Basty bet

«ЖАСЫЛ ӘЛЕМДІ БІРГЕ ҚҰРАЙЫҚ» АКЦИЯСЫ ӨТТІ

Өткен аптада аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен №1 Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназияда «Таза Қазақстан» акциясының аясында «Жасыл әлемді бірге құрайық» атты тұқымнан ағашты отырғызу акциясы өтті.
Акцияның мақсаты – табиғатты көркейту, экологиялық тепе-теңдікті сақтау және әр азаматтың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыру. Бұл акция барысында адамдар өз қолдарымен ағаш отырғызып, оны күтіп-баптауға мүмкіндік алады.
Акцияға аудан әкімі Жалғас Мұртаза, аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы, аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев, аудандық білім бөлімінің басшысы Бахыт Шертаева және 5-10 сынып оқушыларынан жасақталған «Жасыл клуб» мүшелері қатысты.
Іс-шара мектеп оқушыларының флешмоб биімен бастау алды. Мектеп фойесі тақырыпқа сай безендірілген. Сонымен қоса №11 Т.Тастандиев атындағы орта мектептің оқушысы Татьяна Вишневская «Скажи “Да” переработке пластика!», №17 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің оқушысы Еңлік Тұрдалы «Өзендердің эко жүйесінің ластануы мен қалпына келтіру жолдары» және №19 Д.Қонаев мектеп-гимназиясының оқушысы Іңкәр Сапарбек «Сөйлейтін қоқыс жәшігі» тақырыбындағы дайындаған жобаларымен арнайы келген қонақтарға таныстырды.
Іс-шарада алғашқы сөз аудан әкімі Жалғас Мұртазаға берілді.
– Құрметті оқушылар, ұстаздар және іс-шараға қатысушылар! Сіздерді «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылып отырған «Жасыл әлемді бірге құрайық» атты ерекше бастамамен шын жүректен құттықтаймын! Бүгінгі тұқымнан ағаш өсіру акциясы – тек табиғатқа жасалған қамқорлық емес, бұл – болашаққа деген сенімді үміттің, ұрпақтың саналы көзқарасының жарқын көрінісі. Жасыл желек – тіршіліктің тынысы, ал табиғатты аялау – әрбір азаматтың қасиетті парызы. Мектеп оқушылары мен ұжымдарының белсенділігі мен жанашырлықпен жасаған бұл қадамы үлкен алғысқа лайық. Сіздердің осы игі істеріңіз өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға, табиғатты сақтауға өз үлесін қосатынына сенімдімін. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген дана халқымыз. Егілген әрбір тұқым – келешекке қалдырған аманат. Еліміздің жарқын болашағы сіздердің осындай ізгі әрекеттеріңіз арқылы қалыптасады. Табиғатпен үйлесімді өмір сүріп, жасыл әлемді бірге құрайық! Істеріңіз берекелі, әр ағаш мәуелі болсын,- деді аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы.
Әрі қарай оқушылар ағаш түрлерін егудің және ағаш отырғызудың техникасы мен оны күтіп-баптау жолдарымен танысты. Әр оқушыға стакан мен тұқым берілді. Мұғалімдер мен үйірме жетекшілері оларға қажетті көмек көрсетті. Яғни оқушыларға ағашты қалай дұрыс суаруды, жарық жағдайларын қалай қамтамасыз ету керектігі жайлы толық түсіндірілді.

Толқын Сейітжанова,
аудандық білім бөлімінің биология және химия пәнінің әдіскері

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close