Basty bet

Байқаудың аудандық кезеңі қорытындыланды

Қазақта “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің” деген нақыл сөз бар. Яғни, адам баласының отбасында алған тәрбиесінің оның болашағына тигізер әсері зор.

Отбасындағы құндылық – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан сенім, қағида, әдеп-ғұрып, сыйластық пен сүйіспеншіліктің жиынтығы. Отбасылық құндылықтар сол отбасының іргетасын нығайтады, әулет ұрпақтарының тұлға болып қалыптасуына оң ықпал етеді.

2013 жылдан бастап елімізде “Мерейлі отбасы” ұлттық конкурсы дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Оның мақсаты – ел ішіндегі үлгі-өнеге боларлық ұрпақ тәрбиелеп отырған, ынтымағы мен сыйластығы жарасқан, еңбекқор, көпбалалы, жан-жағына шуағын шашып, шарапатын тигізіп жүрген отбасыларды іріктеп, көпшілікке насихаттау.
Байқаудың аудандық кезеңіне аудандағы елдімекендерден бірнеше отбасы қатысты. Комиссия мүшелері байқау шарттарын ескере отырып, қатысушыларды саралай келіп, жеңімпаз отбасыларды іріктеді.
Байқаудың марапаттау рәсімі аудандық мәдениет үйінің кіші залында өтті.
Аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова алдымен байқаудың мақсаты мен міндеттеріне тоқталды.
-Биыл оныншы рет өткізіліп отырған байқаудың мақсаты – отбасы құндылықтарын дәріптеу, рухани адамгершілік құндылықтарын, ерлі-зайыптылардың отбасындағы рөлін, ауызбіршіліктерін нығайту, үлгі боларлық отбасының ел ішіндегі қамқорлығы, еңбегі, мейірімділігі, қайырымды істері, жалпы абырой-атағын насихаттау.
Қатысушы отбасыларды біз бірінші, екінші, үшінші орын деп бөліп-жарған жоқпыз. Себебі, барлық отбасы бас жүлдеге лайықты. Сондықтан әр отбасының ерекшеліктерін саралай келіп, өзіне лайықты номинациямен марапаттауды жөн санадық.
Ауданда аудан әкімдігінің жанынан “Бастау” ресурстық тобы құрылған. Топқа ажырасуға арыз берген отбасыларды татуластыру үшін аудандық соттан материалдар түсіп жатады. Топтың мақсаты – ажырасуға келген отбасыларды мүмкіндігінше сақтап қалу.
Отбасылармен жұмыс барысында кейде болмашыны ажырасуға сылтау етіп келіп отырған жандарды да кездестіреміз. Сонда баланың болашағын ойлайтын әкенің, ананың саяз түсінігі, өз жауапкершілігін түсінбеуі, бала мен келінге ақыл-кеңесін айтып, ішкі мәселені табалдырықтан шығармай тоқтау айтып, отбасын ұйытып отыратын ата-әжелердің ақылының жетпей жататыны қынжылтады. Сондықтан қашанда әрбір отбасының татулығы, бірлігі, жетістігі біз үшін, мемлекетіміз үшін өте маңызды,- деді Анар Садыққызы.
Келесі кезекте сөз кезегі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев пен аудандық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, көпбалалы ана, кәсіпкер, аудандық мәслихаттың депутаты Нүрила Мәлібековаға берілді.
Сейітхан Шерелханұлы ауданымызда елге үлгі, тұтқа боларлық ұл-қыз тәрбиелеп отырған отбасылардың көп екенін, сонымен бірге олар сондай дәрежеге үздіксіз еңбектің, биік адами қасиеттерінің, ата-анасы ұл-қызына үлгі болуының арқасында жеткенін тілге тиек етті.
Ардагер сондай-ақ, ел ішінде қартайған әке-шешесіне қарамайтын қайырымсыз, мейірімсіз баланың, келіннің де өкінішке қарай барын айта келіп, бүгінгі жеңіске жеткен отбасыларға амандық пен отбасылық бақыт тіледі.
Нүрила Эдиханқызы әр отбасының қоғамға тигізер пайдасы – өмірге әкелген ұл-қызын баға да, баули да білу, яғни жақсылыққа, еңбекқорлыққа, адами биік қасиеттерге баулып, тәрбиелеу екенін баса айтты. Сонымен бірге бұл жетістікті әулет болып атап өтудің маңыздылығына тоқталды.
Марапаттау рәсімінде Анар Садыққызы жеңімпаз отбасылардың әрқайсысының ерекшелігіне тоқталды.
“Өнегелі отбасы” номинациясын түктібайлық Сұрымбаевтар отбасы иеленді. Бұл отбасында отағасы Қанатбек Жамалбекұлы “Дархан” шаруа қожалығының басшысы. Егін, мал шаруашылығымен айналысып, ауданымызда ауыл шаруашылығы саласының дамуына өз үлесін қосып келе жатқан азамат. Әке жолын қуған Қанатбек Сұрымбаев трактор жөндеумен де айналысады. Сонымен бірге аз қамтылған, көпбалалы ортбасыларға үнемі көмек қолын созып жүрген қайырымды отбасы.
Отанасы Қаракөз Жамалбекқызы ұлағатты ұстаз, көпбалалы, “Алтын алқалы” ана.
“Парасатты отбасы” номинациясын иеленген қарабастаулық Әлмембетовтер отбасының қазыналы қариясы Әсия Жарылқасынқызы екі ұл, екі қызынан 10 немере, бес шөбере сүйіп отырған, сондай-ақ ауылының “әрі сот, әрі адвокат” атанған дана қариясы.
Қара шаңырақтағы ұлы Ғалым шағын шаруа қожалығының жетекшісі болса, келіні Дария бастауыш сынып мұғалімі. Ауылға сыйлы, жан-жағына қарайласқан қайырымды отбасында сыйластық пен ауызбіршілік, жарасымдылық үйлесім тапқан.
“Шуақты отбасы” номинациясын иеленген Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғындары Мейрамбаевтар отбасы екі ұл, жеті қызды өмірге алып келіп тәрбиелеп отырған, “Үйінің іші базарлы, сырты ажарлы”, бақытын баладан іздеген отбасыларымыздың бірі.
“Үлгілі отбасы” номинациясын шыңбұлақтық Үсібалиевтар отбасы иеленді. Бұл отбасында ерлі-зайыптылар Асхат пен Гауһар өздеріне Алланың беген перзенттерімен бірге өмірден озған аға-жеңгелерінің төрт баласын бауырларына басып отыр.
Қазақ жетімін жылатпаған текті халық десек, бұл отбасының мейірімділігі мен үлкен сауап істері көпке үлгі боларлық.
“Қайырымды отбасы” номинациясын иеленген қошқараталық Кенжебековтер отбасы отағасы Досмахамбет пен отанасы Ләззат сауап істен шет қалмайтын, үнемі айналасына шапағатын шашып жүретін қайырымды, қамқор отбасылардың бірі.
Байқау жеңімпаздары аудан әкімінің арнайы Дипломы мен бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close