Basty bet

ЖИ және заманауи мектеп

Ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының облысымыздағы филиалы «Инклюзивті және арнайы білім беруде STEAM және жасанды интеллектіні интеграциялау» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырды. Отандық және шетелдік ғалым, ұстаздардың басын қосқан маңызды диалог алаңында цифрлық дәуірдегі сапалы білім беру әдістері тереңінен талданды. Жиынның өзегі болған пленарлық отырыста білім берудің ертеңгі бағытын айқындайтын мәселелер көтеріліп, әлемдік тәжірибелер ортаға салынды.

Бұл маңызды ғылыми-әдістемелік басқосуға 2000-ға жуық еліміздің әр облысындағы және халықаралық деңгейдегі Түркия, Нигерия, АҚШ, Үндістан елдерінің беделді сарапшылары мен инженерлері қатысып, заманауи білім беру саласындағы озық тәжірибелерімен бөлісті.

Конференцияның пленарлық отырысы білім берудің жаңа заман талаптарын талқылаудан басталды. Жиынның алғы сөзін «Өрлеу» БАҰО АҚ Басқарма төрағасының стратегиялық даму мәселелері жөніндегі орынбасары Аида Мейірқұлова ашып, шараның маңыздылығына тоқталды.

Ғылыми-әдістемелік бағыттағы салиқалы ойларды Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының бас ғылыми қызметкері Шолпан Шүйіншина «Индустрия 5.0 дәуіріндегі білім беру мазмұны: жаңа талаптар мен даму бағыттары» атты баяндамасында бүгінгі жас ұрпаққа сапалы білім беру жолында жаңа заман талаптарына сай бейімделудің қаншалықты маңызды екенін терең пайымдап берді. Пленарлық отырыстан кейін конференция әртүрлі білім беру ұйымдарында 6 секциялық бағытта жалғасты.

«Жекеменшік мектептер – серіктестік желісі», «Облыстық мектептер – өңірлік даму жүйесі» тақырыбындағы секциялары Тараз қаласындағы Cambridge Line Taraz мектебінде өтті. Бүгінгі күннің ең қызу тақырыбына айналған жасанды интеллект пен қауіпсіздік мәселесі Google for Education бағытының Орталық Азия бойынша жетекшісі, «STEM Solutions» ЖШС өкілі Али Нұрбековтің баяндамасында кеңінен көрініс тапты. Ол «Білім беру мекемелеріндегі Google-дің қауіпсіз жасанды интеллектісі: құпиялылық, дәлдік және қолжетімділік теңгерімі» тақырыбын жан-жақты тарқатып, мектептердегі цифрлық құралдардың қауіпсіздік шекарасын нақты көрсетті.

– «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының облысымыздағы филиалы – Кәсіби даму институты ұйымдастырған Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда «Инклюзивті және арнайы білім беруде STEAM және жасанды интеллектіні интеграциялау» тақырыбы қарастырылуда. Конференция білім беру ұйымдары тәжірибесінде инклюзивті білім беруді, STEAM мен жасанды интеллектіні кіріктірудің отандық және халықаралық үздік тәсілдерін талқылап, оларды Қазақстан жағдайына бейімдеуге және педагогтердің біліктілігін арттыруға бағытталған. Мұнда білім беру ұйымдары желісінің тәжірибесінде инклюзивті білім беруді, STEAM мен жасанды интеллектіні кіріктірудің озық тәсілдерін талқылау, оларды Қазақстан жағдайына бейімдеу, педагогтердің біліктілігін, білім сапасы мен қолжетімділігін арттыру шешімдерімен алмасу мақсат етілді. Бүгінде заманауи білімге, ізденіске жоғары деңгейде қолдау көрсетіле бастағаны қуантады. Атап айтқанда, шетелдік инвесторлар мен еліміздегі Google компаниясының ресми өкілдері оқушылардың ғылыми жобаларына ерекше қызығушылық танытып, оларды ары қарай дамытуға ниетті екендіктерін білдірді. Бұдан белек, жас ғалымдардың халықаралық байқаулар мен конкурстарға қатысуына жол ашып, жобаларды іске асыру үшін қажетті материалдық-техникалық қолдауды қамтамасыз ету бағытында маңызды серіктестік қатынастар орнатылды, – дейді «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының облыс бойынша филиалының директоры Латифа Қожамжарова.

Конференцияның халықаралық маңызын шетелдік сарапшылардың сөздері тіпті арттыра түсті. Атап айтқанда, Cambridge Line Taraz мектебінің директоры, халықаралық сарапшы, түркиялық Кыран Мирач өз тәжірибесіне сүйене отырып, «Кедергісіз білім беру: Cambridge Line Taraz мектебінің тәжірибесіндегі STEAM мен жасанды интеллектінің әлеуеті» жайында әсерлі әңгіме өрбітті. Ол ерекше балаларға арналған білім беру ортасында озық технологиялардың шексіз мүмкіндік беретінін жеткізді. «Әр оқушының жеке білім беру траекториясы: Cambridge Line Taraz мектебінде STEAM мен жасанды интеллектіні қолдану перспективалары» тақырыбында «Cambridge Line Taraz» мектебі директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қуат Жұмабаев баяндама жасады.

Сонымен қатар нигериялық сарапшы, ағылшын тілі мұғалімі Musa Osman «Artificial Intelligence as a Tool for Personalized Speaking Practice in English Language Learning» тақырыбында шеберлік сабағын өткізді. Ол тіл үйрену үдерісін жасанды интеллект арқылы жекелендірудің қаншалықты тиімді екенін тәжірибе жүзінде көрсетіп, қатысушылардың үлкен қызығушылығын оятты.

Бір арнаға тоғысқан бұл бастамалар Тараз қаласындағы басқосудың жай ғана жиын емес, еліміздің болашақ білім жүйесіне серпін беретін нағыз тәжірибе мектебі болғанын айқын көрсетті. Басқосудың ең елеулі нәтижелерінің бірі – жас ұрпақтың ғылыми бастамаларына халықаралық деңгейде қолдау көрсетіле бастауы. Атап айтқанда, шетелдік инвесторлар мен еліміздегі Google компаниясының ресми өкілдері оқушылардың ғылыми жобаларына ерекше қызығушылық танытып, оларды әрі қарай дамытуға ниетті екендіктерін білдірді.

Бұдан бөлек, жас ғалымдардың халықаралық байқаулар мен конкурстарға қатысуына жол ашып, жобаларды іске асыру үшін қажетті материалдық-техникалық қолдауды қамтамасыз ету бағытында маңызды серіктестік қатынастар орнатылды.

Сондай-ақ ауылдық және шағын жинақты мектептердің ерекшеліктері мен ресурс шектеулерін ескере отырып, инклюзивті және арнайы білім беруде STEAM тәсілі мен жасанды интеллект құралдарын біріктіріп енгізудің тиімді, қолжетімді және қауіпсіз жолдарын талқылау және практикалық ұсыныс әзірлеу мақсатында аудандарда да конференция іс-шаралары өткізілді. Меркі ауданы, М.Әуезов атындағы мектеп-лицейінде «Ауыл мектебі – сапа алаңы» тақырыбымен, Байзақ ауданы, Сарыкемер гимназия-тірек мектебінде «Шағын жинақты мектеп – біртұтас команда, тең мүмкіндік» атауымен өтті. Ал «Келешек мектебі – болашақ білім беру моделі» Тараз қаласындағы №66 орта мектепте, «Үздік қала мектептері – тәжірибе көпірі» Ә.Бөкейханов атындағы №1 гимназияда ұйымдастырылды. Әр секциялар өз бағыты бойынша мазмұнды талқылаулар мен шешімдерге толы болды.

«STEM білім беруде наноспутниктердің атқаратын рөлі» тақырыбында физика саласындағы PhD, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Farabi Supercomputer Center орталығының директоры, UniSat Kazakhstan бағдарламасының үйлестірушісі Әмірхан Темірбаев мәлімдеді. Баяндамада STEM білім беру аясында наноспутниктерді әзірлеу мен зерттеу жобаларын оқу үдерісіне енгізу мүмкіндіктері қарастырылды. Наноспутниктерді практикалық зерттеу құралы ретінде пайдалану білім алушылардың инженерлік ойлауын, ғылыми ізденісін, техникалық шығармашылығын және зерттеушілік дағдыларын дамытуға ықпал ететіні көрсетілді. «Мобильді MiniEcoLab: инклюзивті білім беруде STEAM және жасанды интеллектті ауыл мектебіне бейімделген интеграциялаудың моделі» мәселесін физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессор, Түркістан қаласындағы UniSat Educational HUB орталығының ғылыми жетекшісі Еркін Ақтаев қозғады. Онда ауыл мектептерінің ерекшеліктеріне бейімделген мобильді зертхананы ұйымдастыру және оны инклюзивті білім беру жағдайында қолдану мүмкіндіктері қарастырылды. STEAM тәсілдері мен жасанды интеллект құралдарын кіріктіру арқылы білім алушылардың тәжірибелік зерттеу жүргізуіне, жобалық тапсырмаларды орындауына және жеке оқу қажеттіліктерін ескеруге жағдай жасау мәселелері талқыланды. «Бастауыш сыныпта STEAM білім беру мен жасанды интеллектіні интеграциялау арқылы оқушылардың зерттеушілік және шығармашылық қабілеттерін дамыту» туралы «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Түркістан облысы бойынша Кәсіби даму институтының аға оқытушысы Гүлзира Ильясова, Түркістан облысы, Кентау қаласы, Ш.Қанайұлы атындағы № 2 жалпы білім беретін мектептің бастауыш сынып мұғалімі Жұлдызай Абдиева өз ойларын ортаға салды. Бұл мәлімдемеде бастауыш сынып оқушыларының зерттеушілік және шығармашылық қабілеттерін дамытуда STEAM білім беру мен жасанды интеллектіні кіріктіру жолдары қарастырылды. Оқушылардың сұрақ қою, болжам жасау, тәжірибе жүргізу, ақпаратты талдау және өз идеяларын шығармашылықпен ұсыну дағдыларын қалыптастыруға бағытталған тапсырмалардың маңыздылығы көрсетілді. «STEAM арқылы білім сапасын арттыру: педагогикалық тәжірибе мен инновациялық тәсілдер сабақтастығы» тақырыбында Меркі ауданы, №16 жалпы орта білім беретін мектептің бастауыш сынып мұғалімі Айтолқын Пусырова баяндады. Баяндамада STEAM тәсілдерін сабақ мазмұнына кіріктіру арқылы білім сапасын арттырудың педагогикалық мүмкіндіктері айтылды. Пәнаралық байланысты жүзеге асыру, практикалық тапсырмалар мен жобалық жұмыстарды ұйымдастыру, оқушылардың алған білімдерін өмірлік жағдаяттарда қолдану дағдыларын дамыту мәселелеріне назар аударылды. «Инклюзивті білім беру ортасын қалыптастыру және білім сапасын жүйелі арттырудағы STEM-бағытындағы жобалардың рөлі» жайында Меркі ауданы, №44 жалпы орта білім беретін мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғалімі Айнұр Смағұлова айтты. Онда инклюзивті білім беру ортасын қалыптастыруда STEM бағытындағы жобалардың мүмкіндіктері талқыланды. Бірлескен жобалық әрекет арқылы оқушылардың өзара ынтымақтастығын, белсенділігін және танымдық қызығушылығын арттыру, білім алушылардың жеке ерекшеліктерін ескеру және барлығына тең оқу мүмкіндіктерін қамтамасыз ету мәселелері тереңінен қозғалды. «Инклюзивті білім беруде визуализация әдісін ЖИ арқылы түрлендіре қолдану» туралы Меркі ауданының Мұхтар Әуезов атындағы жалпы орта білім беретін мектеп-лицейінің ағылшын тілі пәні мұғалімі Құралай Наметқұл мәлімдеді. Жасанды интеллект көмегімен оқу материалдарын визуализациялау және оларды білім алушылардың қажеттіліктеріне бейімдеу жолдары талқыланды. Көрнекі материалдар, сызбалар, суреттер және визуалды тіректерді қолдану арқылы оқу ақпаратын түсінуді жеңілдету, тілдік дағдыларды дамыту және инклюзивті сыныптағы оқушылардың сабаққа қатысу белсенділігін арттыру мәселелеріне назар аударылды. «Жасанды интеллект және заманауи мектеп: идеядан нәтижеге дейін…» тақырыбында Меркі ауданындағы И.Трубицын атындағы мектеп-гимназия директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Лаура Иманбекова мәлімдеме жасады. Заманауи мектептің білім беру тәжірибесіне жасанды интеллект құралдарын енгізу және инновациялық идеяларды практикалық нәтижеге бағыттау мәселелеріне тоқталған ол ЖИ-ді оқу үдерісін жетілдіру, педагогтердің жұмысын оңтайландыру және білім алушылардың оқу жетістіктерін қолдау мақсатында қолданудың мүмкіндіктерін сөз етті. «Білім беру менеджментіндегі цифрлық трансформация: жасанды интеллект негізіндегі платформа арқылы мектепішілік бақылау мен әдістемелік жұмысты басқаруды оңтайландыру» жөнінде сөз сөйлеген Темірбек Қожакеев атындағы № 39 жалпы орта білім беретін мектеп-гимназиясы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, биология пәні мұғалімі Назира Қойшиманова мектепішілік бақылау мен әдістемелік жұмысты басқаруда цифрлық трансформацияның рөліне тоқталды. Жасанды интеллект негізіндегі платформаларды ақпаратты жүйелеу, оқу үдерісінің көрсеткіштерін талдау, педагогтерге әдістемелік қолдау көрсету және басқарушылық шешімдерді негіздеу мақсатында қолдану мүмкіндіктері сипатталды.

Секция жұмысы барысында мектепті заманауи басқару, инклюзивті оқыту, әмбебап оқу дизайны, STEAM және жасанды интеллектіні оқу үдерісіне енгізу, педагогтердің цифрлық құзыреттілігі мен оқушылардың цифрлық қауіпсіздігі мәселелері талқыланды. Үндістанның Пенджаб штатындағы Chitkara University оқу орнынан доктор Sukhjit Singh қатысып, инклюзивті білім берудің халықаралық тәжірибесімен бөлісті.

Баяндамалар мен пікір алмасуды негізге ала отырып, секция қатысушылары ұсынылған баяндамалар мен тәжірибе алмасу қорытындысы бойынша қатысушылар бірқатар резолюцияны қабылдады. Конференция барысында ұсынылған үздік бастамалар мен әдістемелік материалдар білім беру ұйымдарына енгізіліп және тиісті білім беру ұйымдарының тәжірибесіне ұсынылуы керегі айтылды. Шара соңында белсенді қатысушылар мен баяндамашылар марапатталды. Жиын қорытындысы бойынша үздік деп танылған мақалалар «Bilim KZ» республикалық ғылыми-әдістемелік журналының арнайы санында жарияланатын болады.

Таңдаулы материалдар

Close