Basty bet
Маңызды шешімдер қабылданды
Аудан әкімдігінде аудандық қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Отырысқа кеңес мүшелері және Қошқарата, Қызыларық, Күреңбел, Шақпақ, Боралдай, Ақтөбе және Жетітөбе ауылдық округтерінің әкімдері, аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің бас маманы Мақсат Мәтен және экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Қалима Мықтыбекова қатысты.
Күн тәртібіндегі мәселелер – ауылдық округі елді мекендерінің шекарасын (шегін) өзгерту және 2021 жылғы 25 желтоқсандағы «2022 – 2024 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» №18 – 7 шешіміне өзгерістер енгізуді қарау. Жиынды аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Әбдікерім Уркумбаев жүргізіп отырды.
Бірінші мәселе бойынша жер қатынастары бөлімінің бас маманы Мақсат Мейірбекұлы елді мекендерге қосылатын жер жайлы хабарлама жасады. Сонымен бірге, ауылдық округтердің әкімдері де өз баяндамаларын жасады. Баяндамада Қошқарата ауылдық округіне 1 368 гектар жер, ал Жетітөбе ауылдық округіне 1 361 гектар, Қызыларық ауылдық округіне 520 гектар, Шақпақ ауылдық округіне 1 351 гектар, ал Ақтөбе ауылдық округіне 336 гектар және Күреңбел ауылдық округінің жер қорына 581 гектар, Боралдай ауылдық округіне 1 426 гектар жер қосылу жайлы ұсынылған жоба бірауыздан қолдау тауып, аудандық мәслихатқа жобаны бекіту үшін ұсыным берілді.
Айта кету керек, бұл жерлер аудандық жер қорындағы (запастағы) артық жерлер. Берілетін жерлер аудандық мәслихаттан қолдау тауып бекітілсе, енді сол елді мекендердің заңды жері болып қалады әрі ауыл тұрғындары сол жайылым жерлерге өз малдарын жая алады. Бұл шаруалар мен малмен айналысатын қарапайым халық үшін үлкен мүмкіндік.
Көтеріліп отырған екінші мәселе бойынша экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Қалима Тұрмаханбетқызы баяндама жасады. Баяндамада ҚР 2008 жылғы төртінші желтоқсандағы Бюджет кодексінің 109 бабына, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» ҚР Заңының алтыншы бабына және аудан әкімінің ұсынысымен аудан бюджетін нақтылау ұсынылып, ағымдағы жылдағы аудандық бюджеттен бекітілген 181 838,0 мың теңге аудандық қаржыға қайтарылып, басқа нысандардың жұмысына қайта бөлінді. Атап айтар болсақ, бұл қаржы аудан әкімі аппаратына қызметтік көліктерді жөндеуге, аудан мәслихатына, тұрғын үй шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен ішкі саясат бөліміне, Жастар ресурстық орталығы мен дене шынықтыру және спорт, мәдениет және тілдерді дамыту, қаржы бөлімі мен экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі, Ақсай, Ақтөбе, Көкбастау, Қызыларық және Мыңбұлақ ауылдық округтеріне бөлінді. Бұның ішінде көшелердің орта жөндеу жұмыстары мен Түктібай ауылына ауызсу құрылысын жүргізу үшін ЖСҚ әзірлеуге,Күреңбел ауылындағы ауызсу жүйесінің магистральді құбырларын ауыстыруға, «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша жұмыс жасайтын 58 жастың еңбек ақысын, Бауыржан Момышұлы саябағын абаттандыру және Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына «Қара қылды қақ жарған – Шераға» облыстық ақындар айтысын өткізуге және Ақтөбе ауылында өрт сөндіру бекетін орнату үшін ғимарат сатып алуға жұмсалады.
Қалима Мықтыбекованың баяндамасынан кейін қоғамдық кеңес мүшелері өз сұрақтарын қойып, жоба мәслихатқа жіберілді. Сондай-ақ, қызметтік пәтердің қолданысы мен ағымдағы жылы жөндеу жұмыстарын бастаған көпқабатты үйдің қолданысқа әлі берілмегендігі жайлы мәселелер де көтерілді.
Қорытындылай келе, айтылған ұсыныс-пікірлердің, аудандық қоғамдық кеңес мүшелерінің қолдауын ескере келе, төмендегідей шешімдер қабылданды:
1. Қошқарата ауылдық округіне – 1368 гектар жайылым, Боралдай ауылдық округіне – 1426 гектар жайылым, Шақпақ ауылдық округіне – 1351 гектар, Ақтөбе ауылдық округіне – 336 гектар, Күреңбел ауылдық округіне – 581 гектар, Жетітөбе ауылдық округіне – 1361 гектар, Қызыларық ауылдық округіне – 520 гектар, яғни, барлығы 6933 гектар жер қорынан «Елді мекендер жерлерінің» шегін (шекарасын) кеңейту, өзгерту үшін ұсыныстарына оң қорытынды берілсін.
2. Аудан әкімдігінің экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің 2021 жылғы 25 желтоқсанындағы «2022-2024 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» №18-7 шешіміне өзгертулер енгізу туралы ұсынысы негізінде сомасы 181 838,0 мың теңге бюджет қаражаты аудандық мәслихаттың сессиясына бекітуге ұсыным берілсін.
3. Аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Н.Саурбаев Б.Момышұлы ауылындағы 18 пәтерлі үйдің инфрақұрылымдары бойынша нақты атқарылған жұмыстарды арнайы жазбаша хабарласын.
Үміт Мадиярбек,
«Жаңа өмір»