаратта орналасқан.
Жуалы аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығына қарасты бес халықтық атағы бар шығармашылық ұжым халыққа қызмет етеді. Олар «Бөкейтау» вокалды аспапты ансамблі, «Қызғалдақ» ән-би ансамблі, «Жуалы», «Мыңбұлақ» халық театрлары, «Жаңабаевтар» отбасылық ансамблі.
Өткен жылы “Қызғалдақ” ән-би ансамблінің «МЕН СЕНІ СҮЙЕМ ӨМІР» атты гастрольдік шығармашылық ән кешімен Қошқарата, Көлтоған, Қоңыртөбе, Күреңбел, Қарасаз, Көктөбе, Қосбөлтек, Бақалы, Жаңаталап, Бәйтерек, Талапты, Ақтөбе, Тәттібай Дүйсебайұлы, Қарабастау ауылдарында концерт өткізді.
Мәдени демалыс орталығы бойынша үйірмелер саны – 99, қатысушылар саны -1006.
Мәдени, рухани, ақпараттық білім беру орталығы болып саналатын аудандағы 25 мемлекеттік кітапханалар 1 аудандық, 1 ауылдық балалар кітапханасы, 23 ауылдық кітапханалар (оның ішінде 20 цифрландырылған ақпараттық орталықтар) тұрғындарға қызмет көрсетуде.
Кітапханалар толығымен компьютермен қамтылған, интернетке қосылғаны – 25, Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітап қоры 294981 дана, оның ішіндегі мемлекеттік тіліндегі 164759 дана әдебиеттер. Оқырман саны – 22000.
Коворкинг және цифрландырылған ақпараттық орталықтар 20 цифрландырылған ақпараттық орталықтар 98 компьютер жиынтығымен, 20 МФУ, 20 теледидар, 3 дана түрлі түсті принтер, компьютерлік үстелдер, оқырмандар үстелдері, орындықтармен және қажетті кеңселік заттармен қамтамасыз етілген.
Санитарлық-техникалық, өрт және қауіпсіздік нормалары сақталуда.
Цифрландырылған ақпараттық орталықтар ауыл тұрғындарына еgov.kz порталы арқылы қызметтің 20 түрінен анықтама беріп отырады. Қазіргі таңда аудан бойынша еgov. kz қызметі бойынша жалпы 18815 анықтама берілді.
Ауыл тұрғындарының рухани сұраныстарын қанағаттандыру мақсатында жыл басы осы үлкен даталарға арналған іс-шаралармен бірге діни экстремизм мен терроризмге қарсы, нашақорлыққа қарсы, саламатты өмір салтын насихаттауға орай іс-шаралар жоспары жасалып, 1300 мәдени іс-шара өткізіліп, әлеуметтік желілерге салынды. Қамтылған адам саны 11128, лайк саны – 77595, қаралым – 50259, пікір – 2608.
Клуб жұмыстарын дамыту мен жетілдіру, қызметкерлердің біліктілігін арттыру бағытында да тұрақты түрде әдістемелік-тәжірибелік көмек бойынша семинарлар өткізіп тұрады. Атап айтсақ: ақпан айында «Мәдениет саласының қызметкерлеріне кәсіби кеңестер, әдістемелік оқу» семинар-тренингі, желтоқсан айында “Мәдениет ошағы – ауылдың рухани айнасы” тақырыбында тәжірибе алмасу семинары өткізілді. Семинарға облыстық халық шығармашылығы орталығынан мамандар шақыртылып қатыстырылды.
Ауданда клуб мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға жергілікті бюджеттен 9040,0 мың теңге бөлініп, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.
Сонымен қатар, есепті жылы Жуалы аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының ұжымдары бірқатар жетістіктерге қол жеткізді.
Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармониясының ұйымдастыруымен өткізілген “Айтқыштар Ақтөбеде” ІХ Республикалық әзіл-сықақ фестиваліне Жамбыл облысынан “Мыңбұлақ” халық театры қатысып, жазушы сатирик Сейіт Кенжеахметұлы атындағы жүлдені жеңіп алды.
Талас ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығының ұйымдастыруымен Жуалы, Жамбыл, Сарысу және Талас аудандары көркем өнерпаздарының қатысуымен өткізілген аймақтық «Үкілі домбыра» фестиваліне «Жыр-терме өнері» кезеңі бойынша «Қызғалдақ» халықтық ән-би ансамблінің жетекшісі Мықтыбеков Мәлік Мәдіханұлы үздік өнер көрсетіп, бас жүлдені иеленді.
1 сәуір күні «Анаға тағзым» орталығының ұйымдастыруымен тұңғыш рет облыста «Киелі кимешек» тігіншілер байқауы өтіп, Жуалы ауданынан барған қатысушылар жүлделі II орын алды.
Мойынқұм өңірінің тумасы, ақын, сазгер, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі Садық Құнанбаевтың сөзіне жазылған әндерін орындаушылардың “Тұлпарсазда ауылым” атты облыстық ән байқауында көрсеткен үздік өнері үшін Жуалылық дуэт Салтанат Мейіржанқызы мен Ерболат Қаттебеков жүлделі ІІІ орын алды.
Киелі Түркістан төрінде Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен Мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлері арасында «Рухани қазына-2022» республикалық фестивалі өтті. Жамбыл облысы Жуалы ауданы халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығынан қатысқан Назипа Тұранқызы Мәдениет министрінің Вице министрі Серік Маратұлының қолынан “Үздік аудандық мәдениет үйі” номинациясымен 88 мәдениет қызметкерлері бақ сынаған фестивальде “АЛҒЫСХАТПЕН” марапатталды.
2022 жылы Балалар жылына орай өткізілген облыстық “Әнші-биші балапан-2022” байқауында Жаңабаевтар отбасылық халықтық ансамблінің мүшесі Жандарбек Інжу вокал номинациясы бойынша жүлделі ІІ орынды иеленді.
Қараша айында ұлы жазушы, қоғам қайраткері М.Әуезовтың 125 жылдығына орай Тараз қаласы облыстық драма театрында «Театр – өмір айнасы» халық театрларының фестивалі өтті. Фестивальге «Жуалы» және «Мыңбұлақ» театрларының әртістері мен мүшелері қатысып, «Алғысхат» пен марапатқа ие болды. Театрлар Абай жолы романының желісімен «Махаббат пен парасат» моноспектаклін сахналады.
Жуалы аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығына қарасты мәдениет үйлері мен клубтар Халық қаһарманы, «Тарлан» сыйлығының иегері Роза Бағланованың 100 жылдығына, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл толуына, Қазақстан Республикасы Рәміздерінің 30 жылдығына, Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына, Халық қаһарманы Бақытжан Ертаевтың 70 жылдығына, 2022 жыл Балалар жылына орай іс-шаралар ұйымдастырды.
Баяндамашы Ғазиза Тоқсабайқызы сонымен бірге 2023 жылы атқарылатын іс-шараларға тоқталып өтті.
-2023 жылы алдағы міндеттерді орындау мақсатында мекемелердің іс-шаралар жоспарлары бекітілген және бірқатар ауқымды жобалар іске асырылатын болады.
Атап айтқанда, «Күлкі керуені» аудандық әзіл-сықақ фестивалі, «Көрпеше-фест», «Құрақ құрау – өнердің сарқылмас қайнар көзі» «Шебер қолдар» үйірмесіне қатысушылармен фестиваль, «Бұраң бел» аудандық би байқауы, Оралхан Бөкейдің туғанына 80 жыл толуына орай «Төр Алтайдың асылы» көркемөз оқу байқауы, «Төре сұлтан, көрікті ару» арулар мен сұлтандар сайысы өткізу жоспарлануда. Сондай-ақ, «Ақ жібек орамал» келіндер арасында орамал тағу, «Би – бекзат өнер» аудандық би челленджі, «Табиғат – сенің өз үйің!» аудандық челленджі, «Ең әдемі киім – ұлтыңның киімі» ұлттық киімдер челленджі, Жуалы ауданның 95 жылдығы тағы да басқа іс-шаралар,- деді баяндамашы.
Сонымен бірге Ғазиза Естаева 2023 жылға жөндеу жұмыстары бойынша жоспарға да тоқталып өтті.
-Үстіміздегі жылы Көлтоған, Күреңбел, Шақпақата, Бәйтерек ауылдық мәдениет үйлеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Көлтоған ауылдық мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге ЖСҚ дайындауға сейсмикалық қорытынды 27 ақпанда дайын болады. Шақпақата ауылдық мәдениет үйіне қатысты конкурстың қорытындысы 14 ақпан күні шығады. Күреңбел, Бәйтерек ауылдық мәдениет үйлерін күрделі жөндеу жұмыстарын жасауға ЖСҚ дайындауға, құжаттары жинақталуда,- деді баяндамашы. Ғазиза Тоқсабайқызы сонымен бірге үстіміздегі жылы аудандық мәдениет үйіне жапсарлас ғимараттың құрылысы жүргізілетінін жеткізді.
Бөлім басшысынан кейін аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоы Салтанат Біләнқызы мен аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының директоы Қайсар Асылбеков, тарихи-өлкетану музейінің директоры Нұрбол Өтепов өз салалары бойынша өткен жылы атқарған жұмыстары мен үстіміздегі жылға жоспарларына негізделген баяндама жасады.
Сөз кезегін алған аудан әкімінің орынбасары Анар Садыққызы саладағы жетістіктер мен кемшіліктерге тоқталды.
-Өткен жылы мәдениет саласы үшін сәтті жыл болды. Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойын абыроймен өткіздік. Халық қаһарманы Бақытжан Ертаевтың 70 жылдық мерейтойын атап өттік. Тараз қаласында аудан күндерін өткіздік. Одан бөлек, жан-жаққа барып, түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп, ауданымыздың мерейін үстем еттіңіздер. Бұл маңызды шаралардың барлығында сіздердің қосқан үлестеріңіз орасан зор. Ол үшін сіздерге аудан басшысының атынан зор алғыс білдіремін!
Алайда жұмыс болған соң кемшілік те болады. Кемшілік болуы заңды деп арқаны кеңге салуға болмайды.
Мәдениет саласы маңызды саланың бірі. Себебі, саланың сапалы жұмысының халықтың рухани дамуына тигізер әсері зор. Сондықтан біз үнемі ізденіп, кемшілікпен жұмыс істеуіміз керек. Осы орайда мәдениет қызметкерлерінің білімін жетілдіру, біліктілігін арттыру мақсатында тоқсанына бір рет тәжірибе алмасу семинарларын өткізуді тапсырамын. Бұл әсіресе, ауылдық мәдениет үйлерінің қызметкерлеріне аса қажет.
Кітапхана саласы бойынша бізде облыстық кітапхана басшысының баяндауынша, талапқа сай емес цифрландырылған орталықтар жоқ. Бұл – жақсы. Алайда алдағы уақытта да ешқашан санға жұмыс істеуге жол бермеу керек.
Аудандық “Мыңбұлақ” және “Жуалы” халық театрларының ұжымдарына үлкен алғысымды білдіремін. Сіздердің қойған дүниелеріңіз қашанда сапалы. Алайда осы дайын, құнды дүниелерді неге ауылдық округтердің орталықтарында аудан тұрғындарына, өзге аудандарға көрсетпеске. Және сіздерге алдағы уақытта да бүгінгі қоғамдағы өзекті тақырыптар бойынша жұмыс жасап, әдемі дүниелерді сахнаға шығарады деп сенім артамын.
Келесі мәселе – ауылдардағы ескерткіштер мәселесі. Ауылдық мәдениет үйінің маманы болғандықтан ескерткіштерге қатысты мәселелер сіздерге де қатысты. Сондықтан бұл мәселеге де жауапкершілікпен қарауға шақырамын.
Аудандық өлкетану музейінің жұмысына келсем, сіздерге жұмысты ширату керек. Көп ізденіс қажет, іс-шаралардың сапасына терең мән беріңіздер. Мәселен, неге 18 мамыр – Музей күніне орай апталық, онкүндік немесе айлық шаралар өткізбеске.
“Зерде” автоклубының қызметкерлеріне де кәсіби мерекелер мен атаулы күндерге түрлі челленджер, бейнероликтер, құттықтаулар сынды дүниелерді өткізіп, әлеуметтік желіге жүктеуді, қысқасы жұмысты жоспарлы жасауды тапсырамын.
Әлеуметтік желімен жұмысты, БАҚ-пен байланысты да жүйелеу маңызды. Яғни, атқарылған жұмысты көрсете білу де қажет.
Ауылдық мәдениет ошақтарындағы үйірмелердің жұмыс кестесін бекітіп, нақты жұмыс жүргізіңіздер. Бұл үйірмелер негізінен ауыл жастарының бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталған. Сондықтан аты бар, заты жоқ үйірмелер болмасын.
Қысқасы, салада жұмысты жүйелеуді қажет ететін тұстар көп. Жұмыс жүйеленіп, талап пен тәртіп күшейсе, жұмыстың сапасы да артады. Салада жұмыс жоқ деп айтудан аулақпын. Бірақ, тоқмейілсуге болмайды. Сынды дұрыс қабылдап, нәтижеге жұмыс істейді деген ойдамын,- деді Анар Ахметова.
Халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының көркемдік жетекшісі Ришад Қуанышев мәдениет үйінің техникалық базасы, іс-сапарға шығуға арналған көлік және сахналық киімдер жаңалауды қажет ететінін жеткізді.
Анар Садыққызы аудан басшысы мәдениет саласының ахуалымен толық таныс екенін, сондықтан алдағы уақытта барлық мәселе ретімен шешімін табатынын айтты.
Жиынды қорытындылаған Анар Садыққызы бөлім басшылығына жұмысты жүйелеуді, тәртіп пен талапты күшейтуді, жұмыс сапасын арттыруды тапсырды.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close