Basty bet
Азаматтардың сауаты қай деңгейде?
Қаржылық қызметтерге деген сұраныстың өсуі азаматтардың бұл саладағы жауапкершілігі мен сауатын да арттырып жатыр. Цифрға шақсақ, қазір елдегі қаржылық сауаттылық деңгейі 39,52 пайызға жеткен. Жақында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі осы бағыттағы жыл сайынғы әлеуметтанушылық зерттеуін жариялады.
Халықтың қаржылық сауаттылығының бар яки жоқ екені қалай тексеріледі өзі? Оны білу үшін көп жағдайда Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының қисыны қолдынылады екен. Яғни үш критерий – меншікті қаржы қаражатын басқару, қаржылық көрсетілетін қызметтерді пайдалану және халықтың қаржы жүйесі туралы хабардар болу деңгейі.
Меншікті қаржы қаражатын басқару бойынша жоғары деңгей Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Қостанай және Қызылорда облыстарында байқалады. Алматы, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстары тұрғындарының бұл тұрғыдағы деңгейі орташа бағаланады. Бір қызығы, зерттеу барысында ер адамдардың әйелдерге қарағанда ақша ұстауда ұқыптылық танытатыны анықталған. Жалпы, қоғамдық сипат тұрғысынан қарар болсақ, жоғары оқу орнын бітірген азаматтардың, кәсіпкерлердің, жеке және мемлекеттік компания өкілдерінің қаржылық қабілеті жоғарырақ. Көп жағдайда 18-29 жас аралығындағы жастар мен 60-75 жас аралығындағы қарт кісілер қаржы игеруде қиындыққа көп кезігеді екен.
Зерттеу арқылы мәлім болғандай, қазақстандықтардың 42,8 пайызының жеке бюджеті бар, ал сұралғандардың үштен бірі отбасылық бюджет мәселесін (29,9 пайыз) жұбайымен (зайыбымен) бірлесе отырып жүргізеді. Сауалдамаға қатысушылардың көбі (46,3 пайыз) олардың сатып алуға мүмкіндігі бар-жоғын мұқият ойластыратынын, 0,6 па-йызы мұндай бағалауды жасамайтындығын айтқан.
«Сауалдамаға қатысушылардың 36,4 пайызы тұрақты жинақ жасайды, ал 37,9 пайызы мүмкіндігіне қарай белгілі бір ақша сомасын жинайды. Респонденттердің 36,04 пайызында шығындарды жоспарлау әдеті бар, 37,1 пайызы кейде мұны істеуге тырысады, ал 2,2 пайызы ешқашан істемейді. 40 пайызға жуық қатысушы кейде ақша салу арқылы тәуекелге баруға дайын (мысалы, бағалы қағаздарға), 18,4 пайызы мұны істеуге мүлде дайын емес», деп жазады агенттік.
Зерттеудің тағы бір нәтижесі – ең танымал қаржылық қызметтердің анықталуы. Азаматтар көп тұтынатын қаржылық қызмет не болмаса тауарлардың көш басында – тауар несиесі (37,4 пайыз) тұр. Одан кейін көпшілік ағымдағы шот пен банк депозитіне де жиі жүгінеді. Ал зейнетақы аннуитеті, білім беру депозиті, акция, облигация және инвестициялық пай қоры сияқты қаржы құралдарын пайдаланушылар үлесі тым төмен. Сонымен қатар соңғы бірер жыл көлемінде тұрғындардың банктердің мобильді қосымшаларын жаппай қолдануға көшкенін де айта кету керек. Нарықтағы бұл тенденцияға COVID-19 пандемиясы да ерекше әсер етті.
«Жалпы алғанда, зерттеу кейбір респонденттердің қаржылық қызметтердің сараланған жиынтығымен жақсы таныс болмаса да, қаржылық қызметті таңдау процесіне егжей-тегжейлі қарап, шартты мұқият зерттей бастағанын көрсетті. Мәселен, рес-понденттердің 44,9 пайызы, олардың айтуынша, шартқа тек оны оқып, барлық жағдайын түсіндіргеннен кейін қол қояды. Менеджерлерге қосымша сұрақтар қояды және талаптарды зерттейді, респонденттердің 21,8 пайызы сұрақсыз қол қояды, өйткені мұның бәрін түсіну оларға қиын», деп жазады агенттік.
Ал сауалдамаға қатысушылардың жартысынан көбі екінші деңгейдегі банктердің функционалын, сондай-ақ Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Қазақстан Ұлттық банкінің атынан реттеушінің міндеттерін жақсы түсінетінін мәлім еткен. Жалпы, зерттеуге 10 мың респондент қатысса, соның 23 пайызы – 18-29, 63 пайызы – 30-49, 13 пайызы – 50-63, 2 пайызы – 63 жастан жоғары азаматтар. Сауалдама Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент сияқты республикалық маңызы бар 3 қалада және Қазақстанның 14 өңірінде жүргізілген.
Материал ақпарат көздерінің мәліметтерінен дайындалған