Basty bet

“Ата-анамның мақтанышы болғым келеді”

Адамды даңққа бөлейтін екі қасиетті өнер бар: бірі – қолбасшылық, екіншісі – шешендік», деп ұлы шешен-ділмар М.Т.Цицерон айтып кеткендей, жеке пікірдің қалыптасып, жеткізе білудің өзі – үлкен өнер. Қиыннан қиыстыра, төтеден төге сөйлейтін тапқыр да ақылды, бейнелі де бедерлі, аталы да баталы, нақыл, көркемсөзді келістіре айту – кез келген жанның бойынан табыла бермейтін қасиет екені анық.

Бүгінгі уақыт талабы әр адамның өз көзқарасын, пікірін қорғай білуін, өз ойын дұрыс дәлелдей алуын қажет етеді. Бірақ бұл кім ойына не келсе, соны айта берсін деген ұғымды білдірмейді. Керісінше, өзінің айтары бар, жеке ой-пікірлері ұтымды, қоғамдық көзқарасы қалыптасқан адамдарға, топтарға өзін танытуға мүмкіндік беру дегенді меңзейді.
Қазір елімізде одан бөлек, жастар арасында білім мен интеллектуалдылықты, сонымен қатар, ораторлық қабілеттілікті ұштастырып дамытатын “пікірсайыс” өнері де жедел дамып келеді. Пікірсайыс – белгілі тақырып көлемінде арнайы ережелермен шектелетін, сөз жарыстыру, білім таластыру өнері.
Осыған орай, №2 Мыңбұлақ орта мектебінің 11 «ә» сынып оқушысы, «Алтын белгі» белгісіне үміткер, пікірсайысшылардың үздігі Еркеназ Қонысбай туралы әңгімелейтін боламыз.
Айта кету керек, Еркеназ жақында ғана Тараз қаласындағы М.Х.Дулати атындағы өңірлік университетінің ұйымдастыруымен өткен облыстық «Дебат – сөз додасы» атты пікірсайыс турниріне қатысып, «Үздік спикер» номинациясының жеңімпазы атанды. Сонымен қатар, жоғарыда аталған университетте таңдаған мамандығы бойынша оқуға 100 пайыз жеңілдікке ие болып, дипломмен арнайы кубокпен марапатталды. Одан да басқа жетістіктері баршылық.
Оқуда үздік, әрі қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысатын дарынды оқушы мектеп қабырғасында 2021-2022 жылдары аралығында мектеп Президенті болған.
– Менің пікірсайыстағы алғашқы жетекшім тарих пәнінің мұғалімі марқұм Қали Қадыров болатын. Кейіннен облыстық турнирге қадам бастырған құқық пәнінің мұғалімі Балауса Тұрсынбекова. Ал, осы жылғы жетекшім география пәнінің мұғалімі Есімхан Разымбетов. 5 сынып оқып жүргенімде Қали ағай пікірсайысқа қатысуымды талап етіп, ата-анамнан сұрап қатыстырған болатын. Басында пікірсайысқа қатысқым келмеді, бірақ алғашқы аудандық жарысымнан жүлделі орын алған соң бұл сайысқа деген қызығушылығым оянды. Сонымен бірге, әкем Манарбек Қонысбаев та менің жеңісіме қатты қуанған еді.
Пікірсайысты көбісі басқаша түсінеді. Оған шешендік қажет дейді. Бірақ көз алдымда түрлі тұлға иесі қалыптасты. Елдің алдында екі сөздің басын қосуға ұялатын адамдар осы сайыстың барысында бапталып, өздеріне деген сенімділігі артты. Жүйелі ойлауды дамытуға көп көмегі тиеді.
Пікірсайыс бізді әрдайым жаңа мәлімет іздеуге міндеттейді. Сәйкесінше, әлемде не болып жатқанынан, оның себебі мен салдарынан хабардар боламыз. Саясатқа бір табан жақындатады. Кейбір пікірсайысшы достарым болашақта саясаткер болып, елі үшін қызмет еткісі келеді. Ал, мен табиғатымнан сахнаны жақсы көремін. Халықтың алдында сөз сөйлеу менің сүйікті ісім. Ал бұл сахналық өнерге мені бейімдеген мектеп директорының ұйымдастырушы орынбасары Роза Махаббатқызы болатын. Бірақ болады екен деп бос сөйлей беру де ақымақтық. Жиренше шешен айтпақшы, “не сөйлейтініңді біл, қайда сөйлейтініңді біл, кімге сөйлейтініңді біл”, қағидасын берік ұстанамын. Пікірсайыс бізді осыған дағдыландырады, – дейді Еркеназ.
Ата-анасының мақтанышы болуды қалайтын Еркеназ ылғи да ізденіс үстінде жүреді.
Иә. Кемел келешек пен жарқын болашақтың иесі – ол, әрине, білімді жастар. Өскелең жас буын білімді, парасатты, пайымды болса аға буынның алаңдауына негіз жоқ. Ал осындай жан-жақты жеке тұлғаны қалыптастыру – бүгінгі қоғамның басты талабы.
Бүгінде жастарға мемлекет тарапынан қолдау бар. Өз ынтасы мен білімі болса, тіпті шетелде де оқу қиын емес.
Бүгін біз осы күнге дейін бойындағы дарындылық қабілетін шыңдап, бағыт-бағдар беріп, жақсылыққа жетелеген ұстаз бен ата-ананың еңбегін ақтап, болашақта ел мақтанышына айналар тұлғаның өсіп келе жатқанына куә болғандаймыз. Жалындап тұрған жас өрен ел тұтқасын берік ұстайтынына кәміл сенеміз.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close