Basty bet
Тұтынушылардың талғамынан шығуға тырысуда
Қазіргі таңда ауданда жастардың дені өз кәсіптерін ашып, істерін өрге дөңгелетуде. Солардың бірі – жеке кәсіпкер Бақтияр Әмірқұлұлы аудан орталығында стенд, билборд, баннер жасаумен айналысады. Бұл кәсіппен алғашында әкесі Әмірқұл Мақатаев айналысқан. Әкесі ауданда жоқ кәсіп түрін ашқысы келіп, ойлана келе, стенд және баннер дайындайтын орталық ашуды көздейді. Ең бірінші, кәсіпкер орталыққа қажетті арнайы станок сатып алады. Әрі қарай баннер, стендтке керек құрал-жабдықтарды алып, кәсіптерін дөңгелете бастайды.
-2012 жылы әкем осы кәсіпті қолға алып, тұрғындар мен мекемелерден тапсырыс қабылдап, жұмысты бастады. Алғашында «Береке» дәріханасының төменгі қабатын жалға алып, екі-үш жыл сонда жұмыс істеді. Кәсіпті жаңадан бастаған кезде қиыншылықтар да кездесті. Мәселен, біз дайындаған баннердің бірі сапасыз болса, бірінің бояуы нашар болып шықты. Бастаған ісіміз көңілден шықпай, өкінген күндеріміз де болды. Бірақ, «шешінген судан тайынбас» дегендей, бастаған тірлікті жарты жолдан тастап кету бізге жараспас деген ой алға жетеледі. 2014 жылы аудан орталығынан жер алып, екі қабатты ғимарат соқтық. Ғимараттың екінші қабатында біз баннер, стенділер дайындайтын орталық аштық, ал бірінші қабатын жалға беріп отырмыз.
Әкем осы кәсіпті дөңгелетіп алып кететініме көзі жеткеннен соң, өзі 2017 жылы түбегейлі мал шаруашылығана бет бұрды. Қазіргі таңда әкем мал шаруашылығымен айналысуда. Баннерге тапсырыс түспей қалған күндері мен егін шаруашылығымен айналысамын. Көктем және күз мезгілінде алқапта қызу тірлік басталады. Осындай күндері күндіз егін егумен айналыссам, түнде тапсырыстарды орындауға күш саламын,- дейді жеке кәсіпкер.
Стенд, баннер дайындауда кәсіпкердің жанында сенімді көмекшісі болып Бақытжан есімді азамат жұмыс істеуде. Ол аталған кәсіпкерлік ашылғалы бері осында жұмыс істеуде. Бірінің қолы тимесе, екіншісі жұмысты аяқтай береді. Әр уақыт санаулы. Өйткені, басты міндет – тапсырыс берушінің жұмысын уақтылы әрі сапалы аяқтау.
-Баннер шығаратын материалды алғашында Тараз және Алматы қалаларынан тапсырыспен алдыртып жүрген болатынбыз. Ал, қазіргі таңда Шымкент қаласынан алдырамыз. Бізге көбінесе әкімшіліктер және кітапханалар, мәдениет үйлері мен жеке тұрғындар тапсырыс береді. Жақында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында аудандық «Достық» мәдениет үйінің алдында қыз-келіншектерге арналған мольберт дайындадық. Ол үшін бар өнерімізді салдық. Өйткені, мерекеге орай ұйымдастырылған іс-шараны тамашалауға келген қонақтардың, әйел-аналардың көңілінен шығып, олардың қуанышты жүздерін көргіміз келді.
Сонымен қатар, тапсырыс арқылы аудан орталығында ілінетін түрлі тақырыптағы баннерлерді жаңартып отырамыз,. Аудан тұрғындары тарапынан түрлі жарнамалық баннерлерге тапсырыс түседі. Бір айда 15-20 тапсырыс қабылдаймыз. Кей кездері күн-түн демей жұмыс істейміз. Аудан орталығынан ашылған «Топжарған» білім орталығының ішіндегі стендтерді де біз дайындаған болатынбыз. Ендігі кезекте аудандық ардагерлер үйі ғимаратының ішін безендіруге тапсырыс қабылдадық.
Жұмыс барысында бірінші станоктан сурет шығарылады, содан кейін ПВХ материалға жабыстырамыз, әрі қарай қолмен кесіп жасаймыз. Билборд, стенділер дайындау – атүсті қарайтын жұмыс емес. Мұның бәрі үлкен күш әрі еңбекті талап етеді. Өйткені, тапсырыс берушінің көңілен шығу – басты міндетіміз,- дейді кәсіпкер.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»