Basty bet
Ел өміріндегі маңызды сайлау тиісті заң талаптарына сай ұйымдастырылады
Жуалы аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Н.Алтыбаевамен сұхбат
2026 жылғы 23 тамызда Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлау өтетіні белгілі. Осыған байланысты аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Нүрзия Алтыбаевамен тақырып төңірегінде сұхбаттасқан едік.
– Азаматтар сайлаушылар тізімдеріне қандай тәртіппен енгізіледі?
– Сайлаушылардың тізімін тұрғылықты жері бойынша тиісті жергілікті атқарушы орган жасайды, яғни Жуалы ауданының әкімдігі.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 25-бабының 1-ші тармағына сәйкес Сайлаушылар тiзiмдерiне:
1) Қазақстан Республикасының белсендi сайлау құқығы бар азаматтары;
2) азаматтар тиiстi сайлау учаскелерiнің аумағындағы тұрғылықты жерi бойынша енгізіледі.
Уақытша тіркелген азаматтар тұрақты тіркелген жері бойынша тізімнен алып тастала отырып, сайлаушылар тізімдеріне өздерінің жергілікті атқарушы органға берген өтініші негізінде енгізіледі;
3) демалыс үйлерiнде, санаторийлік-курорттық ұйымдарда, стационарлық жағдайда емделіп жатқан, шалғай жерде және қатынасу қиын аудандарда орналасқан, азаматтар тұратын мекендерде, шалғайдағы мал шаруашылығы учаскелерiнде, үздіксіз жұмыс істейтін өндірісі бар ұйымдарда, жұмысты вахталық әдіспен ұйымдастыру орындарында, қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнаулы мекемелерде, Қазақстан Республикасына қарайтын және сайлау күнi жүзуде жүрген кемелерде құрылған сайлау учаскелерi бойынша дауыс берудi өткiзетiн күнi аталған мекемелер мен ұйымдарда немесе кеме бортында болатын азаматтардың бәрi;
4) әскер бөлiмдерi бойынша әскер бөлiмдерiнде тұрған әскери қызметшiлердiң барлығы, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерi және әскер бөлiмдерi орналасқан жерлерде тұратын басқа да сайлаушылар енгiзiледi. Әскер бөлiмдерiнен тыс жерлерде тұратын әскери қызметшiлер сайлаушылар тiзiмiне тұрғылықты жерi бойынша жалпы негiзде енгiзiледi;
5) шет мемлекеттердегi Қазақстан Республикасының өкiлдiктерi жанындағы сайлау учаскелерi бойынша тиiстi шет мемлекетте тұратын немесе ұзақ мерзiмдi шетелдiк iссапарда жүрген әрi Қазақстан Республикасының жарамды паспорты бар барлық азаматтар енгiзiледi. Шет мемлекетке жеке шақыру бойынша, қызметтік, іскерлік және туристік сапарға келген Қазақстан Республикасының азаматтары учаскелiк сайлау комиссиясына өтініш жасаған жағдайда және олардың Қазақстан Республикасы азаматы деген жарамды паспорты болса, сайлаушылар тiзiмiне енгізіледi.
Жоғарыда айтылғандай, уақытша тіркелген азаматтар сайлаушылар тізімдеріне жергілікті атқарушы органға берген олардың өтініші негізінде дауыс беру күніне дейін отыз күннен кешіктірмей немесе 2026 жылғы 23 шілдеге дейін енгізіледі.
Әкімдік азаматты дауыс беретін сайлау учаскесінің сайлаушылар тізіміне енгізуді және оны тіркелген жері бойынша сайлаушылар тізімінен шығаруды ұйымдастырады.
Азамат тек бір ғана сайлаушылар тізіміне енгізіле алады.
– Сайлаушы өзі туралы деректерді сайлаушылар тізімдерінен қалай біле алады?
– Азаматтардың тұрғылықты жері бойынша құрылған сайлау учаскелері бойынша сайлаушылар тізіміндегі өзi туралы деректермен учаскелік сайлау комиссияларына, дауыс беру күніне он бес күн қалғанда, яғни 2026 жылғы 7 тамыздан бастап, барып, таныса алады.
– Сайлаушы, сайлау учаскесіне бармай, сайлаушылар тізімінен өзі туралы деректерді тексере ала ма?
– Әрине, болады. 2026 жылғы 7 тамыздан бастап, сайлаушыларға әкімдіктің интернет-ресурсы немесе арнайы ұйымдастырылған Call-орталық арқылы нақты сайлау учаскесіндегі сайлаушылар тізімінде өзі туралы деректерді тексеру мүмкіндігі беріледі. Call – орталыққа аудан әкімдігінің екі жауапты қызметкерлері бекітілетін болады. Одан бөлек, сайлаушыларға қолайлы болуы үшін электрондық сервистер арқылы сайлау учаскесі туралы хабарландыру ұйымдастырылады.
– Сайлаушы дауыс беру күні өзінің тіркелген жері бойынша сайлау учаскесінде болмаса, өзінің дауыс беру құқығын қалай жүзеге асыра алады?
– «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 41-бабының 6-1 тармағының негізінде:
Сайлаушы өзінің болу орнын ауыстырған кезде, дауыс беру күніне он бес күн қалғанда, немесе 2026 жылғы 7 тамыздан бастап, учаскелiк сайлау комиссиясы сайлаушының өтініші бойынша және ол жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен кезде сайлаушыға дауыс беру құқығын беретiн есептен шығару куәлігін табыс етедi. Бұл ретте сайлаушылар тiзiміне тиiсті белгі қойылады. Дауыс беру құқығын беретiн есептен шығару куәлігін көрсеткен кезде учаскелiк сайлау комиссиясы дауыс беретін күнi сайлаушыны оның келген орны бойынша сайлау учаскесiндегi сайлаушылар тiзiміне енгізіп, есептен шығару куәлігінің орнына дауыс беруге арналған бюллетень береді.
Есептен шығару куәліктерін беру дауыс беру күнінен бір күн бұрын, яғни 2026 жылғы 22 тамызда, жергілікті уақыт бойынша сағат он сегізде тоқтатылады.
Есептен шығару куәлігі жоғалған жағдайда ол қалпына келтірілмейді және оның түпнұсқасы берілмейді.
Дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігі бір елдімекеннің шегіндегі басқа сайлау учаскесінде дауыс беруге қатысқысы келетін сайлаушыларға берілмейді.
– Есептен шығару куәлігін сенімхатпен алуға бола ма?
– Иә, болады. Есептен шығару куәлігін сенімхат бойынша алуға рұқсат етіледі. Сенімхатты нотариатта куәландыру талап етілмейді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Лаура Мұсабекова,
“Жаңа өмір”