Basty bet
Басты мақсат – Медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру
мамандар ауыл тұрғындарына сақтандырудың жайын жан-жақты түсіндірді
Өткен аптада Жуалы ауданына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің жұмысын, ондағы қолданысқа енгізіліп отырған жаңашылдықтарды тұрғындарға жан-жақты түсіндіру үшін облыс орталығынан МӘМС жүйесіне жауапты мамандар жұмыс сапарымен келіп, тұрғындармен түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Медициналық көмектің қолжетімділігі мен оның сапасын арттыру, қаржыландыру және тұрғындарды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тарту мәселелерінің төңірегінде өткізілген кездесу жиынына Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ерік Мұсабаев, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕ АҚ-ның Жамбыл облыстық филиалы басшысының орынбасары Ғайни Аймағанбетова және аталған филиалдың бөлім басшысы Дәурен Бұрханов қатысты.
Айта кету керек, аталған жиын 2023 жылдың 2 ақпанында Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Н.Календеровпен бекітілген «Медициналық көмектің қолжетімділігі, сапасы және қаржыландыру жүйесіне тарту мәселелері» тапсырмасының аясында өтіп, мамандар ауданға қарасты Шақпақата, Қарасаз және Б.Момышұлы ауылдарының тұрғындарына тақырып аясында түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Ауылдарда өткен кездесулердің барлығын аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова ашып, жиын тақырыбының өзекті әрі маңызды екеніне баса назар аударды.
Шақпақата ауылындағы тұрғындармен кездесуде алғашқы сөз облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ерік Мұсабаевқа берілді.
-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында басқа салалардың жұмысын жаңғыртумен қатар, медицина саласына, оның ішінде, ауыл тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен оның қолжетімділігін арттыруға баса көңіл бөлініп отырғанынан барлығыңыз хабардарсыздар деген сенімдемін. Сіздермен кездесудегі мақсатымыз да біреу. Ол – ауыл тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, оның сапасын көтеруге атсалысу. Бұл – өте маңызды.
Денсаулық сақтау саласы еліміздің негізгі салаларының бірі. Өйткені, халықтың денсаулығы жақсармай, ұлттың сапасы да артпайды. Дені сау ұлт – мемлекеттің байлығы. Еліміздің негізгі байлығы да осы ұлттың амандығы және денінің саулығымен тікелей байланысты. Осы орайда «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» Ұлттық жобасының» шеңберінде шалғайдағы ауылдық елдімекендерде тұратын тұрғындарды профилактикалық медициналық қарап-тексерулер жүргізілуде. Онда скринингтік тексерулер, аууруларды ерте анықтау жұмыстары балалар мен ересектердің арасында жүргізіледі. Бұл профилактикалық тексерулердің ерекшелігі, 18 жастан бастап 70 жастың аралығындағы тұрғындарды қамтиды.
Қорыта айтқанда, әрбір адамның денсаулығы өзінің қолында. Сондықтан, медицина саласында жасалып жатқан мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, денсаулыққа баса мән бергендеріңіз жөн. Ұлттың сапасын арттыруға барлығымыз атсалысуға тиіспіз,- деді басқарма басшысының орынбасары Е.Мұсабаев.
Жиынның күн тәртібіндегі негізгі мәселелер туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕ АҚ-ның Жамбыл облыстық филиалы басшысының орынбасары Ғайни Аймағанбетова жан-жақты айтып, тұрғындарға міндетті әлеуметтік медициналық көмек туралы және аталған жүйеге қалай тіркелуге, сол арқылы медициналық көмекті қалай алуға болатыны туралы түсінік берді.
Ауыл тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігі мен оның сапасын арттыру, қаржыландыру және тұрғындарды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тарту мәселелерін қаузаған кездесу жиындары ары қарай ауданға қарасты Қарасаз ауылдық мәдениет үйінде және Б.Момышұлы ауылының әкімі аппаратының ғимаратында өткізілді. Жиынға медицина мекемелерінің мамандарымен қатар аталған ауылдардың тұрғындары да қатысып, белсенділік танытты.
Эльмира СҮЙІНБАЕВА,
«Жаңа өмір»