Basty bet
Жазғы демалысты тиімді өткізген абзал!
Жаз мезгілі – балалардың асыға күтетін қуанышты маусымы. Ата-аналардың ұйғаруымен жеткіншектер демалысты әрқалай өткізеді. Бірі алыс ауылдардағы ата-әжелеріне жол тартса, бірі үй шаруасына көмектеседі. Енді бірі түрлі лагерьлер мен үйірмелерге жазылады. Дегенмен жаз маусымы басталғаннан-ақ балалар бос уақытын тиімді әрі қызықты өткізіп, түрлі жарыстарға қатысу үшін жазғы тынығу лагеріне баруға асығатыны заңдылық.
Сол себепті балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру жұмысы жүйелі жүргізіліп жататыны анық.
Осыған орай, жаз мезгілінде балалардың демалысын сапалы ұйымдастыру барысын білу мақсатында аудандық білім бөлімінің әдіскері Жібек Башаеваны әңгімеге тарттық.
-Биыл балалардың жазғы демалысын көңілді, әрі есте қаларлықтай қызықты өткізу үшін маусым айынан бастап ауданда 39 білім мекемесінде мектеп жанындағы лагерьлер өз жұмысын бастаған болатын. Мектеп жанындағы лагерь екі кезеңмен жүзеге асырылды. І кезең 3-14 маусым аралығы болса, екінші кезеңі 17-28 маусым аралығын қамтыды. Биыл мектеп жанындағы лагерьлерде барлығы 2 382 оқушы бір мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Жаз мезгілінде балалардың демалысын сапалы ұйымдастыру барысында 400 бала қала сыртындағы лагерьмен қамтылады деп жоспарланса, алайда ата-аналардың тарапынан түскен әртүрлі өтініштерге орай, 327 білім алушы Билікөл аймағында орналасқан «Берікқара» лагерінде сауықтырылды.
Сонымен қатар, білім беру ұйымдарының үздік, белсенді, ғылыми жобалар және олимпиада жеңімпаздары, дарынды 200 оқушы өткен аптаның сенбі күні «Қазақстан халқы» қорының атынан Жасөркен ауылында орналасқан «Болашақ» лагеріне жіберілді. Оқушылардың жазғы уақытын өткізуге арналған лагерьлерде, барынша оңтайлы жағдай жасалған,- деді Жібек Қасымханқызы.
Иә, расында қала сыртындағы лагерьлер жасөспірімдердің денсаулығын нығайтып қана қоймай, шығармашылық қабілеттерінің одан әрі қарай жетілуіне, сонымен қатар, демалысын және бос уақытын мазмұнды да әсерлі ұйымдастыруға бағытталған.
Сондай-ақ, балалардың демалысының есте қаларлықтай қызықты өтуіне «Аула» клубы мен №1 Балалар өнер мектебінің ұстаздары да атсалысты. Жазғы демалыстың алғашқы айында оқушылардың шығармашылық белсенділін арттыру мен жан-жақты дамуына арналған түрлі үйірмелер мен сайыстар өтілгені белгілі. Оқушының тұлғалық қабілетіне бағытталған үйірме сабақтарының жалғасы алдағы тамыз айына жоспарлануда.
Жазғы уақытта ата-аналар балаларының доп қуалап емес, керісінше шет тілін үйрететін курстарға, сонымен қатар дене сымбатының дұрыс қалыптасуына назар аудара отырып, өзге де үйірмелерге жіберетіні анық. Балалардың жан-жақты жетілуіне аудан орталығындағы «Топжарған» оқу орталығының орны ерекше. Осы аталған оқу орталығы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Айша Игілікованың айтуынша, балаларға арналған хореография, сурет салу және кескіндеме, вокал үйірмелері бар. Шілде айынан бастап, ата-аналардың өтінішімен бірнеше бала демалыс алған екен.
Бүгінгі таңда мектепке қадам басқалы отырған бүлдіршіндерді әріп тануға үйрететін даярлық тобы өз жұмысын жалғастыру үстінде. Сонымен қатар, ағылшын тілін оқытатын үйірмелерде жұмыс істеп жатыр. Заман талабы болар, балалар жазғы демалыста ағылшын тілін оқып меңгеру үстінде. Алдағы тамыз айында тек ағылшын тілін оқытатын үйірме мен шектеліп қалмай, орыс тілін оқытатын үйірме ашу жоспарда бар,- деген ойымен бөлісті Айша Дүйсенханқызы.
Міне, жуалылық балғындардың жазғы уақыты түрлі ізденулермен болашағына пайдалы болатын нәрселерді меңгеріп, үйреніп мәнді пайдаланатыны көңіл қуантады.
Жазғы демалыс – балалар үшін демалыс уақыты ғана емес, сонымен қатар, жеке өсу, өзін-өзі тану және дамудың бірегей мүмкіндігі болып табылмақ. Ең бастысы – демалыстың әр күнін ұмытылмайтындай етіп, пайдалы дүниелерге жұмсаған абзал!
Анар ТІЛЕНШИЕВА,
«Жаңа өмір»