Basty bet
Ардагерлердің өмір жолы – өнеге
Жаулардан қарсы келген жасқанбаған,
Жасаған ерлігіне мастанбаған.
Ұрпаққа өмір жолың өнеге боп,
Тарихта ардагерлер асқан бағаң – деп батылдық пен ерліктің ерен үлгісін көрсеткен жерлестерімізге құрмет көрсету үшін Шақпақата ауылындағы №4 Қ.Сағындықов атындағы орта мектептің акт залында мектеп әкімшілігі мен округ әкімшілігінің ұйытқы болуларымен Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 33 жыл толуына орай «Ерлік ешқашан ұмытылмайды» тақырыбында Ауған соғысы ардагерлерінің жастармен кездесу кеші ұйымдастырылды.
Ауған соғысы Кеңес Одағы кезіндегі қайғылы тарихи оқиғалардың бірі. Биыл ақпанның 15-і күні Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен толықтай шығарылғанына 33 жыл толмақ. Кештің мақсаты – Ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсету, жат жерде көз жұмған жерлес азаматтарды еске алу және жастарға патриоттық тәрбие беру. Кездесуге өмірінің өлшеулі бір бөлігін, жалындаған жастық шағының жартысын оқ пен от арасында өткізіп, елге аман-сау оралып, туған жерімен қауышқан жауынгерлер, атап айтқанда Нұрсұлтан Әлімқұлов, Мейрамбек Ерімбетов, Елжан Пернешов және Жұмабай Оразбаев ағаларымыз шақыртылды. Шақпақ ауылдық округі әкімі аппаратының сектор меңгерушісі Қанат Каипов қатысты. Кеш шымылдығын мектеп директоры Нұрғазы Сәпиев ашты. Іс-шара барысында жат жерде көз жұмған жерлес азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алынды.
Ауған соғысының ардагерлері Ауғанстандағы әскери қызметі туралы естеліктермен бөлісті. Әрбір жауынгер-интернационалистің әңгімесі мен фотосуреттері көрсетілген бейнероликтер қатысушыларымызға игі әсер етті.
Кездесу барысында мектеп оқушыларының орындауларында бейбітшілік, патриоттық әндер шырқалды. Бағдарлама соңында ардагерлерге құрмет көрсетіліп, арнайы сый-сыйапаттар табысталды.
Жылдар жылжып өткенімен, ерлікпен қаза тапқан ержүрек жауынгерлеріміздің ерлігі ел есінде мәңгі сақталады. Сондықтан да жас буынға ауған ардагерлерінің өжеттігін үлгі ету, Ауған соғысында опат болған жауынгерлердің рухына тағзым етуге, есімдерін қастерлеуге тәрбиелеу әрқайсымыздың қасиетті борышымыз.
Ардагерлерімізге рухани қажырлылықты, ерлік пен оптимизмді тілейміз!
Ақжан Ілиясұлы,
Шақпақ ауылдық округінің
жастар ісі жөніндегі инспекторы