Basty bet
«Мал-жаныңыз аман ба?»
қарасаздық «Құлтай» ШҚ жауапты науқанға тыңғылықты дайындықпен кірісті
Мал қыстату – төрт түлікті қыстан қысылдырмай алып шығу ғана емес, одан төл мен мол өнім алудың да маңызды науқаны саналады. «Қыс – қатал сыншы» десек, жауапты кезеңге барлығы сақадай-сай болып, жем-шөп қоры жеткілікті дайындалып, қора-жайлардың жөндеуден өткізілгені жақсы. Мұндай жауапты кезеңде ісіне ұқыпты қарап, мал басынан шығын бермеуге жұмылдырылуы қажет.
Қазіргі таңда ауданда 52 275 бас мүйізді ірі қара, 25 182 бас сиыр, 207 867 бас қой, 7 349 бас ешкі, 16 850 бас жылқы мал қыстату науқанына түсіп отыр.
Ауданда шаруашылық ісін кеңейтіп, сол арқылы мал басын арттырып отырған шаруа қожалықтар жетерлік. Олар өздерінің төрт-түлік малдарын қыстаққа көшіріп, малдың қолға қараған мезгіліне арнап жаз бойы алқаптар мен табиғи шабындықтардың есебінен жем-шөп, пішендерін молынан дайындайды. Біз мал қыстауларының жауапты кезеңдегі жай-күйін өз көзімізбен көру үшін апта ортасында аудан орталығына жақын орналасқан Қарасаз ауылдық округіндегі «Құлтай» шаруа қожалығының мал қыстауына жол тарттық. Қожалықтың мал қыстауы Қарасаз ауылының маңында орналасқан.
Бізді шаруа қожалықтың басшысы Әмірқұл Махатаев қарсы алып, шаруа қожалықтың жұмысымен таныстырды. Мал ұстайтын қораларының іші таза, жан-жағы жинақталған. Шашылып жатқан шөпті байқамайсың. Айналаға көз жүгіртсең, мал қыстауының сол жағында мая-мая болып жиналған сабан, шөптерді көресің.
«Құлтай» шаруа қожалығы 1996 жылы құрылған. Алғашында қожалықтың иелігінде 28 гектар ғана егістік жері болған екен. Уақыт өте жер көлемін 250 гектарға дейін ұлғайтқан. Қазіргі таңда оның 100 гектарына көпжылдық шөп, 30 гектарына күздік бидай, 130 гектарына арпа егіледі.
-Шаруа қожалықтың жұмысын алғашында тек қана егін егумен бастадық. Уақыт өте келе, мал шаруашылығымен айналысуды да қолға алдық.
Жұмысымызды жандандыру мақсатында Үкімет көмегіне жүгініп, несие алдым. Несие қаражатына мүйізді ірі қара мал сатып алып, әрі қарай мал басын көбейте бастадым. Қазіргі таңда шаруа қожалықта 60 бас сауынды сиыр, 40 шақты тана-торпақ және бұзау, 350-дей қазақы құйрықты қой және 100 бас жылқы бағылуда.
Биылғы көктем және жаз айлары шаруалар үшін қолайлы болды. Шабындықтарда табиғи шөп мол болып, осыған сәйкес қыстық мал азығын дайындау науқаны ойдағыдай өтті. Жем-шөп қоры өзімізден шығады. Бұл да үлкен көмек. Егер жем-шөпті сатып алатын болсақ, мұнша малдың басын ұстай алмайтын едік.
Шаруа қожалықта бір жұмысшы тұрақты еңбек етіп, жалақысын уақтылы алып отыр. Сонымен қатар, мұндағы жұмысты менімен бірге ұлым Қайсар атқарады. Қыстауға таңғы сағат 6-00-ден бастап келеміз. Ең бірінші бұл жердегі жұмыс сиыр сауудан басталады. Сиырларды келіншегім мен келінім екеуі қолмен сауады. Негізі жаздың күндері 60 бас сауынды сиыр тұрақты сауылса, қазіргі таңда 25 сиыр сауылуда. Сауылған сүт күнделікті «Көкжиек- 2030» ЖШС-ның аудан орталығындағы сүт қабылдау пунктіне өткізіледі. Жазды күндері жарты тоннаға дейін сүт өткіземіз.
Мал ұстайтын қораларды мен сол кездегі «Бірлік» өңдірістік кооперативі тараған соң сатып алған едім. Кезінде бұл жерде совхоз қаншама малдарын ұстады. Бірақ совхоз тараған соң бұл жерлер бос қала бастады. Алғашқыда бір қораны ғана алғанмын, кейін жанындағы екі қораны да сатып алдым,- дейді шаруа қожалық басшысы.
Шаруа азамат Әмірқұл Қалдыбекұлы Қордайдағы (бұрынғы Красногор ветеринариялық техникумын) аяқтаған. 1980-82 жылдары Қарасаздағы К.Маркс атындағы совхозда мал дәрігері болып еңбек еткен. Әрі қарай сол ауылдағы «Бірлік» ӨК-де жұмыс істеп, өткен жылдың қараша айында құрметті зейнет демалысына шығады.
Қазіргі таңда шаруа қожалықтағы қой мен сиыр малы төлдей бастады. Мына, ғажапты қарасаңызшы?! Биыл қожалықта сауынды сиыр егіз төлдепті. Мұның өзін қожалық басшысы жақсылыққа балап отыр. Өйткені ірі қара мал көбіне егіз бұзау төлдей бермейді.
Қожалықтың иелігінде қажетті жем-шөпті дайындайтын техникалары да бар. Атап айтқанда, доңғалақты тракторы, К-700 қуатты техникасы және екі комбайны бар.
Бұл қожалық егін егіп, мал ұстаудан бөлек, мал қыстауының маңындағы бос жерге 200 түп алма ағашын отырғызыпты. Бұл алма ағаштары бір-екі жылда өнім береді дейді шаруа қожалық басшысы. Алма өсірудің өзі бір кәсіп емес па?
-Биылғы қыс шаруалар қауымы үшін жайлы болуда. Өткен жылы қыста ауылдан мал қыстауына баратын жол жабылып, көлікпен жете алмай қалатын едік. Биылғы қыс өткен жылға қарағанда жылылау. Ал көктем келіп, күн жылынғанда төрт-түліктің барлығын Алатау жаққа көшіреміз. Онда 100 гектардай жайылым жеріміз бар. Болашақта жайылым жерді одан да кеңейтуді ниет етіп отырмыз.
Былтыр ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні мерекесіне орай ауданның басшылығы бірқатар шаруа қожалық иелерін марапаттады. Солардың ішінде «Құлтай» шаруа қожалығы да бар. Маңдай термен атқарған жұмысымыздың еленгеніне қуанамыз. Аудан басшылығының атынан қой қырқуға арналған құралды сыйлыққа алдық. Осындай жетістікке жеткенімізге шүкір деймін, әйтеуір еңбегіміз елеусіз қалған жоқ.
Қыстан төрт-түлік малды аман-есен, қоңын түсірмей алып шығу – басты міндетіміз болып отыр. Қыстың қамын жазда ойлап, жем-шөпті артығымен дайындап алдық. Мал шаруашылығындағы ең маңызды кезең – мал қыстату науқаны. Жауапты науқан кезінде мал шығынының болмауы келер жылғы мол өнімнің кепілі,- дейді шаруашылық басшысы, іскер азамат Әмірқұл Махатаев.
Иә, қазір мал қыстауында төрт-түлік ұстап, оның басын көбейтіп отырған шаруа қожалықтарға оңай емес. Өйткені табиғаттың тылсым құбылысына шектеу жоқ. Қыс кезінде «кәрі құданың» кейде тым ертелетіп, ойламаған жерден әлек салатыны тағы бар. Сондықтан қыстың көзі қырауда әуелі бастың, одан кейін малдың амандығын ойлаған жөн.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»