Basty bet

Балалардың жазғы демалысы тиімді ұйымдастырылуы тиіс

Аудан әкімі Жалғас Мұртазаның төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте оқушылардың жазғы демалысын өткізу барысы және жастардың жаз мезгілінде бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру туралы мәселе қаралды. Алдымен аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинеттің меңгерушісі Ерназар Жүзбаевтың баяндамасы тыңдалды.

Баяндамашының айтуынша, жас мезгілінде оқушылардың демалысын сапалы ұйымдастыру мақсатында “2024-2026 жылдарға арналған жазғы каникул кезеңінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілген. Жоспарға сәйкес 1-4, 5-9, 10-11 сынып оқушыларына “Сенің қуанышқа толы демалысың!” атты GUIDEBOOK таратылған. Онда жазғы демалыс кезін тиімді өткізуге арналған кеңестер, оқуға ұсынылған кітаптар тізімі берілген.
3-14 маусым аралығында 39 білім мекемесінде, 17-28 маусым аралығында 6 білім мекемесінде мектеп жанындағы жазғы лагерьлер жұмыс жасайды.
-Жазғы мектеп лагері – баланың тәжірибесін кеңейтетін, жаңа ақпаратты шығармашылыққа айналдыратын, жаңа білім, білік, дағдыны қалыптастыратын, жаңа адамдармен тез тіл табыстыратын, өзінің қызығушылықтарын қанағаттандыратын орын.
Мектеп жанындағы лагерьлерде ыстық тамақпен қамтамасыз етілетін бала саны – 2382 оқушы. Биылғы жылы мектеп жанында тамақтанатын балаларға 11 910,0 теңге бөлінді.
38 білім беру ұйымына 1 реттік ас мәзірі ұсынылады. Ал 1 мектепте яғни, №28 Амангелді орта мектебінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуіне байланысты құрғақ тамақтанумен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, тамақтандырусыз 5200-ге жуық бала әртүрлі үйірмелер мен мектеп өндірістік бригадаларына тартылады.
Биыл мектеп жанындағы лагерьде мемлекеттік емтихан тапсыратын 9, 11 сыныптардан басқа 1-4, 5-8, 10 сынып оқушыларына – «футбол», «дебат» үйірмесі, еңбек, көгалдандыру отрядтары ұйымдастырылады.
Мектеп айналасын көгалдандыру және жөндеу жұмыстары 10 сынып оқушылары бригадаға топтастырылған түрде өздеріне бекітілген жерлерді абаттандыру және мектеп ғимаратының, жиһаздарының жөндеу жұмысымен айналысады.
Еңбек балаларды экологиялық мәдениетін көтеріп, тындырымды жұмыс атқаруға дағдыландырып, сонымен қоса оларды ынтымақтастықта жұмыс атқаруға тәрбиелейді.
Жаз мезгілінде балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру бойынша 2024 жылдың 22 сәуір күні Жуалы ауданының білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің ұйымдастыруымен «Жаз мезгілінде балалардың сапалы демалысын ұйымдастыру» тақырыбында білім беру ұйымдары директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен әлеуметтік педагогтарына семинар-кеңес өткізілді. Семинарда оқушылардың жазғы каникулында санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың қамтамасыз етілуі, балалардың сауықтыру лагерінде болған мерзімде құқықтық тәртібінің сақталуы, балалардың өмірі мен денсаулығы, олардың судағы қауіпсіздігі, жолда жүру ережесінің сақталуы, сондай-ақ балалардың сауықтыру ұйымдарында өртке қарсы қауіпсіздігін сақтау бойынша баяндамалар оқыды.
Сондай-ақ, әлеуметтік осал топтағы отбасынан шыққан 400 бала қала сыртындағы “Берікқара” лагерінда бір кезеңмен сауықтырылады деп жоспарлануда. Балалардың лагерьде жақсы демалуын қамтамасыз ету үшін 20 мамыр күні Жуалы ауданының білім бөлімінің басшысы Б.Шертаева, білім бөлімінің бас есепшісі Г.Ошақбаева және білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің әдіскері Ж.Башаева лагерьдің жай-күйімен, жазғы сауықтыру жұмысына дайындық барысымен танысып қайтты.
Сонымен қатар, білім беру ұйымдарының аудандық, қалалық, облыстық және республикалық олимпиадалардың, жалпы білім беретін пәндер бойынша ғылыми жоба байқауларының, шығармашылық байқаулар мен спорттық сайыстардың жүлдегерлері арасынан шыққан белсенді 200 оқушы “Қазақстан халқына” қорының атынан сауықтыру жоспарлануда,- деді Е.Жүзбаев.
Аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы лагерьде балалар физикалық, танымдық жағынан дамуы үшін тыңғылықты дайындық керек екенін айта келіп, тиісті талаптардың қатаң сақталуын, лагерьдегі балалардың уақыты тиімді, іс-шаралардың сапалы ұйымдастырыуын бақылауда ұстауды тапсырды.
Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру аясында жастардың жазғы мерзімдегі бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру туралы аудандық “Жастар ресурстық орталығы” директорының міндетін атқарушы Төрен Нұртілеудің баяндамасы тыңдалды. Статистикалық көрсеткіштерге сүйенсек, ауданда тұрғындар саны 54 588 болса, оның 18 267-і жастар. Жастар орталығының мәліметіне сәйкес, оның экономикалық белсенділері – 11 149, NЕЕТ санатындағылар – 10, мүмкіндігі шектеулі 125, пробация қызметінде 21, сотты болған 8 жас бар.
Баяндамашы жастардың маусымдық жұмыспен және мемлекеттік бағдарламалар аясында жұмыспен қамтылуы мен жаз мезгілінде ұйымдастырылатын іс-шаралар жоспарымен таныстырды.
Аудан басшысы жоспарланған іс-шаралардың мақсатты, әрі сапалы ұйымдастырылуын, оларға барлық санаттағы жастарды тартуға аса мән беру қажеттігін тапсырды. Сонымен бірге жастарды әскерге баруға үгіттеу, патриоттық тәрбие беру, отансүйгіштікке баулу жұмыстарында орталықтың басымдық көрсетуін тапсырды.
Суға шомылу және өрт қауіпсіздігінің алдын алу шаралары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы аудандық төтенше жағдайлар бөлімі бастығының міндетін атқарушы, азаматтық қорғаныс майоры Мейірхан Әлімбеков мәлімдеме жасады. Баяндамашы Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің жылдық жоспарына және аудандық бөлімнің жұмыс жоспары негізінде аудан аумағында өрттерді және басқа да төтенше жағдайларды болдырмау, халықты әртүрлі төтенше жағдайлардан қорғауға бағытталған жұмыстар, оқу-жаттығулар туралы айтып өтті.
Аудан әкімі ТЖ, Өрт сөндіру бөлімі, ауылдық әкімдік еріктілер, орман шаруашылығы бірлесіп жұмыс атқарған жағдайда ғана нәтиже болатынын, сонымен бірге тұрғындармен түсіндірме жұмыстары үздіксіз жүргізілуі қажеттігін ескертті. Әсіресе, су айдындарында, демалыс орындарында өрт қауіпсіздігі мен суға шомылу кезінде сақталуы тиісті талаптарды тұрғындар мен кәсіпкерлерге түсіндіру, ескерту жұмыстары кешенді жүргізілуін тапсырды.
Аппараттық кеңес соңынан әртүрлі мәселелер талқыланды. Жалғас Әлижанұлы кейбір мекеме басшылары мен ауылдық округ әкімдерінің жұмысқа деген немқұрайды көзқарасы мен жауапкершілігінің төмендігінің, жұмысты ұйымдастыра алмауының салдарларына тоқталды. Әсіресе, Б.Момышұлы ауылындағы бей-берекет кеткен тірлікті сынға алып, әкімнің міндетін атқарушы азаматқа айтылған сыннан нәтиже шығаруды тапсырды.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close