Basty bet

Мемлекеттік тіл – мемлекеттің тұғырлы тірегі

Халқымызда: «Тілін білмеген – тегін білмейді» деген сөз бар. Бүгінгідей ел болып еңсе тіктеген тұста ана тілдің қадір-қасиетін арттырып, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру өте маңызды мәселе. Қазақ тілі – Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік тілі және ол барлық отандастарды ортақ мақсат-мүддеге топтастыратын ұлттық бірліктің басты факторы болып табылады.
Бұл міндеттер әрине мемлекеттік тіл – қазақ тілі арқылы ғана іске асырылмақ. Ал қазақ тілі – уақыт ағымынан алынған адамдардың өмірлік тәжірибесін, оның наным-сенімін, өмір салтын және шығармашылық қуатын көрсететін аса бай тілдердің бірі. Елімізде әр жыл сайын ұлтаралық қатынастарды нығайту мақсатында «Қазақстан халқының тілдері күні» мерекесі салтанатты түрде аталып өтуде. Еліміздің барлық білім мекемелерінде «Қазақстан халқының тілдері күні» мерекесі және «Мемлекеттік тіл» апталықтары дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. Мемлекеттік тілде, яғни, қазақ тілінде іс жүргізудің сапасы анағұрлым артуда. Олай болатыны, тіл – ұлттың жаны, рухы, оның бет-бейнесі, өткені мен бүгіні және болашағы, ұрпақ тәрбиелеуге ықпал ететін ең маңызды құрал.
Тіл – Тәуелсіздіктің айғағы. Тіл мен егемендік – егіз ұғым. Тіл – Тәуелсіздіктің қуатты тірегі, бірлік пен ынтымақтың жығылмас туы. Қазақ елі Тәуелсіз мемлекет болып орнағалы 30 жылдан асып барады. Тиісінше, қазақ тілі – мемлекеттік тіл болып жарияланды. Бізге тек осы ұстанымды жүзеге асыруға бар күш-жігерді аямай, еңбек ету қажет. Ел Тәуелсіздігінің ең маңызды нышаны – оның мемлекеттік тілі. Сондықтан, мемлекеттік тілді дамыту – бәрімізге ортақ міндет.
Ғұлама ғалым, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп тілдің ұлт үшін қандай маңызды құндылық екенін бір-ақ ауыз сөзге сыйдырған. Әлемде жаулап алушы елдердің озбырлығынан және үстемдігінен қаншама тіл жоғалып кетсе, қаншама тіл жоғалудың аз-ақ алдында тұрғаны мәлім. Сондықтан қазіргі жаһандану дәуірінде аз ұлттар мен ұлыстар өз тілдерін қорғап қалуға барынша күш салуда. Қазақстан Республикасы қазақ тілінің ғана емес, елімізде тұратын басқа да ұлттар мен ұлыстардың тілінің дамуына барынша жағдай жасап отыр.
Мемлекеттік тілдің қоғамдағы алатын орны ерекше. Мемлекеттік тіл мәртебесінің өсуіне, іс қағаздарының қазақ тіліне толық көшуіне әрбір қазақстандық азамат үлес қосуы керек. Көркем шығармаларды, поэзия мен драматургияны, сондай-ақ ғылыми әдебиет пен БАҚ материалдарын оқу арқылы қазақ тіліне деген құрмет пен жан-жақты түсінік қалыптасатыны белгілі.
Үкімет өзге де мемлекеттік, жергілікті, өкілді және атқарушы органдар Қазақстан Республикасының барша азаматтарының мемлекеттік тілді еркін және тегін меңгеруіне қажетті барлық ұйымдастырушылық жұмыстармен қатар, материалдық-техникалық жағдайлар жасалған.
Қоғам дамуының басқа салаларымен қатар, мемлекеттік тіл де тең дәрежеде дамуы қажет. Өйткені, ол мемлекет Тәуелсіздігінің баянды болуына негіз жасайтын басты құндылықтардың бірі болып табылады.
Мемлекеттік тіл – өсіп-өркендеп, бірлігі мен ынтымағы жарасқан елдігіміз бен теңдігіміздің қайнар көзі, кемелді келешегіміздің ұйытқысы. Бұл маңызды міндетке өзіміз ұйытқы болып атсалыспасақ, оған өзгенің жаны ашымасы анық. Демек, болашағымыз жарқын, мемлекет тұғырының биік болуы ең біріншіден өзімізге байланысты.

Айгүл ТӨРЕБАЕВА,
облыстық «Тілдерді оқыту орталығының»
аудандық бөлімшесінің меңгерушісі

Таңдаулы материалдар

Close