Basty bet
Әлеуметтік саланың білгір маманы
Мемлекеттік қызметте қаншама жылдан бері еңбектеніп жүрген жанның бірі – Жаныгүл Камалқызы.
Жаныгүл Махмудова жоғары білімді қаржыгер маман. Ол алғашқы еңбек жолын 1987 жылы Кеңес одағының кезінде Мубарек қалалық атқарушы комитетінде хатшы қызметінен бастайды, 1991 жылдың қазан айында ауданымыздағы «Жұмыспен қамту – еңбек биржасы» мекемесіне жетекші маман болып жұмысқа қабылданады. 2000 жылы мекеменің қысқаруына байланысты жұмыстан босатылып, 2001 жылдың 29 наурызынан бастап «Жуалы ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» КММ-нің «Жұмыспен қамту» секторында бас маман, ал 2016 жылдың 14 желтоқсанынан бастап «Әлеуметтік көмек көрсету» секторы меңгерушісі лауазымына тағайындалды. Қазіргі таңда осы бөлімнің бас маман қызметін атқаруда.
-Мемлекеттік қызметкер әрдайым қызмет көрсетудің жоғары стандарттарына сай болуға, адалдық, ашықтық және әділдік қағидаттарын басшылыққа ала отырып, қызметтерді кәсіби көрсетуге талпыну қажет. Халыққа қызмет ететін адамдардың жағымды мінез-құлқы болу керек, олардың адалдығы, өз жұмысына деген жауапкершілігі, қоғам мен азаматтардың сенімін туғызуы- әрбір мемлекеттік қызметкердің міндеті. Азаматтармен қарым-қатынас жасау кезінде өз ойын дұрыс және дәлелді түрде баяндау, азаматтардың сұрақтарын мұқият тыңдау, оларға ізгі ниеттілік пен құрмет білдіру, толық кеңес беру, қажетті көмек көрсету тиіс екендігі мемлекеттік қызметшінің әдеп кодекстерінде де көрсетілген.
Менің бұл саладағы жұмысым ауыр жұмыс десем артық айтпағаным. Әлеуметтік көмек көрсету секторына атаулы әлеуметтік көмек, тұрғын үй көмегі, аз қамтылған отбасыларға, кедейлік шегінен төмен тұратын және тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсету. Бұл жұмыс өте жауапкершілікті қажет етеді. Өздеріңіз білетіндей, біздің ауданда тұрмысы төмен, аз қамтылған отбасылар көп. Солардың барлығын қамтып, жұмысты үйлестірудің өзі қиын. Бірақ өзімнің қалап таңдаған мамандығым болған соң, бәріне сабырмен қараймын.
Мемлекеттік қызмет кейде белгілі бір уақытқа сыймайды. Мұны осы салада жұмыс істеген адам ғана біледі. Нақты айтқанда, мемлекеттік қызметкер болу – үлкен жауапкершілікті талап етеді,- дейді Жаныгүл Камалқызы.
Жақсы маман атану – белгілі бір дайындықты, жауапкершілікті талап ететін қызметтің маңызды бөлігі. Ал өз қызметіне барынша мұқият қарайтын Жаныгүл Махмудова аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің әлеуметтік көмек көрсету секторында аянбай еңбек етіп келеді.
Жаныгүл Камалқызы білікті, білімді, тәжірибелі маман ғана емес, отбасында аяулы ана, асыл әже. Өмірге екі қыз әкеліп, екеуін оқытып, жақсы тәрбие берген ана. Екі қызы қазіргі таңда Астана қаласында тұрады. Бірі дипломат болса, бірі филолог маманы.
Мемлекеттік қызметші болу – бұл үлкен абырой мен міндет. Бүгінгі біздің кейіпкеріміздің де алға қойған мақсаты – осы салада адал қызмет етіп, абыроймен зейнет демалысына шығу.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»