Basty bet
«Нұрасима» шаруашылығында оңды істер бар
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында да ауыл шаруашылығы мен агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған жұмыстар, шаруаларға жасалатын көмек-қолдаулар мен жерді тиімді пайдалау мен игеру жөнінде кешенді шаралар қабылдау қажеттігіне де баса көңіл бөлінгені белгілі.
Атап айтқанда, бас құжатта: «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес. Бұл салада шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер бар. Атап айтқанда, жұрттың жерге қол жеткізе алмауы, ұзақ мерзімге берілетін «арзан несиенің» болмауы, кәсіби мамандардың тапшылығы. Өнімділікті арттырып, шикізат өндірумен ғана шектелмеу үшін, сондай-ақ қойма және көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында шұғыл шаралар қабылдау керек. Елімізде ет, жеміс-жидек, көкөніс, қант, бидай, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру және өңдеу үшін 7 ірі экожүйе қалыптастыруға болады. Балық шаруашылығына да ерекше мән берген жөн»,- деді Президент.
Елімізде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, экологиялық таза өнім қорын молайту ісі де қазіргі таңда өзекті болып отырғаны белгілі. Бұл мәселенің өз кезегінде азық-түлік бағасына, нарықтағы баға саясатына да оң әсері бар. Өйткені, өзімізде өндірілетін экологиялық таза өнімнің көлемі көп болған сайын оның бағасы да қолжетімді бола түсетіні анық.
Кеңес Одағы тұсында ақ бидайымен және картобымен, ірімшігімен даңқы алысқа тараған қасиетті Жуалы жерінде өндірілген өнімге деген сұраныс қазір де ішкі нарықта артып отырғанын анық байқауға болады.
Жуалы ауданында ежелден дамыған әрі белгілі бір жүйеге түскен кәсіптің бірі ол – мал шаруашылығы. Ата-бабаларымыздан қалған атакәсіпті дамытуға жуалылықтардың әрқайсысы бейім деп айтса да болатындай. Кәсіп пен еңбектің көзін тапқан азаматтар қазіргі таңда малдың басын көбейтіп, сол арқылы елдің ырысын да еселеп отырған жайы бар.
Қазақ халқы бір-бірімен сәлемдесіп, жөн сұрасқанда ең алдымен: «Мал, жаның аман ба?» дейді. Жаннан бұрын малдың жайын сұрайды. Бұл ең алдымен малың аман болса, жаның да аман-есен болады деген мағынаға келіп саяды. Ежелден төрт түлік бағып, бүкіл өмірін кең сахарада мал бағумен тікелей байланыстырған халқымыз үшін бұл заңды құбылыс сияқты.
Малдың басын көбейтіп, сол арқылы тұрмысын түзеп, еңсе тіктеген отбасылар аудан орталығымен іргелес жатқан Көкбастау ауылдық округіне қарасты Қосбөлтек ауылында да бар. Сондай алдыңғы қатарлы шаруашылықтың бірі – «Нұрасима» шаруа қожалығы. Аталған қожалық ауылдағы маңдайалды шаруашылықтардың бірі саналады. Оған бұл ұжымның атқарып отырған жемісті жұмыстары дәлел бола алады. Зеңгі баба тұқымының басын көбейтіп сүт бағытында өнімді жұмыс жасап жатқан шаруашылықтың жайын бізге қожалықтың басшысы Гүлмира Байжұманова айтып берді.
-Шаруа қожалық 2002 жылы құрылды. Алғаш құрылған жылдары иелігімізде бірді-екілі бас қана ірі қарамыз болатын. Оның өзін күйеуімнің еңбекақысына берілген азын-аулақ қаражатқа сатып алған болатынбыз. Содан тынбай еңбектеніп, малдың басын көбейтіп, аяққа нық тұру бағытында ерінбей жұмыс жасадық. Нәтижесі де жаман емес. Сауынды сиырдың басын 50-ден асырған кездеріміз де болды. Қазіргі таңда шаруашылықта 30 шақты сауынды сиыр бағылуда. Осыдан төрт-бес жыл бұрын 50 басқа арнап қора салдық. Ірі қарадан бөлек, шаруашылықта жылқы және қой бар. Оның да басын көбейтуге күш салып жатырмыз,- дейді Гүлмира Жорабайқызы.
Шаруашылық сүт бағытында құрылғандықтан, мұнда қолдағы сиырлардан сауылған сүтті аудан орталығындағы сүт өңдейтін кәсіпорынға жеке кәсіпкер тасымалдайды. Шаруашылық иелігіндегі малдың дені жергілікті сиырлар. Олай болатыны, жергілікті сиырлар табиғи жағдайға бейімделгіш келеді.
Өткен жылдар шаруашылық үшін табысты жыл болды деуге болады. Өйткені, олар асыл тұқымды малдың басын ұлғайту мақсатында өз облысымызға қарасты Қордай ауданынан екі бас асыл тұқымды бұқа сатып алды. Қожалықта «Алатау» сүтті сиырының басын көбейтіп, сүт кластерін дамытуға күш салынуда. Мұндай жұмыстарға да Үкімет тарапынан тиісті көмек-қолдаулардың бар екені анық. Мал басының көбейгені шаруашылық үшін де, мемлекет үшін де тиімді.
Бұл мәселеге тиісінше, мал жайылымның аздығы қолбайлау болып отырғаны жасырын емес. Бұл бағытта Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тиімсіз игеріліп жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару туралы нақты тапсырмасы бар. Мұндай жерлер мемлекеттің меншігіне қайтарылып та жатыр. Бірақ, жұмыстың баяу жүріп жатқаны анық. Әлбетте, елімізде өзекті болып отырған жайылым мәселесі мемлекет тарапынан оң шешіліп жатса нұр үстіне нұр.
Шаруашылық мүшелері сауынды сиырдың басын өз төлінен өсіріп, көбейтіп отыр. Әрбір туылған төл малдың басын көбейтуге үлкен септігін тигізуде. Тиісінше, бұзаудың аналық басы бірнеше жыл шаруашылықта бағылып, көбейтілсе, ал аталықтары семіртіліп, етке өткізіледі.
Шаруа қожалық сауын сиырдан бөлек қойдың басын көбейтуді де мақсат тұтып отыр. Қазірдің өзінде шаруашылық иелігінде 100-ге тарта Шопан ата төлі бар. Жыл сайын оның бірнеше басын бордақылайды. Шаруашылық сүтті көбейтумен қатар, ет бағытында да өнімді жұмыс жасап отыр деуге болады.
Шаруашылық басшысы Гүлмира Байжұманова қожалықта атқарылып жатқан жұмыстармен қатар, алға қойып отырған жоспарларымен де бөлісті.
-Шаруашылықта шамалы ғана егістік жеріміз бар. Жем-шөбімізді өз жерімізден өндіріп, жинап аламыз. Жер көлемін ұлғайтып, жем-шөп қорын молайту үшін қосымша техника мен жұмысшылардың күші қажет. Лизинг жүйесімен ауыл шаруашылығы техникаларын алсақ деген жоспарымыз бар. Оған әлбетте жұмысты жүйелеумен қатар, қомақты қаражат та қажет. Шаруашылықта тұрақты түрде екі адам жұмыс істеп, жалақы алады,- дейді еңбекқор келіншек.
Иә, ауыл шаруашылығы саласының жұмысы өте ауыр әрі бұл салада жыл он екі ай бойы еңбектенуіңе тура келеді. «Нұрасима» шаруа қожалығының мүшелері тынбай еңбек етіп, еңбек пен жүйелі жұмыстың арқасында осындай жақсы нәтижеге жетіп отырғанын баса айтуымыз қажет. Отағасы Нұрбек Райысовтың негізгі мамандығы теміржолшы. Оның бұл салада тұрақты жұмыс істеп келе жатқанына 20 жылдан асыпты. Қазір де еңбектен қол үзген жоқ. Ол алдыңғы қатарлы теміржолшы. Сонымен қатар, негізгі жұмысынан тыс уақытта шаруашылықтың жұмысына көңіл бөліп, жұбайы және қыздарымен бірге қожалық жұмысын ілгері бастыруда. Мұның бәрі бірлесіп еткен еңбектің ортақ нәтижесі деуге болады.
Ерлі-зайыпты Нұрбек Райысов пен Гүлмира Байжұманова екеуі құрған отбасында Ақназ, Ақжайық, Нұрасима есімді үш қызды тәрбиелеп, оларға жақсы тәлім-тәрбие беріп, еңбекке баулу үстінде. Бір ерекшелігі, бұл отбасында: «Мынау сенің жұмысың, мынаны мен істемеймін» деген түсінік мүлде жоқ. Отағасы шойын жолдың бойындағы жұмысымен қатар, шаруашылық жұмысына да белсене араласады. Ал отанасы үйдің жұмысымен бірге, сиырды да сауады, малдың астын тазалап, керек болса, қойды да қырқып, шөпті де өзі шаба береді. «Ана көрген тон пішер» деген осы. Анасының тәлімі қыздарына да жұғысты болды. Қазір бұл отбасындағы үш қыз да ұл баланың істейтін жұмысын өздері-ақ қиналмай атқара береді. Үшеуі де оқу озаттары. Спортта да елеулі жетістіктері бар. Үлкені Ақназ студент болса, Ақжайық пен Нұрасима №30 Көктөбе орта мектебінде оқиды.
Қорыта келгенде, Көкбастау ауылдық округіндегі «Нұрасима» шаруа қожалығының жұмысы жүйелі. Мұнда қалыптасып отырған еңбек салты да басқаларға үлгі боларлықтай. Шаруашылықтағы оңды істер өз жалғасын ары қарай да таба беретіні даусыз.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»