Basty bet
Сақтық шараларын сақтау – қоғам қауіпсіздігінің кепілі!
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының бастамасымен қолға алынған «Заң керуені» акциясы ел аумағында, оның ішінде, Жуалы ауданының ауылдық округтерінде де жалғасып жатыр.
Өткен аптада аудан прокуроры Бауыржан Жанұзақұлы алдын ала жасалған жұмыс кестесіне сәйкес, ауданға қарасты бірқатар ауылдық округтерді аралап, тұрғындармен болған кездесулер аясында оларға құқықтық кеңестер берді.
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының бастамасымен қолға алынған «Заң керуені» акциясы аясында тұрғындарға дәл қазір қоғамды алаңдатып отырған алаяқтық қылмыстар туралы кеңінен айтылып, құқықтық тұрғыда құнды кеңестер ұсынылды және тұрғындармен жеке қабылдаулар жүргізілді. Акцияны өткізудегі мақсат – жергілікті жерлерде халыққа жедел құқықтық көмек көрсету, құқықтық мәдениет деңгейін арттыру, заңдарды түсіндіру, заңды құқықтарын іске асыруға мүмкіндігі жоқ әлеуметтік топтарды анықтау, өңірде қауіпсіздік пен
құқықтық тәртіпті нығайту болып табылады.
Сонымен, өткен аптаның жұмасы күні аудан прокуроры Бауыржан Жанұзақұлы, аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова және аудандық полиция бөлімінің басшылық құрамы, сондай-ақ, құқықтық топтың мүшелерімен бірге аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және өнеркәсіп, білім бөлімі, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, сәулет, қала құрылысы және құрылыс, ішкі саясат бөлімдерінің басшылары және жауапты мамандарымен қатар, «Жуалы-Су» МКК-ның басшысы ең алдымен Шақпақ ауылдық округінің орталығы Шақпақата ауылында болып, тұрғындарға құқықтық түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Құқықтық жиынды аудан прокуроры Бауыржан Жанұзақұлы ашып, жүргізіп отырды.
-Құрметті ауыл тұрғындары. Біздің мұнда келіп, сіздермен кездесудегі басты мақсатымыз да сол, азаматтарға заң талаптарын түсіндіру, заң нормаларына түсіндірме жұмыстарын жүргізу және құқықтық тұрғыдан түсінік бере отырып, тиісті көмек көрсету. Көп жағдайда кейбір азаматтар өзінің құқықтарын білмеуі мүмкін. Немесе құқығын біледі, міндеттерін жақсы білмейтін жағдайлар кездесіп жатады. Сонымен қатар, жергілікті жерлерде тұрғындарға жедел құқықтық көмек көрсету, құқықтық мәдениет деңгейін арттыру, заңдық құқықтарын іске асыруға мүмкіндігі жоқ топтарды анықтау, елдегі қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті нығайтумен қатар, азаматтық қоғам мен құқық қорғау органдарының күш-жігерін біріктіру болып табылатынын да сіздерге арнайы жеткізгім келеді.
Одан басқа біздің тағы бір мақсатымыз – қазіргі таңда өршіп тұрған құқық бұзушылықтар бойынша азаматтарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу және қылмыстардың алдын алу. Мысалыға айтар болсақ, ауылдық жерлерде мал ұрлығы көп орын алады. Оны бәріңіз жақсы білесіздер. Өрісте қараусыз жүрген мал да дәл осы кезде ұрланады. Қараусыз мал – ұрылардың оңай олжасы. Тиісінше, мұның арты үлкен дау-дамайға әкеліп соқтырып жатады. Бұл ретте ең бірінші мәселе ретінде айтарым, сақтық шараларын қатаң сақтауларыңыз қажет. Сонда ғана мал-мүлкіңізге ешқандай зиян келмейді.
Тағы бір басымдық беріп айта кететін мәселе, алаяқтық қылмыстар. Сіздерден үлкен өтініш, осы жиында естіген құқықтық кеңестерді ағайын-туыстарға, көрші-қолаңға жеткізіңіздер. Себебі, қазіргі таңда біздің қоғамда интернет алақтығына байланысты қылмыстар көптеп орын алып жатыр. Ондай жағдайлар өте көптеп тіркелуде. Мұндағы бір қиындықты айта кетсем, интернет арқылы алаяқтық жасаған қылмыскерді табу да құқық қорғау органдарының өкілдері үшін өте қиынға соғуда. Өйткені, қылмыскер көзге көрінбейді. Олар көбінесе, өз «құрбандарын» жалған телефон нөмірден қоңырау шалу арқылы алдап, арбау арқылы торға түсіреді. Ал олардың алдауына, жалған ақпараттарына сенгендер көбінесе қаржылай орасан зор шығынға батып отыр. Мұны мен айтпай-ақ, өздеріңіз де күнделікті естіп-біліп жүрсіздер деп ойлаймын. Сондықтан, қайбір істі жасамас бұрын өте сақ болғандарыңыз жөн. Он ойланып барып, шешім қабылдағандарыңыз дұрыс болады.
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының ішкі істер министрі Марат Ахметжанов, Бас прокуратураның және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жауапты өкілдері отандық телеарналар арқылы эфирге шығып, халықты осындай алаяқтық, тағы басқа жолмен жасалатын қылмыстардан сақтандырып, жағымсыз іс-әрекеттердің құрбанына айналмауға шақыруда. Түсіне білгенге, бұл бәріміз үшін де пайдалы кеңес саналады. Сондықтан, қайбір істе де сақ болуға және нақты әрі ресми ақпараттарды тек мемлекеттік ресми көздерден ғана алуға шақырамын,- деді Бауыржан Жанұзақұлы.
Келесі кезекте аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова сөз алып, құқықтық мәдениет пен құқықтық сауаттылықты арттырудың әлі де өзекті екенін айта келіп, тұрғындарды, әсіресе, отбасында бала тәрбиелеп отырған ата-аналар қауымын әлеуметтік желілердегі келеңсіздіктерден және ондағы жалған алдап-арбаулардан сақ болуға шақырды. Одан бөлек, мектеп жасындағы балаларға ата-аналар тарапынан бақылауды күшейтуді сұрап, жасөспірімдер тәрбиесіне өте сергек қарау қажеттілігін айтты.
Қосымша айта кететін болсақ, ауылдық округтің учаскелік полиция инспекторының мәліметінше, Шақпақ ауылдық округінде ағымдағы жылдың тоғыз айында бес қылмыс тіркелген.
Құқықтық жиыннан кейінгі жеке қабылдау кезінде жекелеген ауыл тұрғындары аудан прокурорынан алимент өндірудің заңдылықтарын, басқа да мәселелермен қайырылып, құқықтықтер алды.
«Заң керуені» акциясының аясындағы келесі жиын Жетітөбе ауылдық округіне қарасты Шыңбұлақ ауылында жалғасып, аталған құқықтық жиында аудан прокуроры Б.Жанұзақұлы тұрғындарға пайдалы кеңестерін ұсынып, сұрақтарға заңдылық тұрғысынан жауап берді.
Құқықтық топтың өкілдері келесі кезекте Күреңбел ауылдық округінің жұртшылығымен кездесіп, өзара пікір алмасты. Жиында әдеттегідей аудан прокуроры Бауыржан Жанұзақұлы құқықтық кеңестерін ұсынса, аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова өз сөзінде, отбасындағы бала тәрбиесі және қоғам мен мектеп, ата-аналар болып жасөспірімдердің тәрбиесіне және ең бастысы, олардың болашағына көбірек көңіл бөлудің маңызды екеніне баса назар аударды.
Сондай-ақ, ауылдық округтерде өткен жиындардың барысында аудандық полиция бөлімінің басшылық құрамының да өкілдері тұрғындарға құқықтық тәртіпті сақтау мен қамтамасыз ету және қылмыстарды болдырмау шаралары туралы да маңызды ақпараттар ұсынды.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»