Basty bet

«ҚАҒАЗ ЖҮЗІНДЕГІ ЖЕТІСТІК қоғамға ҚАЖЕТ ЕМЕС…»

Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінде Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауын жариялағаны белгілі.
Президент негізгі басымдықты экономиканы дамытуға бағыттап, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру мәселесіне аударып отыр. Әрине, қазіргі әлемдегі геосаяси жағдайды ескерсек, экономиканы әртараптандыру біз үшін маңызды екені анық.
Ол үшін шикізаттық мемлекеттен нақты өңдеу өнеркәсіптері бар елге айналуымыздың маңызы зор. Президент жоспарымыздың ұзақ мерзімге бағдарланбай үш жылдың көлемінде орындалуы қажет екенін баса айтты. Себебі, бүгінгідей өзгеріске толы әлемде шапшаң қозғалып, өз мүддемізге жұмыс жасауымыз қажет-ақ. Уақыт бізден соны талап етуде.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев ел арасында талқыда жүрген мәселелерге де назар аударды. Ірі кәсіпорындардағы апаттардың алдын алу үшін оларға әр бес жыл сайын тұрақты аудит жүргізу, су тапшылығына байланысты бақылауды күшейту, су пайдалану мәдениетін көтеру, жол сапасын бақылайтын министрлік құру, Атом электр стансасын салу мәселесін халықпен Референдум арқылы шешу сияқты ел аузындағы дүниелерге тоқталды.
Бүгінгі күні ауылдық жерлердегі басты мәселенің бірі, әрине, ағын судың тапшылығы. Арнайы бетондалып, жасақталмаған су жүйелерінде 60 пайызға дейін су жоғалады екен. Осыған сәйкес, алдағы уақытта елімізде 20 жаңа су қоймасы салынып, 15-і қайта жаңғыртудан өтетіні назар аударарлық жағдай. Осы бағытты бақылайтын жаңадан құрылатын министрліктің атқаратын жұмысы да аз болмайтыны анық.
Ауылдық жерлерде «Отбасы банк» АҚ арқылы үй алғысы келетін тұрғындар аз емес екені белгілі. Сондықтан банктің өз бағытын қайта қарап, өзгерткені құптарлық. Партияның бастамашылдығымен жүзеге асырылып жатқан жобалар да жаңа Жолдауда айтылды. Жеңілдетілген несие беруді көздейтін «Ауыл аманаты» жобасын дамыту өте маңызды. Аталған жоба бес бағыттан тұратын болса, сол бағыттың барлығы белсенді қамтылуы керек. Жобаға қатысушы тұрғындар бірлесіп, кәсіпорындар құруға назар аударғаны маңызды.
Партияның тағы бір жобасы – «Қарызсыз қоғам». Қаржылық сауаттылыққа дағдылау 20 мың адамды қамтыды. Бұл жобаның маңызын ауылдағылар түсініп келеді.
Жалпы Жолдау сан саланы қамтып, басты меженің – экономикалық өсімді қамтамасыз ету қажеттілігіне тоғысып отырғаны қуантады. Бастысы, Президент айтқандай, қағаз жүзіндегі жетістік қоғамға қажет емес…

Марат НАРЫМБЕКОВ,
«AMANAT» партиясы
Жуалы аудандық
филиалының төрағасы

Таңдаулы материалдар

Close