Basty bet
Маскүнемдік — қауіпті дерт!
Қазіргі қоғамда түрлі әлеуметтік мәселелер көбейіп, адамзат баласы рухани күйзелістерге жиі тап болуда. Осындай жағдайда көпшілік өз қиындықтарын шешудің жолын, өкінішке қарай, ішімдіктен іздеп жатады. Алайда ішімдік мәселені шешпейді, керісінше, оны тереңдете түсетін, адамның өмірін көлеңкеге айналдыратын дертке жетелейді. Маскүнемдік – жай ғана зиянды әдет емес, бұл – адамның ағзасы мен санасына біртіндеп үстемдік жүргізетін ауыр тәуелділік.
Маскүнемдіктің терең тамыры
Адам алғаш рет ішімдікке көбіне қызығушылықпен немесе ортаның қысымымен барады. Кейде өмірдегі ауыртпалықтардан қашып, уақытша жеңілдік іздеп, спирттік ішімдікке жүгінеді. Бірақ бір рет басталған әуестік – адамның еркіндігін тұмшалап, мінез-құлқын өзгертіп, уақыт өте келе тұрақты тәуелділікке ұласады.
Маскүнемдік адамның ақыл-ойына, эмоциялық тұрақтылығына, отбасы мен қоғамдық өміріне, еңбекке деген қабілетіне кері әсер етеді. Мұндай адамның мінезі өзгереді, сенімсіз, ашушаң, жауапкершіліксіз күйге түседі. Уақыт өте келе отбасы ішіндегі түсініспеушілік, жанжал, ажырасуға дейін апаратын қиындықтар туындайды. Балалардың тәрбиесі мен болашағына да кері әсері зор. Маскүнемдік – бір адамның ғана емес, бүтін бір отбасының қайғысы.
Денсаулық – басты құндылық
Ішімдік ағзаның барлық жүйесіне зиян келтіреді. Ең алдымен, бауыр зақымданады, өйткені ол спиртті бейтараптандырумен айналысады. Жүрек-қан тамырлары жүйесі әлсірейді, асқазан мен ұйқыбездің қызметі бұзылады. Ең қауіптісі – жүйке жүйесіне әсері: адамның ақыл-есі тұманданып, мінез-құлқы агрессияға бейім болады. Мұндай күйдегі адам өз іс-әрекетіне жауап бере алмай, айналасындағыларға қауіп төндіруі де мүмкін.
Рухани құлдырау
Маскүнемдік – бұл тек физикалық ауру ғана емес, рухани күйреудің көрінісі. Ішімдікке бой алдырған адам өз құндылықтарынан алыстап, адалдық, жауапкершілік, махаббат сияқты қасиеттерден жұрдай бола бастайды. Өмірдің мәні мен мақсатын жоғалтып, түптің-түбінде жалғыздыққа тап болуы әбден мүмкін.
Шешімі бар ма?
Иә, бар. Ең бастысы – адам өз дертін мойындап, көмекке жүгінуге дайын болуы керек. Маскүнемдік – жазылмайтын кесел емес. Бұл жолда адамның ерік-жігері, отбасының қолдауы, дәрігерлердің көмегі барлығы маңызды. Медициналық орталықтарда психологиялық және физиологиялық тұрғыдан жан-жақты көмек көрсетіледі. Бұл – күрделі, бірақ нәтижелі процесс.
Құрметті тұрғындар!
Егер Сіздің отбасыңызда немесе айналаңызда ішімдікке тәуелді жандар болса, оларды кінәлап, шеттетпей, керісінше, түсіністікпен қарап, көмекке бағыттауға тырысыңыз. Әр адамның өзгеруге, сауығуға, жаңа өмір бастауға мүмкіндігі бар.
Маскүнемдікпен күрес – бұл тек медицина саласының ғана емес, бүкіл қоғамның, әр отбасының, әр азаматтың ортақ міндеті. Өзімізден, өз ортамыздан бастайық. Таза өмір – сау қоғамның кепілі.
Сезім БОЛАТБЕК,
жалпы тәжірибелік дәрігер