Basty bet

«Мектепке жол» – әлеуметтік көмектің маңызды түрі

Өткен аптада аудан әкімі аппаратының үлкен мәжіліс залында аудан әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы ұйымдастырылып, оған аталған комиссияның мүшелерімен қатар, аудан әкімдігінің бірқатар бөлімдері, Отбасын қолдау орталығының жауапты қызметкерлері және БАҚ өкілдері шақырылды.
Комиссия отырысын аудан әкімінің орынбасары, аталған комиссияның төрағасы Анар Ахметова ашып, жүргізіп отырды. Жиынның күн тәртібіндегі бірінші мәселе – «FSM Social» ақпараттық жүйесі арқылы келіп түскен сигналдарды зерделеу, олар бойынша тиісті шешім қабылдау және анықталған мәселелерді жедел шешу бағытында Жуалы ауданының білім бөлімі және аудандық орталық аурухананың атқарған жұмыстары туралы, екінші мәселе – жазғы демалыс кезеңінде балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру және олардың мәдени-рухани дамуына қолайлы жағдай жасау бағытында атқарылған спорттық-сауықтыру жұмыстар туралы маңызды мәселе қаралды.
Жиында қаралған ең алғашқы мәселеге байланысты, сонымен қатар, «Мектепке жол» акциясының аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы Жамбыл облысы Жуалы ауданының білімі бөлімінің басшысы Бахыт Шертаева ауқымды баяндама жасады.
– Жуалы ауданының білім бөліміне қарасты білім беру ұйымдарында жекелеген санаттағы отбасының балаларына әлеуметтік көмек көрсету мақсатында дәстүрлі «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы ағымдағы жылдың 1 тамыз-30 қыркүйек аралығында өткізіледі. Акцияның мақсаты – әлеуметтік осал топтағы отбасылардан шыққан, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушыларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алу үшін әлеуметтік көмек көрсету.
Аталған акцияның аясында ауданның білім беру ұйымдарында кешенді ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Бөлімге қарасты барлық мектепте акцияны өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарға сәйкес, оған жауапты тұлғалар, яғни, әлеуметтік педагогтар бекітілді. Акцияның ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында оның басталғандығы туралы жұмыстар білім беру ұйымдарының ресми интернет-ресурстары мен әлеуметтік желілердегі парақшаларында жарияланды. Мектеп әкімшіліктері, әлеуметтік педагогтар мен сынып жетекшілері бірлесуімен әлеуметтік қолдауды қажет ететін оқушылардың санатына нақтылау жұмыстары жүргізілді.
Мониторинг нәтижесінде аз қамтылған, көпбалалы, толық емес отбасылардан шыққан, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар білім алушылар және қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасылардағы – 203 баланы қамту жоспарланған. Алдағы уақытта акция барысында қосымша демеушілерді тарту, қайырымдылық шараларының ауқымын кеңейту, мемлекеттік органдармен және әлеуметтік серіктестермен өзара ынтымақтастықты нығайту жұмыстары жалғасады. Жаңа оқу жылы басталғанға дейін әлеуметтік қолдауды қажет ететін барлық оқушыларды қажетті құралдармен толық қамтамасыз ету жоспарланып отыр,- деді баяндамашы.
Бөлім басшысы Б.Шертаева ары қарай «FSM Social» ақпараттық сигналды жүйесіне білім беру ұйымдарынан барлығы – 110 жауапты маман, білім бөлімінің басшысы, білім бөлімінің бас маманы, 39 мектептің директоры, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары және 36 әлеуметтік педагог тіркелгенін айтты. Қазіргі таңда білім саласынан аудандық «Отбасын қолдау орталығына» 27 дабыл (сигнал) түскен. Түскен дабылдардың негізгі бағыттарына сәйкес, оларға тиісті қызмет түрлері көрсетілгенін жеткізді. Күн тәртібіндегі мәселеге байланысты аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Нұрбай Ергебеков атқарылған жұмыстар жөнінде қосымша баяндама жасады. Айта кету керек, ағымдағы жылдың 8 айында денсаулық сақтау саласынан «FSM Social» жүйесіне барлығы – 71 сигнал енгізіліп, бұл бойынша отбасылардың қажеттілігіне сәйкес, заңгерлік, психологиялық және әлеуметтік бағыттарда көмек көрсетілген.
Осыған сәйкес, комиссия төрағасы Анар Ахметова пікір білдіріп, дәстүрлі «Мектепке жол» республикалық акциясы – осал топтан шыққан отбасындағы балаларға әлеуметтік көмек көрсетудің маңызды түрі екенін ерекше атап өтіп, оқушыларды жаңа оқу жылына дайындау мәселесінде барлық санаттағы балалардың мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қамтылуы қажет екенін, аталған акцияның аясында ұйымдастырылатын жұмыстарды жандандыра түсудің басты міндет екенін айтты. «FSM Social» ақпараттық жүйесіне түскен дабылдар бойынша терең зерделеу жұмыстарының қажет екенін айтып, сонымен қатар, бұл бағытта жауаптылардың тарапынан тиісті міндеттердің сапалы атқарылуы қажет екеніне баса назар аударды.
Комиссия отырысының күн тәртібіндегі екінші мәселе – жазғы демалыс кезеңінде балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру және олардың мәдени-рухани дамуына жағдайлар жасау бағытында атқарылған спорттық-сауықтыру жұмыстары туралы аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Керімхан Төреқұлов баяндады.
Оның айтуынша, балалардың жазғы демалысының бос уақытын тиімді ұйымдастыру және оларды дене шынықтырумен, спортпен тұрақты айналысуға тарту бағытында жұмыстар жүргізіліп, өткен оқу жылында балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде – 2 106 тәрбиеленуші спорттың 14 түрімен шұғылданып, оған қосымша Аула клубында 625 оқушы қамтылған. Білім беру ұйымдарында спорттың 7 түрінен 228 спорт үйірмесі жұмыс істеп, оған – 4 190 оқушы қатысуда. «Даму Бала» бағдарламасымен үш жеке кәсіпкердің спорттық секциясында – 176 жасөспірім тұрақты түрде жаттығады. Аудан бойынша барлығы – 7 097 жасөспірім спорттық секциялармен қамтылған. «Заң және тәртіп» қағидатының аясында спорт саласының ардагерлерімен және белгілі спортшылармен кездесулер өткізіліп, жасөспірімдерге саламатты өмір салтын ұстану, зиянды әдеттерден аулақ болу жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Аудан әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысының күн тәртібінде қаралған мәселелерге байланысты жұмысқа жауапты тұлғаларға бірқатар міндеттер жүктеліп, тиісті хаттамалық тапсырмалар берілді.

Таңдаулы материалдар

Close