Basty bet
Қауіп қайдан демеңіз…
Ағымдағы жылдың қаңтардың 31 жұлдызында сағат 10.47 шамасында ауа райының қолайсыздығына байланысты (көктайғақ, көрінудің шектелуі, боран) Нұрлыкент ауылының маңында “Батыс Еуропа-Батыс Қытай” республикалық маңызы бар автожолының 567 шақырымында 26 авто- көліктің (оның ішінде 4 автобус, 13 жеңіл көлік, 9 жүк ГАЗель маркалы) қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алды.
Оқиға орнына аудан әкімі Жалғас Мұртаза, облыстық полиция департаментінің бастығы Арманбек Баймурзин, Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Руслан Орынбеков арнайы барды. Оқиға орнында аудан әкімдігі, ТЖ бөлімі, №7 өрт сөндіру бөлімі, медицина қызметі, полиция бөлімі қызметкерлері жұмыс атқарды.
Адам шығыны жоқ. Б.Момышұлы ауылындағы аудандық орталық ауруханаға сағат 17:45-ке дейін 26 адам жеткізілді, оның 4-і жан сақтау бөлімінде. Жағдайлары ауыр. Ауыр жағдайдағы бір науқасты санитарлық авиация арқылы облыс орталығына жеткізу ұйымдастырылды.
Автобус және жеңіл көліктегі жолаушылар (47 адам) Нұрлыкент ауылында Мәдениет үйінде орналасқан жылыту пунктіне жеткізілді. 18 адам (оның ішінде 2 бала) Тараз- Шымкент бағытындағы темір жол көлігімен жөнелтілді. 2 адам туыстарына Б.Момышұлы ауылына кетті. 3 адам өз көлігімен Шымкент қаласына қайтты.
Жылыту пунктіндегі жолаушылар ыстық тамақпен, төсек-орынмен қамтамасыз етілді.
Қауіп қайдан демеңіз… Сондықтан әр жүргізуші жылдамдықты асырмай, қашықтықты сақтап, сақ жүрулері тиіс.
Сонымен бірге ауа райына, жолдың жабылуына байланысты ескертулерді назарда ұстаған қапы қалмайды.
Жолға жауапты мекемелерде өз қызметіне жауапкершілікпен қарауға міндетті.
“Жаңа өмір”- ақпарат