Basty bet

Балабақшада Наурыз мерекесі аталып өтті

Наурыз – көнеден келе жатқан мереке. Қыстан аман шыққан халық Наурызды асыға күтеді. Мерекеде барлық қуаныш пен жақсылықтың бастауы болсын деп тілек білдіріп жатады. Биылғы Наурыз мерекесінен балалар да шет қалған жоқ. Ұлттық мерекені балабақшада атап өтудегі басты мақсат – салт-дәстүр, Наурыз мерекесінің құндылықтарын кеңінен дәріптеу. Бұл – бала тәрбиесіндегі басты қағида. Осындай игі шара аудан орталығындағы «Нұрлы ұрпақ» бөбекжай-балабақшасында ұйымдастырылды.

Бұл дәстүрлі шараға облыстық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, «Альфа МедТараз» ЖШС-ның директоры Баян Аймаханбетова, «Fismart» үйге арналған супемаркеттер желісінің директоры Виктория Усманова, Байзақ аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, «Сырым» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Күнсая Әмірова және бүлдіршіндер, тәрбиешілер мен ата-аналар қатысты.
Ұлыстың ұлы күніне арналған «Қош келдің, Әз-Наурыз!» атты мерекелік шарада балабақшаның ауласы мерекеге сай безендіріліп, онда киіз үй орнатылған. Балабақша қызметкерлері де ұлттық киім киіп, ата-аналарды жылы шырай танытып, қарсы алды. Ата-аналар да Ұлыстың ұлы күніне көтеріңкі көңіл күймен, ұлттық киіммен келген.
Мерекелік кешті балабақшаның белсенді ата-анасының бірі Нәзипа Қаттебекова тәттіден шашу шашып, әсем әнмен ашты. Одан кейін өнерлі бүлдіршін Алинұр Шаймерден «Көктем келді» әнін шырқады.
Ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында балабақшаның «Инабат», «Інжу», «Жұлдыз», «Маржан» және «Әсемай» топтарының кішкентай бүлдіршіндері ою-өрнектеп тігілген, көздің жауын алатын киімдерді киіп, ортаға шақырылды. Бүлдіршіндер көпшілікке өз өнерлерін көрсетіп, мерекелік көңіл күй сыйлады. Балалар «Құтты болсын, Әз-Наурыз!» және «Ана» әндерін хормен орындап, Наурыз мерекесіне арналған тақпақтарын мәнерлеп оқыды. Сонымен қатар, бүлдіршіндер «Қара жорға», «Киіз басу», «Сырға биі» және «Ерке» билерін билеп, мерекенің шырайын келтірді.
Ұлттық құндылықтарды дәріптеуге арналған айтулы шарада ата-аналар балаларының өнерлерін тамашалап, бір марқайып қайтты. Ата-аналар мен кәсіпкерлер шараға белсенділік танытып, балабақша ұжымы ұйымдастырған ойындарға қатысты.
Наурыз мерекесін думандатып атап өткен балабақша ұжымына қатысушылар алғысын білдірді. Мерекеге келген ата-аналар дән риза болып, өздерінің жылы лебіздерін білдіріп жатты.
Балабақшаның құрылтайшысы, әрі меңгерушісі Әсима Шекеева мерекелік шараның қонақтарын, ата-аналарды, балабақша ұжымын, кішкентай бүлдіршіндерді ақ тілегін айтып құттықтады. Белсенді ата-аналарды мерекеге орай балабақшаның Алғысхатымен марапаттады. Ұжым қызметкерлерінің арасынан үздіктер анықталып, оларға арнайы сыйлықтар берілді.
Шара соңында қонақтарға арнайы дайындалған наурызкөже таратылды.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close