Basty bet

“Жобалардың мақсаты мен талаптарын ауыл әкімдері жете білуі керек

Аудан әкімі Жалғас Мұртазаның төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте аудан аумағында жұмыспен қамту шараларының және бекітілген индикаторлық көрсеткіштердің орындалу барысы қаралды.

Ауданда 2024 жылға жоспарланған жұмыс орындарын құру картасы аясында іске асырылатын жобалар туралы аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлшат Наурызованың баяндамасы тыңдалды.
Баяндамашының айтуынша, ауданда 2024 жылы жылдық жоспар бойынша жұмыспен қамтудың белсенді шараларына жалпы 3901 адамды тарту көзделген (тұрақты жұмыс орындарына 1800 адам, субсидияланатын жұмыс орындары 1194 адам, «Бастау бизнес» курсына 560 адам, қысқа мерзімді оқу курсына 75 адам, жұмыссыздарды жұмыс орындарында оқытуға 33 адам, онлайн оқыту курсына 169 адам, мемлекеттік қайтарымсыз грантқа 70 адам).
Гүлшат Наурызова әр бағыт бойынша жоспардың орындалу барысына тоқтала келіп, орындамау қаупі бар бағыттардағы мәселелерді баяндады.
Аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы орындалмау қаупі бар бағыттар яғни, қаржыланбаған жобаларға бекітілген жұмыс орындарын қаржыландырылған жобаларға ауыстыру қажеттігін және қызмет бабындағы хаттарды сүйемелдеу, оны соңына дейін жеткізу қажеттігін тапсырды.
Қаржыланбаған жобаларға бекітілген жұмыс орындарын қаржыландырылған жобаларға ауыстыру мәселесін аудан әкімі орынбасарларына да назарда ұстауды тапсырды.
Аталған мәселе бойынша аудандық Мансап орталығының директоры Нұрбол Құрмашевтың та баяндамасы тыңдалды. Баяндамашы жыл басында аудан әкімімен бекітілген жоспарға сәйкес ауылдық округтердегі бес айда атқарылған жұмыс барысына тоқталды.
-Әлеуметтік жұмыс орындары бойынша 2024 жылға 80 азаматты жұмыспен қамту жоспарланған. Бүгінгі күнге 52 азамат жұмыспен қамтылды. Бұл бағыт бойынша Шақпақата, Көкбастау, Ақтөбе, Боралдай және Күреңбел ауылдық округінде тапсырма тиісті деңгейде орындалмауда.
“Алғашқы жұмыс орындары” жобасы бойынша 2024 жылға 112 жас түлекті жұмыспен қамту жоспарланған. Бүгінгі күнге 9 жас маман жұмыспен қамтылды. Бұл бағыт бойынша барлық 14 ауылдық округте де тапсырма орындалмауда.
Ақылы қоғамдық жұмыс бойынша 650 азаматты жұмыспен қамту жоспарланған. Бүгінгі күнге 576 азамат жұмыспен қамтылды. Бұл бағыт бойынша Мыңбұлақ ауылдық округінде және аудан бойынша барлық жеке секторларда меже толыққанды орындалмауда.
“Жастар тәжірибесі” жобасы бойынша жылдық жоспар 200 жас түлекті жұмыспен қамту көзделген. Бүгінгі күнге 52 жас маман жұмыспен қамтылды. Бұл бағыт бойынша Қарасаз, Көкбастау, Жетітөбе, Ақтөбе, Боралдай, Қызыларық, Билікөл және Қошқарата ауылдық округтерінде тапсырма орындалмауда.
Тұрақты жұмыс орындары бойынша 2024 жылға жоспар 1800 азаматты жұмыспен қамту жоспарланған. Бүгінгі күнге 616 азамат жұмыспен қамтылды. Бұл бағыт бойынша Мыңбұлақ, Шақпақата, Көкбастау, Ақтөбе, Боралдай және Күреңбел ауылдық округінде тапсырма орындалмауда.
“Күміс жас” жобасы бойынша жоспар 150 азаматты жұмыспен қамту жоспарланған. Бүгінгі күнге 80 азамат жұмыспен қамтылды. Бұл бағыт бойынша Жетітөбе, Көкбастау және Қошқарата ауылдық округтерінде тапсырма орындалмауда.
“Бизнес бастау” кәсіпкерлік негізінде оқыту курсы бойынша 560 азаматты оқыту жоспарланған. Бүгінгі күнге 151 азамат курсты аяқтап, сертификаттарын алды. Бұл бағыт бойынша Бауыржан Момышұлы ауылдық әкімшілігінен басқа округтер межені орындамаған.
Кәсіпкерлік бастамаларға қайтарымсыз мемлекеттік гранттар әлеуметтік осал топтар қатарындағы 70 азаматқа берілуі жоспарланған. Бірінші лек маусым айында, екінші лек шілде айына белгіленген.
Бүгінде грант алушы 77 азаматтың өтініші электронды түрде қабылданды. Грант өткізу күні жақын күндері әлеуметтік желілерде жарияланатын болады.
Қысқа мерзімді кәсіптік оқуға 75 адам жолдау және жұмыссыздарды жұмыс берушілердегі жұмыс орнында оқытуға 33 адамды тарту жоспарланған. Оқу курстарына жұмысыз азаматтарды 2024 жылдың маусым айында жолдау белгіленген,- деді орталық басшысы.
Аудан әкімі “Бизнес бастау” кәсіпкерлік негізінде оқыту курсы бойынша жоспардың орындалмауына тоқталды. Яғни, кәсіпкерлік негізде оқыту курсында оқу тегін, курсты бітірген азамат бизнесті қолдау шаралары бойынша мүмкіндіктерге ие бола алады. Сондықтан тұрғындарға оның мүмкіндіктерін түсіндіруді тапсырды.
Айта кету керек, “Бизнес бастау” кәсіпкерлік негізінде оқыту курсы бойынша 41 мамандық бойынша оқытылды. Курсты аяқтаған соң берілетін сертификат кәсіптік оқудағы дипломның орнын алмастыра алады.
-Әр жобаның артықшылықтарын ауыл әкімдері тұрғындарға түсіндіру үшін өздеріңіз жете түсініп алуларыңыз қажет.
Халықты жұмыспен қамту – маңызды бағыттардың бірі. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі жүруі үшін ауылдық округ әкімдері онымен өздеріңіз тікелей айналысып, тұрақты бақылауда ұстауларыңыз керек,- деп тапсырды аудан әкімі.
Аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова ауылдық округтерді аралап, тұрғындармен әңгімелесу барысында ауылдық округ әкімдерінің халықты жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартудың жолдарын білмейтініне куә болып жүргенін айтып, ауыл әкімдеріне халықты шатастырмай, оларға дұрыс бағыт-бағдар беру үшін өздері жобалардың мақсатын, талаптарын жете түсініп алуларын ескертті.
Аудан аумағында статистикалық тапсырмалардың орындалуы туралы ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Жамбыл облысы бойынша департаментінің Жуалы ауданы статистика басқармасының басшысы Ерлан Тыныбеков қысша баяндама жасап, заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды түсіндірді.
Аудан әкімі барлық бағыттағы жұмыстың сапалы орындалуы ортақ міндет екенін айта келіп, басшыларды жауапкершілікпен жұмыс істеуге шақырды.
-Ауылдық округ әкімдері, мекеме басшылары, қазір барлық сала бойынша жұмыс жүруде. Яғни, ауданда жолдар жөнделіп, құрылыс жұмыстары атқарылуда. Кәсіпкерлік субъектілері ашылуда. Сонымен қоса суда шомылу науқаны басталды. Өрт қауіпсіздігі – басты мәселе. Сондықтан барлығымыз жұмысты пысықтап алып, аса қырағылықпен жұмыс істеуіміз керек. Қазір босаңситын уақыт емес. Мемлекеттік қызметшілер үшін сын сағаттар. Халықтың қауіпсіздігі, амандығы мен жайлы өмір сүруі үшін жауапкершілік, жұмысқа деген дұрыс көзқарас пен ниет керек,- деді аудан әкімі Жалғас Мұртаза.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close