Basty bet

Жылыту маусымын жауаптылықпен өткізу – маңызды міндет

Апта басында аудан әкімі аппаратының кіші мәжіліс залында аудандық әкімдіктің кезекті аппараттық кеңесі ұйымдастырылып, онда бірқатар маңызды мәселе қаралды. Жауаптыларға нақты тапсырма беріліп, жұмысты үйлестіру мен ширату міндеттері тапсырылды.

Аудан әкімі Жалғас Мұртазаның төрағалығымен өткен аппарат кеңесінде бірінші – Жуалы ауданында 2025-2026 жылдардағы күзгі-қысқы жылыту маусымына дайындық барысы туралы мәселе қаралып, бұл туралы аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының у.м.а. Медет Дамиров атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады.
– 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымына барлығы – 175 мүліктік нысанға жылу берілу жоспарланған. Оның ішінде, 138 нысанды табиғи газбен, 37 нысанды көмірмен жылыту жоспарланған. Ауданда 41 автономды қазандық бар. Оның ішінде, (30 мектеп, 5 балабақша, 1 денсаулық сақтау, 1 спорт, 1 орталық және 2 көп қабатты тұрғын үйдің қазандықтары) 34 қазандық табиғи газ арқылы, ал 7 қазандыққа тас көмір арқылы жылу беріледі (мектеп қазандықтары).
Қатты отынды пайдаланатын нысандарға биыл барлығы – 2 273 тонна тас көмір түсіру жоспарланып, бүгінгі күнге оның 2 115 тоннасы түсірілді. Алдағы жылыту маусымына дайындық барысының аясында бірқатар жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, Күреңбел ауылындағы Күреңбел орта мектебінің жылыту жүйесіне кешенді блок модуль (КБМ) орнатылып, қазандықты табиғи газға ауыстыру жұмыстары жүргізілді. Одан бөлек, №8 С.Бәйтіков атындағы орта мектептің қазандық пеші және сорғы құрылғысын ауыстыру, №9 Абай атындағы ОМ-ның қазандық суайдағыш моторы мен сорғы құрылғысын ауыстыру жұмыстары жүргізілсе, басқа да әлеуметтік нысандардың қазандық пештеріне қажеттілігіне қарай ағымдағы жөндеу жұмыстары, денсаулық сақтау нысандарында дәнекерлеу, әктеу, сырлау, С.Бәйтіков атындағы ОМ, №36 Ш.Уәлиханов атындағы негізгі мектептің және №9 Абай атындағы орта мектептің спорт залының шатырларын ауыстыру, сонымен қатар, Көлтоған ауылдық дәрігерлік амбулаториясы мен Қоңыртөбе медициналық пунктінде күрделі жөндеу жұмыстары аясында ғимараттың шатыры мен жылу жүйелері ауыстырылуда.
Қысқы жылыту маусымының қалыпты жағдайда өтуінде аудандық газ шаруашылығы мекемесі жұмысының да маңызы зор. Аудан көлемінде жалпы газ кұбырының ұзындығы – 570,8 шақырымды құраса, өңірдің тәуліктік газ тұтыну көлемі жаз мезгілінде – 17 300 кубты, ал қыс мезгілінде – 95 000-100 000 кубты құрайды,- деді жылыту маусымына жауапты бөлім басшысының у.м.а. М.Дамиров.
Алдағы қысқы жылыту маусымының қалыпты жағдайда өтуіне байланысты аталған мәселеге тікелей жауапты басшыларға нақты тапсырма жүктеген аудан әкімі Жалғас Мұртаза, ауылдық округтерде орналасқан ауызсу беру нысандарындағы қосалқы дизельді генераторлардың жай-күйін сұрап біліп, электр жарығы істен шыққан жағдайда осы қосалқы генераторларды іске қосу қажеттігін ерекше атап өтіп, қысқы жылыту маусымы кезінде туындайтын ең негізгі проблемалардың бірі ретінде электр энергиясының қалыпты жағдайда берілмеуі мәселесін айтып, оның алдын алу қажеттігіне тоқталды. Бұл мәселеге байланысты аудандық электр желілерін тарату мекемесінің басқарушысы Айдар Төлебаев баяндап, биыл әуе желілері мен қосалқы стансаларды ауыстыру бағытында атқарылған жұмыстардың барысына да тоқталды. Атап айтқанда, биыл ауданға қарасты Шыңбұлақ, Алатау, Б.Момышұлы ауылдарында әуе желілерін ауыстыру, т.б. жұмыстар атқарылу үстінде. Мекеме басшысы инвестициялық бағдарлама аясында 2026 жылы жалпы ұзындығы 50 шақырымды құрайтын әуе желілерін жаңасына ауыстыруға сұраныс берілгенін айтады.
Жиында қысқы жылыту маусымына қаражат қарастыру мәселесі, жылыту кезінде туындайтын ағымдағы мәселелер, т.б. бойынша аудан әкімінің орынбасары Қайрат Жатқанбаев қосымша хабарлама жасады.
Кезекті аппараттық кеңестің күн тәртібіндегі екінші мәселеге сәйкес, азық-түлік бағаларының тұрақтылығы және «Алқаптан – сөреге» жобасының аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Руслан Айтбаев баяндады.
Бөлім басшысының айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік (ӘМАТ) тауарларының бағасын төмендету және тұрақтандыру мақсатында бірқатар жұмыс атқарылған. Атап айтқанда, 19 әлеуметтік азық түлік тауарының 11 түрі ауданда өндірілсе, ал қалған 8 түрі басқа облыстардан келеді. Бөлке нан, сиыр еті, тауық еті, майлылығы 2,5% пастерленген сүт, майлылығы 2,5% пастерленген айран, майлылығы 5,9% сүзбе, сарымай, өсімдік майы, қырыққабат, сәбіз, картоп аудан аумағында өндірілсе, ал қалған 8 түрлі тауар (күріш, бірінші сортты бидай ұны, қарақұмық жармасы, рожки, тауық жұмыртқасы, ақ-қант, ас тұзы, пияз) басқа өңірлерден жеткізілуде.
– «Алқаптан сөреге» жобасының аясында жыл басынан өңірдің шаруа қожалықтары барлығы 1 тонна 200 келіге жуық азық-түлік тауарын тікелей аудан орталығындағы «Дары природы» көкөніс базарындағы кәсіпкерлерге, «Жуалы – жер жаннаты» базарындағы екі кәсіпкерге және «Ақшайы», «МЕР» және «Гүлнар» дүкендеріне жеткізіп беріп отырды.
Аудан аумағында бөлке нан дайындайтын 6 наубайхана орналасқан. Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының тарапынан жеңілдетілген ұнды (1 кг – 140 тг) 4 наубайхана, атап айтқанда, (ЖК «Бақыбеков. Д», ШҚ «Құрмаш», «ТікАсуНан» және ЖК «Айкөркем»,) алып, жұмыс жүргізуде,- деді бөлім басшысы.
Жиынды аудан әкімі Жалғас Мұртаза қорыта келіп, жауаптыларға ауданның орталық базары және ірі сауда нүктелерінде азық-түлік бағасын қалыпты жағдайда ұстап, бұл бағытта күзгі жиын-терін науқанын тиімді пайдаланып, аптаның демалыс күндері орталық базарда жәрмеңке өткізуді тапсырды. Одан бөлек, жиын қатысушыларына биыл елде өтіп жатқан Ұлттық ауыл шаруашылығы санағын жоғары деңгейде ұйымдастыру, аудан аумағындағы кездейсоқ күл-қоқыс орындарын жою, сонымен қатар, ауылдық округтердегі қоғамдық-саяси ахуалды тұрақты назарда ұстау, т.б. маңызды міндеттер тапсырылды.

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close