Basty bet

Биыл өңірде 42 шақырым жол орта жөндеуден өтеді

Мемлекеттің басты байлығы – адам. Сондықтан, ел тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру маңызды мәселе. Бұл қай заманда да өзгермейтін ақиқат. Ал азаматтардың толыққанды өмір сүруіне, онымен қоса олардың тұрмыстық игіліктерге қолжетімділігін арттыру ісі қашанда мемлекет назарындағы мәселе. Ауылдық елдімекендерді инженерлік-инфрақұрылымдық жүйелермен толықтай қамтамасыз ету, өңір тұрғындарының тұрмыстық игіліктерге, оның ішінде, сапалы автомобиль жолы, электр жарығы мен табиғи газдың (көгілдір отын), сонымен қатар, таза ауызсудың қолжетімділігі аса маңызға ие.

Адами капиталды басты орынға қоятын Қазақстан Республикасында азаматтардың әл-ауқатын арттыру ісіне және ел өңірлеріндегі ауыл тұрғындарына тұрмыста қолданылатын игіліктердің қолжетімділігін арттыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған дәстүрлі Жолдауларында басымдық берілуде. Атап айтқанда, «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында: «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе.  Сондықтан, ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды» дегенді де Президент жайдан-жай айтып отырған жоқ. Сондықтан, барлық деңгейдегі атқарушы органдардың басты жұмысы – азаматтардың өмір сүруіне жағдай жасауға бағытталуы тиіс.
Президенттің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында да көлік-логистика саласына және ел өңірлерінде инженерлік-инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне де айрықша көңіл бөлініп отыр. Инфрақұрылымдық жүйелердің дамуы айналып келгенде, ел ішіндегі алыс-беріс пен барыс-келісті арттырумен қатар, тұрғындардың тұрмысымен қатар, көлік қатынасы мен жолаушылар тасымалын жақсартуға да үлкен сеп.
Бұл мәселе туралы аталған Жолдауда: «Жалпы алғанда, Қазақстан Еуразия құрлығындағы басты транзит хабы ретіндегі рөлін арттыруы керек. Осылайша, уақыт өте келе көлік-логистика саласындағы ірі мемлекетке айналуымыз қажет.
Көлік-логистика саласын қарқынды дамыту – бұл стратегиялық міндет. Үш жыл ішінде оның ішкі жалпы өнімдегі үлесі кемінде 9 пайызға жетуге тиіс. Ол үшін саланы тиімді басқару өте маңызды. Сондықтан Көлік министрлігін қайта құрған жөн. Бұл министрлік жол инфрақұрылымын салумен де айналысады» деді Президент Қ.Тоқаев.
Заман өзгеріп, еліміз өркениетке құлаш ұрып дамыған жаңа кезеңге аяқ басқан қазіргідей кезде ел өңірлерінде, әсіресе ауылдық жерлерде тұратын тұрғындар үшін инженерлік-инфрақұрылымдық даму, оны жақсарту мәселелерінің өзекті болып отырғанын жақсы білеміз.
Президенттің Жолдауында энергетиканы тиімді пайдалануға және басқа да табиғи ресурстарды үнемдеуге қатысты нақты нормативтік талаптарды біртіндеп енгізу және 2029 жылға қарай энергияны тұтынуға және энергия шығынына байланысты негізгі көрсеткіштер кемінде 15 пайызға азаюға тиіс екені, онымен қоса, елдің «жасыл» экономиканы дамыту мәселесімен тұрақты айналысуы керек екені де жан-жақты айтылып отыр.
Тұрғындардың тұрмысын жеңілдету ісіне жағдай жасау – мемлекет дамуының басты талаптарының бірі. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға дейін тұрмыстық игіліктері жоқ ауылдардың барлығы инженерлік-инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл – міндетті меже. Қазіргі таңда жыл санап елде демографиялық өсімнің артып келе жатқаны анық байқалады. Бұл – қуанышты жағдай әрине. Басқа өңірлер сияқты Жуалы ауданында да тұрғындар санының жыл санап артып келе жатқанын ескерсек, өңір тұрғындарын таза ауызсумен, табиғи газбен, электрмен және қанағатанарлық автомобиль жолдарымен қамтамасыз ету мәселелеріне облыс басшылығының тарапынан да көбірек көңіл бөлініп отыр.
Жоғарыда атап өткеніміздей, орталықтан шалғайда орналасқан ауылдарға газ, ауызсу құбырларын тартумен қатар, ондағы қанағаттанарлық автомобиль жолдарының да үлесін арттыру маңызды міндеттердің бірі. Бұл бағытта өңірде қолға алынған бірқатар жобалар сәтімен жүзеге асырылу үстінде.
Жергілікті атқарушы органның ресми ақпаратына сәйкес, 2025 жылға дейін аудан тұрғындарын таза ауызсумен және табиғи газбен қамту жұмыстары толықтай жүзеге асырылуы қажет. Бұл мәселелер мұнымен қоса Жамбыл облысының 2025 жылға дейінгі даму жоспарында да межеленген. Бұл бағытта кейінгі жылдары аудан көлемінде қыруар жұмыстар атқарылды. Мұның тұрғындар тұрмысын арттыруға тигізіп отырған әсерін баса айтуға тиіспіз.
Бұл бағыттағы жұмыстарға тікелей жауапты саналатын аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, ауданда тұрғындарды таза ауызсу жүйелерімен қамтудың үлесі әлдеқайда артып отырғанын анық байқаймыз.
Алдыңғы жылдарды қоспағанда, тек 2023 жылдың өзінде ауданға қарасты алты бірдей елдімекенде, атап айтқанда, өңірдің – Бәйтерек, Тасбастау және Кәріқорған ауылдарында жаңа ауызсу жүйелерінің құрылыс жұмыстары жүргізілді. Мұнымен қоса шалғайдағы – Қызтоған, Қаратас және Әбдіқадыр ауылдарындағы ауызсу жүйелеріне ағымдағы жөндеу, дәлірек айтқанда, онда кешенді-модульді блок (КМБ) орнату жұмыстары жүргізіліп, тұрғындардың игілігіне беріліп отыр. Айта кету қажет, былтыр аталған ауылдардағы құрылыс жұмыстарының барлығы түгелдей дерлік аяқталды. Атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде, өңірде орналасқан барлығы 49 елдімекеннің 42-сі таза ауызсу құбырына қосылып, тұрғындарды ауызсумен қамтудың үлесі – 85,7 пайызды құрап отыр.
-Өңірде ауызсумен қамтылмаған елдімекендерге келсек, бұл олқылықтарды жою мақсатында алда да жұмыстар атқарылатын болады. Ауызсу мәселесі өте өзекті болып отырған ауданға қарасты Түктібай және Ақтөбе ауылдарына таза ауызсу құбырын тарту мақсатында 2022 жылы тиісті жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) әзірленіп, құрылыс жұмыстарын жүргізуге қажетті қаражат бөлдіру үшін республикалық бюджетке өтінім берілген,- дейді аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Медет Дамиров.
Аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, өңірде орталықтандырылған ауызсумен қамтылмаған 7 елдімекен қалып отыр. Оның ішінде, Түктібай және Ақтөбе ауылдарын ауызсумен қамтуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, республикалық және облыстық бюджеттен қаражат қарастыру арқылы ағымдағы жылы аталған ауылдарда ауызсу жүйесінің құрылысы жүргізілмек. Аудандағы ауызсу жүйелері тартылмаған қалған елдімекендер аула және халық саны аз болғандықтан, оларды модульді-кешенді блок орнату арқылы ауызсумен қамту жоспарлануда. 2023 жылдың қорытындысымен ауданға қарасты 49 елдімекеннің 42-сі ауызсумен қамтылып, көрсеткіш – 85,7 пайызды құрап отыр.
Ал бес елді мекенге аула және халық саны аз болғандықтан кешенді модульді блок орнату арқылы ауызсумен қамтылады деп жоспарланған. Оның ішінде, төрт елді мекенге, атап айтқанда, Қарасау, Көктас, КҮркіреусу және Амансай ауылдарына облыстық бюджеттен қаржы қарастырылып, жұмыстар басталды. Сонемен бірге, 13 ауладан тұратын Қазбастау елді мекеніне жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылып, кешенді модульді блок арқылы ауызсумен қамтылмақ.
Халықтың тұрмысын жеңілдету ісінде табиғи газдың да алатын орны ерекше екені айтпаса да түсінікті. Жауапты бөлімнің бізге берген ресми мәліметін сөйлетер болсақ, кейінгі төрт-бес жылдың бедерінде аудандағы газ құбыры жоқ елдімекендер – Күреңбел, Жетітөбе және Боралдай ауылдық округтеріне қарасты ауылдардың барлығына дерлік магистральды газ құбыры тартылды. Ауыл тұрмысына қолайлы жағдайдың жасалуы ондағы тұрғындардың да қуанышын еселей түскені анық. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар алда да өз жалғасын таба беретін болады.
Ал былтыр 2022 жылдан өтпелі болған Қошқарата ауылындағы кварталішілік газ тарту жұмыстары толықтай аяқталып, көгілдір отын тұрғындардың игілігіне пайдалануға берілді. Бұл ретте айта кететін маңызды мәселе бар. Табиғи газбен қамтамасыз етудің үлесіне келер болсақ, жалпы ауданға қарасты 49 елдімекеннің 45-іне көгілдір отын жеткізілді. Қазіргі таңда табиғи газбен қамтылған ауылдардың үлесі – 91,8 пайызды құрады. Бұл – әлбетте жақсы көрсеткіш.
Тұрмыстық игіліктердің бірі ретінде инженерлік-инфрақұрылымдық жүйелерді жаңғырту, оның ішінде, басты қатынас саналатын автожолдардың сапасын жақсарту жұмыстарын ерекше атап айтуға болады. Оның ішінде, ауыл-аймақтарды және алыс ауылдарды ауданның орталығымен жалғайтын және көше жолдарын жөндеу жұмыстарының маңызы зор.
Бұл мақсатта 2023 жылы аудан көлемінде «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының аясында барлығы – 27,7 шақырымды құрайтын автомобиль жолына орта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілгені белгілі. Оның ішінде, аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылында барлығы 18 көшенің жолы орта жөндеуден өткізілді. Былтыр қасиетті өңірде барлығы – 30 шақырымға жуық жол жөндеуден өтсе, 2024 жылға жалпы ел қазынасынан 1 миллиардтан астам қаржы-қаражат қаралып, 40 жобаның аясында барлығы – 42,47 шақырым автомобиль жолын орта жөндеуден өткізу жұмыстары жоспарланған. Өңірдегі жол құрылысының жұмыстары мамыр айында басталып та кетті.
Оның ішінде, аудандық мәнге ие жалпы ұзындығы – 2,73 шақырымды құрайтын «Шақпақата-Ынтымақ» автожолы (қаржысы 51 млн теңге, жұмыстар 2023 жылдан 2024 жылға өтпелі) орта жөндеуден өтеді деп жоспарланса, оған қоса, жергілікті бюджеттен қомақты қаражат қарастыру арқылы – 11 жобамен 12 шақырым жол жөнделмек. Осыған сәйкес, мамыр айының басында жол құрылысына жауапты мердігерлер анықталып, қазір бірқатар ауылдарда жол жөндеу жұмыстары қарқынды атқарылып жатыр.
Жол жөндеу ісінде аса маңызға ие бағдарламалардың бірі – «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының аясында биыл 824,0 мың теңгеге 28 жобамен жалпы ұзындығы -28,47 шақырым жол жөндеуден өтетінін де айта кеткен жөн. Биыл жол жөндеу жұмыстары ауданға қарасты ауылдық округтердің басым бөлігінде жүргізілу үстінде. Ауданның орталығы саналатын Б.Момышұлы ауылында да бірқатар көшені орта жөндеуден өткізу жұмыстары жоспарланған.
Биыл ауданда 40 жобамен (39 ауылішілік, 1 аудандық мәндегі автомобиль жолы) 42,47 шақырымды құрайтын автомобиль жолдарын орта жөндеу жұмыстары жоспарланса, оның ішінде, бүгінгі күнге барлығы 8 жоба бойынша асфальт жабындысы төселіп, жұмыстар аяқталды, 29 жобамен жұмыстар жүргізілуде және 3 жобамен келісім-шарт жасалумен бірге, мемлекеттік сатып алу сатысында.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close