Basty bet

Биыл Нұрлыкентке мемлекет есебінен қомақты қаржы қарастырылды

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 03 наурыздағы «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» №826 Жарлығына сәйкес, аудан әкімі және ауылдық округтердің әкімдері жергілікті жерде тұрғындармен кездесулер өткізіп, проблемаларға қанығу үстінде.

Алдын ала бекітілген кестеге сәйкес, өткен жұма күні аудан әкімі Жалғас Мұртаза өңірдің күнгейінде орын тепкен Нұрлыкент, Қызыларық және Ақтөбе ауылдық округтеріне барып, аталған ауылдық округтер әкімдерінің 2023 жылы атқарған жұмыстарының барысымен танысып, үстіміздегі жылы атқарылатын жұмыстардың да жай-жапсарына қанықты. Сонымен қатар, тұрғындардың сұрақтары мен мұң-мұқтажына назар аударып, олардың тұрақты бақылауда болатынын жеткізді. Жиында есеп берумен қатар, негізінен тұрғындардың тарапынан көтерілген мәселелерге баса назар аударылды.
Жуалы ауданы әкімінің Нұрлыкент ауылдық округі тұрғындарының алдындағы есептік кездесуінің барысында ең алдымен ауылдық округтің әкімі Нұрсұлтан Рақымбек 2023 жылы атқарылған жұмыстардың есебін берді. Иә, өткен жылы бұл округте бірқатар жұмыстар атқарылған.
Жұмыстарды атап өтпес бұрын Нұрлыкент ауылдық округіндегі тұрғындар санына тоқталсақ, ондағы 845 аулада 4 483 тұрғын тұрақты тіркелген. Былтыр ауылдық округте барлығы 181 адам тұрақты жұмыспен қамтылған екен. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар биыл да атқарылмақ. Мысалы, Н.Рақымбектің айтуынша, биыл ақылы қоғамдық жұмысқа барлығы 35 адам тартылмақ.
Президенттің тапсырмасына сәйкес, есепті мерзімде аудан әкімі және ауыл әкімі жыл ішінде ауылдық округтің тұрғындарымен тоқсанына бір реттен кездесіп, тиісінше онда жергілікті жерлердегі мәселелерге назар аударылған. Кездесулерде тұрғындар тарапынан 16 сұрақ көтерілсе, жыл қорытындысымен оның 12-сі өз шешімін тауып отыр. Ауылдық округ негізінен ауыл шаруашылығы саласына бейімделген. Оның ішінде, мұнда мал және егін шаруашылығымен қатар, картоп өсіру де жақсы жолға қойылған. Былтыр округ шаруалары 288 гектар алқапқа картоп тұқымын сіңіріп, жиын-терін кезінде одан ойдағыдай өнім жинады. Ұзақ жылдан бері картоп өсірумен тұрақты айналысып келе жатқан Түктібай ауылындағы «Зылиха» шаруа қожалығы ауданның басқа шаруашылықтарына картоп тұқымын тарататын репродуктор болып белгіленді. Аталған шаруашылық былтыр 20 тонна элиталық тұқымды сырттан сатып әкеліп, осында жерсіндіруге жұмыс істеуде.
Одан бөлек, былтыр ауыл көшелеріне электр энергиясын үнемдейтін диодты және күннен қуат алатын жарық шамдар орнатылған. Ауылдық округтің аумағындағы «Бурное-Солар» ЖШС күн электр стансасының басшылығымен келіссөздер жүргізудің нәтижесінде Нұрлыкент ауылында жалпы құны – 37 млн теңгеге түрлі спорт алаңшалары жабдықталу үстінде. Сәтін салса, бұл жұмыстар биылғы жаздың алғашқы айларында аяқталып, тұрғындардың игілігіне пайдалануға берілмекші. Тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерге сәйкес, Нұрлыкент ауылдық кітапханасын ауылдық мәдениет үйінен бұрынғы ғимаратына көшіру, оған қосымша штат беру жұмыстары тыңғылықты атқарылды.
Биыл ауылдық округте атқарылатын жұмыстардың барысы туралы аудан әкімі Жалғас Мұртаза жан-жақты айтып берді.
-Нұрлыкент ауылдық округінің дамуына биыл мемлекет есебінен қомақты қаражат қарастырылып отыр. Атап айтқанда, көп жылдан бері проблема болып келген Түктібай ауылын таза ауызсумен жабдықтау жұмыстарын атқаруға республикалық бюджеттің есебінен 560 миллион теңге қаржы бөлінді.
Сондай-ақ ауылдық округтің орталығы Нұрлыкент ауылының бірқатар көше жолдарын орта жөндеуден өткізуге 200 миллион қаражат қарастырылды. Оған негізінен ауылдың негізгі күретамыры саналатын Еламан Байғазиев көшесі (құны – 156 млн), одан бөлек, төрт көшенің орта жөндеу жұмыстары атқарылатын болады.
Тұрғындардың тұрмыстық табысын арттырудың жайына келсек, биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасымен өңірге қарасты барлығы төрт ауылдық округте жұмыстар атқарылады деп күтілуде. Сәтін салса, біз бұл бағыттағы жұмыстарды 2025 жылдың соңына дейін аяқтап, ауданға қарасты барлық ауылдық округті аталған бағдарламамен қамтуға тиіспіз. Тағы бір айта кететін мәселе бар. Нұрлыкент ауылына заманауи спорт-сауықтыру кешенін салуға тиісті жұмыстар жүргізілу үстінде. Ауылдық округке қатысты басқа да жұмыстар өз ретімен және кезең-кезеңімен атқарыла беретін болады,- деді Жалғас Әлижанұлы.
Кездесу жиынының сұрақ-жауап бөлімінде сөз сөйлеген ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Қалдан Назар ауылдағы көше жолдарын жөндеуде ең біріншіден сапаға және жол құрылысының уақтылы аяқталуына көбірек көңіл бөлінсе деген ұсынысымен бірге, ауылдағы №5 М.Ломоносов атындағы орта мектептің ғимаратын күрделі жөндеу, Түктібай ауылындағы М.Әуезов атындағы орта мектептің ескі ғимаратын жаңа ғимаратқа ауыстыру (жаңа ғимарат құрылысын жүргізу), заманауи спорт кешенін салу жұмыстарын тезірек қолға алу, ауылға ағын су келетін негізгі су жүйесі «Тихий» каналын механикалық тазалаудан өткізу, ауылдың тұсынан өтіп жатқан «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» көлік дәлізінің бойындағы мал өткелін жөндеп және ауылдың тұсынан жаяу жүргіншілер ары-бері өтуге мүмкіндік жасалса, сонымен бірге аялдама салынса деген тілек-ұсыныстарын жеткізді.
Тұрғындардың ортақ талап-тілегін ортаға салған Қалдан Назарұлының көтерген мәселелерінің барлығына аудан басшысы Жалғас Мұртаза жауап беріп, олардың назарға алынғанын жеткізді.
***
Жұмыстың тиімді атқарылуы – ауыл әкімінің іскерлігіне байланысты
Иә, алдын ала белгілі болғандай, 2024 жылдың ақпан айының 11-ші жұлдызында ауданда Күреңбел және Қызыларық ауылдық округтерінде ауыл әкімдерінің сайлауы өтеді деп белгіленген. Осыған сәйкес, жақын күндері Қызыларық ауылына қай кандидаттың әкім болып сайланатыны белгілі болмақ.
Аудан әкімінің Қызыларық ауылдық округінің тұрғындарымен болған есептік жиынында көшелерді қардан уақтылы тазарту, қауіпті деген тұстарға құм-тұз себу, ауылдың ішінде және сыртында қаптап жүрген қаңғыбас иттерді аулап, жою, ауылға бақша суаруға арналған ағын су әкелу, осы сияқты тұрғындардың тарапынан ауылдық округ әкімінің деңгейінде жергілікті жерде шешілуге тиіс бірқатар мәселелер көтерілді. Аудан әкімінің ауылдық округтің тұрғындарымен болған мұның алдындағы кездесуінде де осындай мағынадағы мәселелер айтылған болатын.
Ауылдық округте ұйымдастырылып, тұрғындармен ақылдаса отырып атқарылатын жұмыстардың ақсап жатқанынан хабардар болған аудан басшысы Жалғас Мұртаза: «Қарап отырмын. Ауылдық округте шешімі табылуға тиіс бірқатар ұсақ-түйек мәселелер бар. Жұмыстың тиімді атқарылуы – ең біріншіден сол ауылдық округ әкімінің іскерлігіне және тұрғындармен тіл табысуына, қала берді, істің тетігін шеше алатын іскер басшы болуына, айналып келгенде, оның іскерлік қабілетіне тікелей байланысты. Көше жарығын ретке келтіру, мал жайылымының жайы, күзгі және көктемгі санитарлық тазарту, көріктендіру мен көгеріштендіру екі айлығының барысында тал-дарақтар отырғызу, үй іргесіндегі жерлерді тиімді игеру, ауыл көркін арттыру, көшелерге бақша суын әкелу, тұрғындарды ұйымдастырып, арық-атыздарды тазалау сияқты жұмыстардың барлығы ауыл әкімінің деңгейінде шешілуге тиіс мәселелер. Алда сайланатын ауылдық округтің әкімі осындай кемшіліктерді жойып, жұмыс барысында жіберілген олқылықтарды орнына келтіреді деп сенемін» деп атап өтті.
Жиында ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Сәдіров ауыл-аймақта атқарылып жатқан жұмыстардың бірқатарын атап өтіп, ауыл тұрғындарын еңбек етуге шақырумен бірге, аудан басшылығына бірқатар ұсыныс-тілектерін де жеткізді.
Қосымша айта кететін болсақ, Қызыларық ауылдық округінде 2024 жылы көп жылдан бері шешілмей келе жатқан Сұрым ауылының төменгі бөлігінің ауызсу мәселесі оң шешілді. Сәтін салса, биыл ауылдық округке қарасты Ақтөбе ауылын ауызсумен жабдықтау жұмыстары атқарылады деп күтілуде. Оған ел қазынасынан жарты миллиардқа жуық қаражат қарастырылып отыр. Одан бөлек, аталған ауылдағы Қайнарбұлақ көшесін және Алатау ауылындағы Мөлтек көшесін жөндеуге де жергілікті бюджеттен қаражат бөлінген. Сондай-ақ Ақтөбе ауылында өрт сөндіру бекетін ашу бағытында да жұмыстар жүргізілу үстінде.
***
Бәйтерек ауылының тұрғындары ауызсуды пайдалана алмай отыр
Олай дейтініміз, 2022 жылы Ақтөбе ауылдық округінің Жаңаталап және Ақтоған ауылдарын ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстарын атқаруға ел қазынасынан, дәлірек айтқанда, републикалық бюджет есебінен – 377 миллион теңге қарастырылып, жұмыстар атқарылған болатын. Ауылдық округ әкімі аппаратының мәліметінше, қазіргі таңда аяқталмаған жұмыстардан ауыл көшелеріндегі кесілген асфальт жабындыларын қайта қалпына келтіру, құрылысқа жауапты мердігер мекеменің тарапынан жобалық-сметалық құжаттамада көрсетілген абаттандыру жұмыстары толыққанды атқарылмай отыр.
Одан бөлек, 2022 жылы басталып, құрылысы 2023 жылға өтпелі болған Бәйтерек ауылының тұрғындарын таза ауызсумен қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстар да сапасыз болып танылған. Олай дейтініміз, республикалық бюджеттен 472 миллион теңге жұмсалып атқарылған жұмыстардың сапасы сын көтермейді. Ауызсу жүйесі ресми түрде ашылып, пайдалануға берілгенімен, тұрғындардың айтуынша, көшелер мен үйлерге тартылған ауызсу құбырларынан әлі күнге бір тамшы да су тамбаған.
Аудан әкімі Жалғас Мұртазаның Ақтөбе ауылдық округінің тұрғындарымен болған есептік кездесуінің барысында Бәйтерек ауылының тұрғындары аталған мәселені аудан басшысының назарына салды. Айта кету керек, ауылдық округтің әкімі Көбейсін Хайралаповтың 2023 жылы атқарған жұмыстарының есебінде айтылғандай, округке қарасты Күркіреусу ауылын ауызсумен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаттама жасалған. Жобаның құны – 20 млн теңгені құрайды.
Кездесу жиынының барысында ауылдың жанашыр азаматы Талғат Тойшыбеков Бәйтерек ауылында туындап отырған ауызсу мәселесімен қатар, «Көксай» каналынан жергілікті шаруаларға ағынсу алуға мүмкіндіктер жасалса, Ақтөбе ауылдық округінің орталығы Қырғыз Республикасымен шекаралық аймақта орналасқан округ болып саналатындықтан, мұнда шекара бекетін ашуға, сол арқылы сауда-саттық қатынасты дамыту, бауырлас екі елдің арасындағы алыс-беріс арттырылса және аталған маңызды мәселеге мемлекет тарапынан баса көңіл бөлінсе деген ұсыныстарын жеткізді.
Ауылдық округ тұрғындарының тарапынан көтерілген әлеуметтік, басқа да мәселелерге аудан басшысы Жалғас Мұртаза талдай отырып жауап берді. Жалғас Әлижанұлы өз сөзінде, есепті мерзім ішінде ауылдық округте жеке қаражат және мемлекет қаражаты есебінен бірқатар маңызды жобалардың қолға алынып, жұмыстар атқарылып жатқанымен, тұрғындардың тарапынан шағын және орта кәсіпкерлік нысандары ашылмай, жалпы халық кәсіпкерлікке бет бұрмай, елде дамудың болмайтынын және мемлекеттің де кірісі молаймайтынын айтты. Онымен бірге, ағын суды үнемдеу үшін шаруалар жаңа технологияларға көшіп, неғұрлым суды үнемдеуді үйренудің қажеттігі де еске салынды. Сондай-ақ аудан басшысы ауылдық округте балық шаруашылығын дамытуға да мүмкіндіктердің мол екенін жеткізіп, балық шаруашылығына мемлекет тарапынан бес бағытта көмек-қолдау бар екенінен хабардар етті.
Айта кету керек, аудан әкімі Жалғас Мұртазаның Нұрлыкент, Қызыларық және Ақтөбе ауылдық округтеріндегі тұрғындармен болған кездесу жиындарының барлығына аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев, аудандық полиция бөлімінің өкілдері, сонымен қатар аудандық әкімдіктің тиісті бөлім және басқа да мекеме басшылары қатысты.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close